«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОРЫНДАЛҒАН АМАНАТ

Бектұрған Лақадыл

 turgan_bek84@mail.ru

Еліміздегі “Atamnyn Amanaty” қо­ғамдық бірлестігі – Екінші дүниежүзі­лік соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық сарбаздардың жерленген жерлерін табу және олар­дың есімін жұрт жадында мәңгілікке сақтау ісі бойынша іздестіру жұмыстарымен айна­лыса­тын жалғыз ұйым. Ұйым 2019 жылы Қазақстан Республикасы Қа­рулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Қорғаныс ми­нистрлігінің көмегімен және зұлмат соғысқа қатысушы елдердің елшіле­рінің араласуымен құрылған еді.

Іздеу қызметіне Қазақстаннан және басқа елдерден еріктілер тар­тылған. Тек 2020 жылы хабар-ошарсыз кеткендерді іздеу бойынша 3000-ға жуық өтінім келіп түскен. Бірлестіктің арқасында 600-ге жуық қазақстандық сарбаздың жерленген орны табылып, туысын іздеушілер Будапешт, Волгоград, Санкт-Петербургке барды.

– Ұйым құрылған бір жылдың ішінде бірлестік Ресей мен Ук­раинада табылған жерлестеріміздің сүйегін елге жеткізуге жәрдемдесті. Мәселен, Украинаның Киев қаласы­нан Астанаға Қайыржан Тікшекеевтің сүйегі жеткізілді. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен марқұмның сүйегі Айыртау ауданы Дәуқара ауылында жөн-жоралғысымен жер қойнына тапсырылды, – деген “Atamnyn Amanaty” қоғамдық бірлестігі басқарма төрағасының орынбасары Райгүл Мұшанова ұйым Ресейдің “Ыс­тық жүрек – 2020” қоғамдық мем­лекеттік бастамасы сыйлығымен марапатталғанын атап өтті.

Қайыржан Тікшекеев – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен жауынгер. Оның қаза болған жерін Украинаның “Вертикаль” атты іздеу бөлімі тапқан. Олардың айтуынша, Макаров ауда­нында иен далада қазба жұмысымен айналысып жүргендер соғыс кезінен қалған жауынгерлердің сүйегіне тап болған.

Алдымен жауынгердің жеке сәйкестендіру белгісіне сараптама жасалған. Нәтижесінде сарбаздың Қайыржан Тікшекеев атты қазақ жауынгері екені нақтыланған. Сүйек табылған жер бауырластар зираты емес, егістік алқабы көрінеді. Киев қаласын қорғау үшін болған ұрыс даласы сияқты. Қазақстан елшілігімен байланысқа шығып, жауынгердің сүйегін Қазақстанның әскери атташесіне табыстаған. Ук­раина майданында қаза тапқан жауынгердің немересі Марат Тікше­кеев атасы Қайыржанды әжесі де, әкесі де өмір бойы іздегенін айтады.

– Атамызды іздегенімізге сексен жылға жуық уақыт болды. Ол 1941 жылы ақпан айында Айыртау ауданы, Дәуқара ауылынан әскер қатарына алынған. Соғыс басталған кезде ұрыс даласына жөнелтіледі. Қайыр­жан атамызды әжем де, әкем де өмір бойы сарыла күтті. Туыстарымыз Мәскеуге де барды. Олардан кейін атамды іздеу аманаты маған бұйыр­ды. Украинадағы іздеуші топқа, “Atamnyn Amanaty” қоғамдық бірлес­тігіне және басқа да көмектескен адамдарға алғысымды білдіремін, – дейді жауынгердің немересі Марат Тікшекеев.

Қазіргі таңда “Atamnyn Amanaty” қоғамдық бірлестігі “Есімін қайтару” халықаралық жобасы аясында да жұ­мыс істеп жатыр. Аталған халықара­лық жобаның жетекшілері Украинадағы “Славута” концлагері тұтқында­рының деректері жазылған тізімді тауыпты. Бұл концлагерь әскери тұт­қындарға арналған. Онда түскендердің тағдыры қандай болғаны айтпасақ та түсінікті. Тұтқын дәрігер мен оның жақтастары концлагерь ауруханасында қайтыс болғандардың есімдерін жасырын түрде жазып отырған. Көп ұзамай тұт­қында болған дәрігер атылып кетке­німен, бұл жұмысты басқалары жал­ғастырған. Осылайша көптеген сар­баздардың есімдері мен олардың тағдыры жайлы мәлімет сақталыпты. Тізімде концлагерьде 1944 жылға дейін қаза тапқан 20000 адамның есімі бар. Оның ішінде 2000 қазақ­стан­дық туралы мәлімет жазылған. Қазіргі уақытта “Atamnyn Amanaty” қоғам­дық қорына барлық мәлімет жинақ­талған 150 қазақстандық жауынгер­дің тізімі беріліпті. “Есімдерін қайта­ру” жобасының өкілдері табылған мұрағаттық құжаттарды ретке келтір­геннен кейін, қалған жауынгерлер туралы да мәлімет береді. Қазір қоғамдық бірлестік өкілдері “Славута” әскери концлагерінде болған жауын­герлердің туыстарын іздестіруде.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp