«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕК МҰРАТҚА ЖЕТКІЗЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық ардагерлер кеңесі еңбек ардагерлерінің басын қосып, “Мен еңбегіммен мақтанамын!” деген атаумен салтантты жиын өткізді. Қоғамда ерен еңбегімен танылған аға буын өкілдері аз емес. Ардагерлер кеңесінің басты мақсаттарының бірі – еңбегімен елін, жерін көгерткен аға буынды жас ұрпаққа үлгі ету. Солардың басын қосып өткізілген шараға зейнет демалысына шыққандар да, қызметтен қол үзбегендер де жиналды. Олардың арасында тракторшы – Қазиза Кеңесбаева, ұстаз – Алтыншаш Тайшабаева, орманшы – Теміржан Сәкенов, жол құрылысшылары – Яков Веряскин мен Валентин Вист, тігінші – Райхан Сағындықова, ауыл еңбеккері – Виктор Василенко бар. Бұл күні осы жеті адамға ерекше құрмет көрсетілді.

– “Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын” дейді халқымыз. Өңірімізде ерен еңбегімен танылып жүрген адамдар аз емес. Өткен тарихқа көз жүгіртсек, 115 солтүтікқазақсандық Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған. Мұндай жоғары мәртебеге туған жерін жан-тәнімен сүйетін, рухани құндылықтарды жоғары бағалайтын адамдар ғана қол жеткізе алады. Ондай қасиеттерді жас буынның бойына сіңіру маңызды, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов.

Құрметті қонақтардың бірі – Қазиза Қожанқызы ерге лайық мамандықты таңдап, қырық жыл ауыл шауашылығы техникаларын тізгіндеген. Еңбекке 17 жасынан араласқан ол КСРО мемлекеттік сыйлығы мен “Еңбек Қызыл Ту” орденінің иегері, КСРО халық депутаттары съезіне делегат болған жан. Биыл 80 жасқа толып отырған ардагердің еңбек жолын жыр етсек, дастан жазылары сөзсіз.

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның құрметті азаматы Алтыншаш Жұлдызбекқызының білім саласына қосқан еңбегі өлшеусіз. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берген, мектепте және аудандық әкімдікте басшылық қызметтер атқарған нәзік жанның еңбек өтілі – 42 жыл. Әлі де қоғамға өз пайдасын тигізіп, еңбектен қол үзбей келеді. Ол өзінің өмір жолын “Сүйікті кәсіп – алынар асулар – ой мен іс еркіндігі” деген қағидаға бағындырады.

Сәкеновтер отбасында орман шаруашылығындағы қызмет әкеден балаға берілген мирас іспетті, әулеттің осы саладағы жалпы еңбек өтілі – 200 жыл. Ал Теміржан Қалжанұлының саладағы қызметі 45 жылды құрайды. Ол орманшының оқуын оқып, жиырма жасында кәсіпті қолға алған. Айыртау ауданы “Орлиногорск” орман шаруашылығындағы еңбек өтілі – жиырма тоғыз жыл. Ол орманшылықтан бастап, директорлық қызметке дейін көтерілген. Жайқалған желек пен баурайында жүгірген аң-құстарды сақтап, көбейтуде Теміржан Қалжанұлының сіңірген еңбегі зор.

Биыл зейнет жасына жетіп отырған Райхан Сағындықованың да еңбек жолы өнегеге толы. 1986 жылдан бері тігіншілік кәсіпті өзіне нәсіп еткен жан мамандық таңдауда еш қателеспегендігін мақтанышпен айтады. Кезінде облыстың ірі кәсіпорындарының бірі болған “Комсомолка” тігін фабрикасына бойжеткен жасында келіп, сонда үздіксіз еңбек етуде. Бүгінде фабрика “Прогресс” деп аталады. Осы жылдар ішінде Райхан Сүлейменқызы қаншама жас әріптесіне мамандықтың қыр-сырын үйретті.

Тимирязев ауданының тұрғыны Виктор Василенко “Степной” кеңшарында тракторшы болып еңбек жолын бастаған. 40 жасында Ресейдің Қорған мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын тамамдап, агроном атанып, кейін “Интернационал” кеңшарының директоры қызметін атқарған.

Еңбекқорлығымен, бастамашылдық мінезімен жастайынан көзге түскен Яков Веряскин еңбек жолын “Октябрський” ірі кеңшарының бас инженері қызметінен бастаған. Жиырма алты жасында жол құрылысы мекемесінің басшылығын өз қолына алыпты. Яков Емельяновичке 2005 жылы “Қазақстанның үздік жол құрылысшысы” деген атақ берілген. Ол – Шал ақын ауданының құрметті азаматы.

Еңбегі еленгендердің бірі – Валентина Вист. Есіл ауданының тұрғыны бухгалтерлік қызметті 1974 жылдан бастаған. 1994 жылдан аудандық автожол мекемесінің бас бухгалтері міндеттерін жауапкершілікпен атқарған. Талай рет ерлермен бірге салынып жатқан жолдың бойында ауа райының қолайсыздығына, іңір түскеніне қарамастан жүрген кездері әлі есінде. Жүктелген міндетке деген жауапкершілігі Валентина Ивановнаны ортасына сыйлы етті.

Олардың еңбек жолын, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін жерлестері жоғары бағалайды. Еңбек ер атандырады деген осы болар.

Шара барысында еңбек ардагерлеріне игі тілектер айтылып, бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp