«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жерге жауапсыз қарайтындар көп

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Атакәсіпті нәсіп етіп, төрт түлік малдан табыс тауып отырған ауылдағы ағайынның жаз шыға жайылымдық жер таппай қиналатыны жасырын емес. Елді мекендердің айналасындағы жердің жекеменшікке өтіп, біразының дұрыс пайдаланылмай жатқаны қарапайым халықтың қолын байлауда. Мал азығының күн сайын қымбаттап бара жатқанын айтпағанда, төрт түліктің өрісінің тарылуынан кей ауылдардағы отар-отар қойдан бүгінде ондағаны ғана қалғанын осы салада жүрген мамандар да растап отыр. Бұлай жалғаса берсе даламыздағы мыңғырған мал елеске айналып, онсыз да шаруасы тұралап тұрған елді мекендердің тамырына балта шабуы мүмкін. Қорадағы малының азаюы осы кәсіппен күн көріп отырған қарапайым халықтың да қалтасына салмақ түсіріп, қалаға көшуін жеделдетеді. Жер мәселесін реттеу үшін әр өңірде өз жұмысын бастаған “Amanat” партиясының жанындағы “Жер аманаты” комиссиясы облыс орталығында өзінің кезекті отырысын өткізді. 2022 жылғы есеп бойынша ел аумағында мемлекетке 3 млн. гектар жердің қайтарылуына себеп болған комиссия биыл да бұл жұмысты жалғастырмақ. Атқарылар жұмыстың бәрі жерді барынша тиімді пайдалануға сеп болып, ауыл шаруышылығының өркендеуіне оң әсер етеді деп күтілуде.

Партияның облыстық филиалында өткен отырыста былтырғы жылы өңірімізде 304,1 мың гектар жердің мемлекет меншігіне өткені мәлім болды. Бүгінде осы жердің 40 мың гектардан астамы шаруаларға жалға, тағы 40 мыңы ауыл тұрғындарының игілігіне беріліпті. Ал қалған 223,4 мың гектар жер алдағы уақытта елді мекендегі халықтың пайдасына жарамақ.

– Облыс әкімінің тапсырмасына сай жерді мемлекетке қайтару үшін құрамына түрлі ведомствоның мамандары кірген 27 адамнан тұратын топ жұмыс істеуде. Осы уақытқа дейін арнайы топтың 12 отырысы өтті. Өткен жылдың жоспары 1,4 пайызға артық орындалды. Алынған жердің 26 мың гектары егістік болса, 260 мыңы жайылымдық мақсатта пайдалануға жарамды. Бұл жерлер шаруалар мен ауыл тұрғындарының игілігіне берілуде, – деді отырыста баяндама жасаған облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасына сай биыл аймақтағы пайдаланылмай жатқан 330 мың гектар жер қайтарылуы тиіс. Әзірше бұл жоспар тек 13 пайызға орындалған. Алдағы уақытта аудан әкімдіктері жауапсыз тұлғалармен келісімшартты бұзып, 17 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарады деп болжануда. Қазіргі уақытта 27,5 мың гектар жерді мемлекет меншігіне өткізу үшін сотқа 121 арыз жолданыпты. Жақын күндері тағы 50 жер телімі бойынша арыздар соттың қарауына жіберіледі.

Жалпы өңіріміздің жер көлемі 9,8 млн. гектарды алып жатса, соның 74 пайызы ауыл шаруашылығы мақса­тына арналған. Елді мекендердегі тұр­ғындарға мал жаю үшін осының 812 мың гектары беріліпті. Бейінді бас­қарма мамандарының облыс­тағы төрт түлік санына сай есептеп шығарған көрсеткіші бойынша жайы­лым жеткіліксіздігі жарты миллион гектардан асып отыр. Мейрам Мең­ді­баев осы күнге дейін жайылым жетіспеушілігін жою үшін 591 мың гектар жер халық игілігіне берілгенін айтты. Бұл орайда агроқұры­лымдармен жасалған мемарандумдар да үлкен нәтиже беріп отыр.

Жайылым аумағын кеңейту бойын­­ша Тайынша ауданы алда тұр. Ондағы 14 елді мекеннің мал өрісі кеңіген. Ақжар ауданында – 40, Мам­лют ауданында 9 ауылдың тұрғын­дары қайтарылған жерге мал жаюда.

Комиссия отырысына қатысқан жер ресурстарын басқару департамен­тінің басшысы Бақытжан Бекіш болса пайдаланылмай жатқан жерді қайтару бойынша биылғы жоспар­дың толық орындалатынын айтып, жыл басынын бері атқарылған істер­дің қорытындысын шығарды.

– 2023 жылы ауыл шаруашы­лығы жерлеріне 16 тексеру жүргізіліп, соның 11-інде заң бұзушы­лық­тар анықталды. Нәтижесінде тиісті органдарға ұйғарымдар жіберіліп, 8-іне айыппұл салынды. Тексеру бары­сында 17,4 мың гектар аумақтың дұ­рыс пайдаланылмай жатқаны мәлім болды. Келісімшарттардың күшін жою үшін биыл сотқа 29 арыз жол­данды, – деді ол.

Жоғарыда келтірілген көрсеткіш­терге қарамастан, кей аудандарда бұл жұмыс сылбыр жүруде. Мәсе­лен, Ғабит Мүсірепов атындағы ау­данда 2,4 мың, ал Шал ақын ауда­нында небәрі жарты мың гектар жер қайтарылған. Өткен төрт айдың жоспары тек өңірдің жеті ауданында ғана толық орындалыпты.

“Қазақстан ғарыш сапары” веб-порталының екі ай бұрын ұсынған соңғы деректеріне сүйенсек, өңірдегі 917,3 мың гектар жайылым бос жа­тыр. Ал оның 522 мың гектарына, тіпті мал тұяғы тимейді екен. Қалған аумақтағы жүктеме 20 пайыздан аспайды. Облыстық жер ресурс­тарын басқару департаменті жоға­рыдағы деректерді жұмыс бары­сында пайдалану үшін аудан әкім­діктеріне жіберген.

Сонымен қатар отырыс бары­сын­­да ауылдағы ағайынның арыз-шағымы да тыңдалды. Қызылжар ау­данындағы Чапаево ауылының тұр­ғындары жайылымдық жердің тап­шылығына шағымданса, Шахав­скоеде жер үлестері үшін “Крахмал Агро” жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінен төлемақыларын ала ал­май жүргендер бар. Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы Ялты ауылы­ның және Шал ақын ау­данындағы Балуан ауылының тұр­ғындары өз­дерінің келісімінсіз сатылып кеткен жерлерін қайтаруды сұрады. Кей аза­маттар заңгерлердің көмегіне жүгін­ді. Мамандар олардың бәріне бағыт-бағдар берді.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp