«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қызылжарда жасалған техникаларға сұраныс жоғары

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

Петропавлда “Агро Қызылжар” ауыл шаруашылығы техникаларының республикалық көрмесі ұйымдастырылды. Оған елімізге танымал “СТО-Агро”, “Казростселмаш”, “Агромаш”, “Батыр СК”, “Байдала”, “Севтепломаш”, “Дон Мар” сияқты ірі компаниялар қатысты.

Көрменің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов жергілікті агроөнеркәсіп саласы мем­лекет тарапынан үлкен қолдауға ие болып отырғанын, көрме өткізу мақ­саты диқандар үшін ортақ диалог алаңын құра отырып, қолжетімді, за­манауи техникалармен жан-жақты таныстыру болып табылатынын атап өтті.

Көрмеге жүзден астам әртүрлі мар­калы техникалар қойылған. Олар­дың арасында егіс кешендері, шетелдік комбайндарды, алымды жат­­калар бар. Әсіресе отандық өнімдерге барынша басымдық бе­рілген. Бір сөзбен айтқанда, диқан­дар қауымы көктемгі, күзгі дала жұ­мыстарын кеңінен қолданылатын техникалардың жаңа түрлерімен та­нысуға мүмкіндік алды. Екі тарапқа да тиімді шара барысында делдалсыз тікелей ұсыныстар жа­салып, тәжірибе алмасып жатты. Әлемге әйгілі неміс комбайны – “CLAAS”-тың Петропавл қаласында құрастырылатыны белгілі. Шаруашылық жетекшілері өнімділігі жоғары, бағасы қолжетімді техника жай­лы жан-жақты білмекке асықты. Ше­телдерден сатып алынса, айтарлықтай қымбатқа түсері анық. Соған қарағанда, отандық өнімге деген сұраныс жоғары екенін аңғардық. Мәселен, Ақжар ауданындағы “Бекет” шаруа қожалығының басшысы Марат Шәпенов көрмеге арнайы ке­ліп, компаниялармен келісімшарт жа­самақ ниетте екен.

Облыс орталығында орналас­қан “TT-ENCINEERING” кәсіпорны өз ісін жаңа бастаса да, біраз тәжірибе жи­нақтап қалғаны байқалады. Кәсіп­орын директоры Талғат Кенже­баев тіркемелі, дискілі, екі­қатарлы тырмалар, көтермелі соқа­лар топырақтың ылғалдылығын жоғалтпай қопсытуға өте қолайлы екендігін айт­ты. “Казтехмаш” машина жа­сау зауыты астық жинайтын “Sampo Roseniew” комбайндарын жергілікті жерде құрастырыпты. Соның бірі – “Sampo-C-12” техникасының қуаттылығы 300 аттың күшіне тең. Жаткасының ұзындығы тоғыз метрге дейін жетеді. Бункерінің сыйымдылығы 7, 6 тонна, бағасы – 110 млн. теңге.

Қостанай облысында жұмыс іс­тейтін “Сатурн Агро” ғылыми-өндірістік кәсіпорны астық тазалайтын ке­шенді жабдықтар шығаруға маман­данған. “РБС-60” қондырғысының құны – 18 млн. теңге.

Түстен кейін өңір басшысы Ай­дарбек Сапаров ауыл шаруашы­лығы техникалары көрмесін аралап көріп, кейін көктемгі егіс науқанына арналған семинар-кеңес­ке қатысты. Ол жөнінде толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp