«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАУЛАҒАН ҚАМЫС — ӨРТКЕ СЕБЕП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық әкімдікте өткен аппараттық кеңес отырысы кадрлық тағайындаудан басталды. Өңір басшысы Айдарбек Сапаров жиналғандарға Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жаңа бастығы Әділет Мұстафинді таныстырды.

Жиында қаралған алғашқы мәселе – өңірдің қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және жергілікті бюджеттің орындалуы. Бұл жөнінде облыстық экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов баяндама жасады. Оның айтуынша, кей аудандарда кәсіпкерлер көкөніс өсіруге аса құлшыныс танытпай отыр. Инвестиция тарту бойынша алғашқы тоқсанда атқарылған жұмыс көңіл көншітпейді. Сондай-ақ жалақының аздығы, өндірістік нысандардың іске қосылмауы, құрылыстың баяу жүргізілуі де жоспарланған жұмыстардың жүзеге асырылуына қолбайлау болуда.

– Жыл басынан бері жоспарланған 496 млрд. теңге инвестицияның бүгінде бар-жоғы 83 млрд. теңгесі ғана қазынаға құйылды. Жергілікті бюджет қаржысын игеруде де олқылықтар кездесуде. Биыл Петропавл қаласы бойынша 331,1 млн. теңге игерілді, ол 96 пайызды құрады, – деді облыстық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант.

Облыс әкімі өзінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовке бұл мәселені бақылауына алуды тапсырды.

Аппараттық кеңес отырысында өрт қаупі және шомылу маусымына дайындық туралы да айтылды. Өкініштісі, облыста төтенше жағдайлардың салдарынан өлім-жітім көрсеткіші өзге өңірлерге қарағанда едәуір жоғары.

– Соңғы 3 жылдың ішінде өңірде 2180 өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 867 млн. теңге көлемінде шығын келді. Бұл – тиісті шаруаның толық атқарылмағанының белгісі, – деді облыс әкімі.

Жұмыстың сылбыр жүргізілуіне бірден-бір дәлел – қаулаған қамыстың шабылмауы. Салдарынан мамырдың басында “Береке” шағынауданында алапат өрт болды. Тұрғындар үйлерінен, дүние-мүліктері мен құжаттарынан айырылды. Мағжан Жұмабаев ауданында да жағдай мәз емес. Жергілікті агроқұрылымдардың бірінен үш рет өрт шыққан. Қасақана от қойылуы мүмкін деген де болжам бар. Осындай олқылықтар орын алғаны үшін өңір басшысы қала әкімі Руслан Аңбаев пен Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі Қайрат Омаровқа сөгіс жариялады.

Жиында биылғы суға шомылу маусымы жайы сөз болды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камаловтың сөзінше, соңғы 10 жылдың ішінде өңірде 216 адам суға кеткен, оның 34-і – бала. Қайғылы жайттардың дені ішімдік ішкен адамдардың қатысуымен болған. Облыс әкімі өрт пен өзен-көлдердегі адам шығынын болдырмау үшін жауапты мекемелерге алдын алу жұмысын күшейтуді тапсырды.

Отырыста қаралған үшінші мәселе – оқу жылының тамамдалуы және балаларды жазғы демалыспен қамту.

– Облыстық білім басқармасы үстіміздегі жылдың 25-ші тамызына дейінгі мерзімде білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін конкурстық рәсімдерді өткізуді бақылауға алуы қажет. Қажетті қаржы бөлінді. Сіздер конкурстық рәсімдерді уақытында өткізіп, барлық мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз етулеріңіз керек, – деді Айдарбек Сапаров.

Байболат ҚҰЛТАНОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp