Петропавлдық жас жеткіншектердің жазғы демалысын қызықты да пайдалы ету үшін облыс орталығындағы Оқушылар сарайында “Жазғы академия” өз жұмысын бастады. Екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып жатқан лагерьде 7-14 жас аралығындағы жеткіншектерге ІТ-саланың жаңашылдықтары, ғылыми зертханалар, бизнес-мектеп, көркем-эстетикалық бағыттар бойынша дәрістер оқылып, тәжірибе жүргізу үйретіледі. Жаз бойы мыңға жуық баланы қамту жоспарланған.
Өткен жылы барлық бағыттар бір уақытта қамтылған болатын. Биыл ол форматты өзгерттік. Жоспарланған бес маусымның әрқайсысы белгілі бір бағыт бойынша ұйымдастырылады. Бала өзіне ұнайтын саланы таңдап, қызықтырған тақырып бойынша дамып, білімін толықтырады.
Академия екі ауысыммен жұмыс істейді. Бірінші ауысым таңғы сағат 9-дан түске дейін, одан кейінгі ауысым түстен кейін басталады. Балаларды тамақтандыру мәселесі шешілген.
Бірінші маусымға 11 топ жасақталды. Әр топта 12-15-тен бала бар. Өнер академиясының “Арт әлемі” 12-26 маусым аралығында өтеді. Мұнда сурет өнеріне қызығушылығы бар балалар жиналады. Одан әрі ІТ технологиялар академиясының “Пиксель”, ғылым академиясының “Бионик”, MIX академиясының “Happy holidays”, шығармашылық академиясының “Дарын life” бағыттары бойынша жеткіншектердің басы қосылады. Әр бағыттың өз жетекшілері бар.
Он күн бойына балғындар демалып, түрлі ғылыми бағыттағы сабақтарға, спорттық ойындар мен эстафеталарға қатысады. Ата-аналар тарапынан сұраныстың артуынан жазғы академияны жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыру жоспарланған.
Людмила ЗАЙНУТДИНОВА,
“Digital urpaq” Oқушылар сарайы директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.