Өңірде он шақты күннен бері термометр бағаны +35 градустан түспей тұр. Аптап ыстық тұрғындардың мазасын қашыруда. Әсіресе жүрек-қан тамыр аурулары барларға қиын соғуда. “Жедел жәрдем” қызметінің көмегіне жүгінушілер саны күрт артқан.
Облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығының директоры Юрий Белоногтың айтуынша, күннің ыстығы ақ халатты жандардың да жұмысын көбейтіп отыр. Бұл күндері тәулігіне 450-500 шақырту түседі. Оның шамамен 150-і жүрек-қан тамырларының аурулары – инсульт, инфаркт, гипертония.
“Ағзаға су жетпеген кезде қан қоюланып, дұрыс жүрмейді. Инфаркт, инсульт алғандардың саны артып отыр. Созылмалы дерті барларға күн астында көп жүру қауіпті. Көбірек су ішкен дұрыс. Ал жүрек-қан тамыры ауруларымен ауыратындар міндетті түрде артериалдық қысымды төмендететін дәрілерді, антиаритмиялық, антикоагулянттарды пайдаланулары қажет”, – дейді Юрий Белоног.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.