Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі кезекті баспасөз мәслихатында облыстық денсаулық сақтау басқармасының өткен жылғы жұмысы қорытындыланып, осы жылы жүзеге асырар жоспары баяндалды. Басқарма басшысы Құмар Күсемісов медициналық қызмет көрсету барысына, өзекті мәселелерге тоқталды.
Өңірімізде медициналық қызмет көрсету саласында 5699 маман еңбек етсе, оның 1248-і дәрігер, 4451 – орта медицина қызметкері. Десек те, кадр тапшылығы айқын сезіледі. Бүгінде 157 дәрігердің орны бос тұр. Медицина саласындағы осы мәселені шешу үшін мемлекет тарапынан жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, өткен оқу жылында республикалық бюджеттен 152, жергілікті бюджет есебінен сұранысқа ие 60 маманға тапсырыс берілген. Соңғысы бойынша 46 маман даярлауға шарт жасалған.
Басқарма басшысы мамандарды әлеуметтік қолдау жақсарғанын айтты. Ауылдық жерге жұмыс істеуге аттанғандар – 2,5 млн., қаланы таңдаған жас мамандар – 1,5 млн. теңге мөлшерінде қосымша көмек алады. Медициналық ұйымдардың бюджеттен тыс қаражаты есебінен 1 миллионнан 3 миллион теңгеге дейінгі аралықта көтермеақы беру шарасы да бар. Биыл ондай мүмкіндікті 80 қалалық, 9 ауылдық дәрігер пайдаланған.
Өңірімізде қатерлі ісікке шалдығушылардың қатары артты. Көңілге медет болатыны, осы аурудан ажал құшқандардың көрсеткіші азайыпты. Адамдардың емханаға тексерілу дағдысы жақсарып, ауруды ерте анықтау мәселесі оңалған. Қатерлі ісікке шалдыққандардың өмір сүру көрсеткіші ұзарған. Туберкулездің эпидемиологиялық жағдайы тұрақты. Өткен жылы 210 адам осы ауруға шалдығып, 14 науқас өмірден өткен.
Былтыр облыста 5848 нәресте дүниеге келді. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда төмен. Өйткені 2021 жылы 6550 бала өмір есігін ашқан еді. Онсыз да демографиясы төмен өңірде бір жасқа дейінгі балалардың шетінеуі жиілеген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісов алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр сәби өлімі 1,88 пайызға артқанын айтты. Пайызды санмен жазсақ, былтыр 62 сәбидің ата-анасы зар қағып қалды. “Өлімге әкелген себептердің 47 пайызы перинаталдық кезеңде пайда болатын аурулар, 21 пайызы – туабітті ауытқулар”, – деді басқарма басшысы.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.