Өңіріміздің “Жедел жәрдем” қызметкерлері өздерін қорғау үшін шақыртуға барған кезде енді аудио және бейне жазба жүргізеді. Қанатқақты жоба жуырда іске қосылды.
Облыстық Жедел медициналық көмек көрсету орталығының директоры Юрий Белоногтың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігінің “Жедел медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы” бұйрығына сәйкес Жедел медициналық көмек көрсету орталығының қызметкерлері шақыртуларға аудио және бейнетіркеу құрылғыларымен барады.
“Бұл жоба әзірге қанатқақты режімде жұмыс істейді. Қажетті құрылғымен 5 бригада жабдықталған. Бұл жаңашылдықты “Жедел жәрдем” қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жедел медициналық көмек көрсету сапасын арттыру мақсатында қолға алдық”, – дейді Юрий Белоног.
Аудио және бейнетіркеу пациенттің немесе оның заңды өкілінің келісімімен ғана жүргізіледі.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.