М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің болашақ заңгерлері облыстық полиция департаментінде болды. Тәртіп сақшылары оларға қылмыс орнында заттай дәлелдемелер жинау жұмыстары қалай жүргізілетінін көрсетіп, тергеу процесінің ерекшеліктерімен таныстырды.
Экскурсия алаңы – жедел-криминалистикалық басқармасының полигоны. Мұнда нақты заттар мұражайы, сонымен қатар практикалық сабақтарға арналған экспонаттар бар. Тәжірибелі криминалистердің бірі Александр Хлевов оқу ордасының үшінші курс студенттерін қару-жарақтың бай қорымен, соның ішінде қылмыс орындарынан алынған заттармен таныстырды, криминалистердің қандай қылмыстарды зерттеп жатқанын айтты. Жеке бөлмеде ормандағы және кеңседегі қылмыс орындары имитацияланған. Студенттер криминалистердің практикалық дағдыларды қандай макеттерде қолданатынын өз көздерімен көрді.
Сонымен қатар болашақ заңгерлер тергеуші Камила Дәулетбаеваның кабинетінде болды. Ол талдамалық жұмыстармен айналысады, сонымен қатар тергеу-жедел тобының құрамында тәуліктік кезекшілікке үнемі қатысады. Полиция аға лейтенанты қылмыстық істі электронды форматта жүргізу ерекшеліктерін көрсетті.
“Болашақ тергеушіге апарар жол” челленджі шеңберінде студенттердің дайындық деңгейін арттыруға бағытталған кездесулер, дәрістер, экскурсиялар және басқа да іс-шаралар өткізілуде.
Әсет ҚАНАФИН.