Петропавлда “Жедел жәрдем” қызметкерлері жаңа туған нәрестені өлім аузынан аман алып қалды.
Облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығының директоры Юрий Белоногтың айтуынша, 103 нөміріне 19-шы шағынауданда “Нива” көлігінде әйелдің босанғандығы туралы хабар түседі. Оқиға орнына фельдшер Александр Рема мен “Жедел жәрдем” көлігінің жүргізушісі Амангелді Тұрғымбаев жеткен. Нәрестенің кіндігі мойнына оралып қалыпты. Фельдшер шақалақты құтқаруға кіріседі.
“Сәбидің салмағы – 2 килограмм 700 грамм. Маман нәрестені құтқару шарасын PALS стандарты бойынша “Жедел жәрдем” көлігінде жүргізген. Нәтижесінде 5-6 минуттан кейін шарана өздігінен дем алды”, – дейді Юрий Белоног.
“Жедел жәрдем” көлігі нәрестені аман-есен перинаталдық орталыққа жеткізіп, мамандарға табыстады. Ана мен бала бірден жансақтау бөліміне жатқызылып, оларға реаниматологтар мен неонатологтар тиісті көмек көрсетті.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.