«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕГЕМЕНДІКТІҢ БЕЛГІСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекеттік рәміздер – бұл кез кел­ген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін атрибут­тар. Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы және Әнұраны ұлт­тық болмыс ерекшеліктерімен сипат­талып жасалған. Бұл рәміздерді жа­саушылар үлкен шы­ғармашылық ізденіс танытқаны байқалады.

Қазақстан Республикасы Мемле­кеттік туының авторы – Қазақстан­ның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков. Тәуелсіз Қазақ­станның Мемлекеттік Туы ресми түр­де 1992 жылы қабылданды. Көгілдір түсті тудың ортасында шұғылалы күн, астында қалықтай ұшқан қыран, сабының тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. “Әзірлік барысында бірнеше шығармашылық сәттерді еске алғым келеді. Бәрінен бұрын, мен үшін ең бастысы Тудың түсі болды. Мен біздің мемлекеті­міз­дің көп ұлтты, онда өмір сүріп жатқан барлық халықтың тең құқылы екенін ойлап, көк түсті таңдап алдым. Аспан – ол бөлуге келмейді, ол баршамыз үшін бірдей. Сол себепті де көк түсті таңдадым. Алайда көк аспанның күн­сіз болуы мүмкін бе? Күнді бердім. Ал Қазақстанның қандай болуы тиіс екен­дігін ұзақ ойландым. Қыранға тоқтадым. Тұңғыш рет өз тәуелсізді­гін алған мемлекет әлемде жоғары деңгейге көтерілді және оны еркін бостандықтың символы тәрізді қана­тын кеңге жайып, қалықтаған қыран бейнесімен бердім. Ал біздің туымыз көптеген елдерде, өзге мемлекеттік ту­лармен қатар Біріккен Ұлттар Ұйы­мында желбіреген кезде, “Бұлардың ішінде қазақстандық ту қайсы?” деп сұ­рауы мүмкін. Сол себепті тудың са­бының тұсына ұлттық өрнекті нақыш­тадым, – дейді Мемлекеттік Тудың ав­торы Шәкен Ниязбеков жеке мұра­ға­тындағы бейнежазбада.

Қазақстан Республикасы Мемле­кеттік Елтаңбасының авторлары – бел­гілі сәулетшілер Жандарбек Мә­лібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Еге­менді Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылдан­ды. Оның ортасында көгілдір түс ая­сында шаңырақ бейнеленген, шаңы­рақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған, оны аңыздарда­ғы пырақтар қанаты көмкеріп тұр. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты жұлдыз, төменгі бөлігінде “Қазақ­стан” деген жазу бар. Барлық өрнек пен жазу – алтын түстес.

Автордың бірі Шота-Аман Уәли­ханов шаңырақты түсінде көріпті. Екінші автор Жандарбек Мәлібеков Елтаңбаны жасау барысында Кемал Әкі­шовтің “Алтын адам” кітабына жүгіне отырып, қанатты пырақтың аңыздық бейнесін көшпенді адам нышаны ретінде алады. Суретшілердің түпкі идеясын қысқаша сипаттасақ, Елтаңбадағы басты белгі уықтар – Қазақстанда түрлі этностар өмір сү­ретіндігінің белгісі, ай мүйізді, қос қа­натты пырақ – қазақтың батырлығы мен ержүректігін бейнелейді, нышан­ның төбесінде бесбұрышты жұл­дыз – Тәуелсіз Қазақтанның құшағы бес құрлыққа да айқара ашық екендігін білдіреді.

Тәуелсіз Қазақстанның тари­хында еліміздің мемлекеттік Әнұра­ны екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді. Мемлекет егемендігін ал­ған соң, Қазақстан әнұранының му­зыкасы мен мәтініне байқау жария­лан­ды. Байқау қорытындысы бойын­ша Қазақ КСР әнұранының музыка­лық редакциясын сақтау туралы ше­шім қабылданды. Осылайша тәуелсіз Қазақстанның алғашқы әнұраны­ның музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Соны­мен қатар үздік мәтінге жарияланған бай­қауда авторлар ұжымы, белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.

Елдің дыбыстық рәмізінің таны­мал­дығын арттыру мақсатында 2006 жылы жаңа мемлекеттік Әнұран қа­былданды. Оның негізі ретінде ха­лық арасында кеңінен танымал “Ме­нің Қазақстаным” патриоттық әні таң­дап алынды. Белгілі композитор Шәм­ші Қалдаяқов бұл әнді 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзі­не жазған болатын. Әнге мем­лекеттік Әнұран жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туынды­ның бастапқы мәтіні өңделді. Қазақ­стан Парламенті 2006 жылы 6 қаң­тарда палаталардың бірлескен оты­рысын­да “Мемлекеттік рәміздер ту­ралы” Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа мемлекеттік Әнұра­нын бекітті.

Мемлекеттік рәміздер – ата-баба аңсаған Тәуелсіздігіміздің басты бел­гілері. Осы үш нышанды айдай әлем­ге көрсете отыра, өзіміздің елдігі­мізді, егемендігімізді, ерік-жігерімізді танытамыз.

Орал ҚҰСАЙЫНОВ,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың оқытушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp