“Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының мәліметінше, Петропавл маңында Есіл өзенінің суы төмендей бастады. Өткен тәулікте гидрологиялық бекеттегі су деңгейінің көрсеткіші 4 сантиметрге азайған. Өзен суы Покровка елді мекені маңында 20 сантиметрге дейін түсті.
Ал Тоқсан би ауылының маңындағы гидрологиялық бекетте керісінше Есіл өзені деңгейінің – 4, ал Сергеевка қаласы жанында – 16, Сергеев су қоймасында 10 сантиметрге көтерілгені байқалған. Гидрологтардың айтуынша, бұған Ақмола облысынан келген су себеп болып отыр.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент баспасөз қызметінің мәліметінше, “Челябі – Новосібір” халықаралық маңызы бар автожолының 528 километрі әлі су астында. Петропавл маңында орналасқан 685 саяжай учаскесіне су кірген.
“Қазақстанның Қызыл жарты ай” қоғамы облыстық филиалының директоры Сәуле Оразованың айтуынша, өңірде төтенше жағдай жарияланбағандықтан биыл саяжайларын су басқан тұрғындарға көмек берілмейді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.