Шетелдік көліктерді заңдастыру 1 шілдеден кейін де жалғасуы мүмкін. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетінің “Ашық НҚА” порталында жариялаған қаулы-жобасында жазылған.
“Азаматтарға заңдастыру шарттары туралы алдын ала хабарланғанына қарамастан, көптеген автомобильдер бұрынғы тіркеу орны бойынша есептен шығарылмаған. Тіркеу әрекеттерін жасауға тыйым салулар мен шектеулерге байланысты заңдастырудан өтпеген көліктер де жоқ емес.
Мәселен, 8 маусымдағы жағдай бойынша 365 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Бұл ретте тек 144320 автомобиль бастапқы тіркеуден өтті, тағы 14 мыңнан астам көліктің нөмірі тексерілді. Осыған байланысты, егер тиісті өтініштер 2023 жылғы 1 шілдеге дейін жолданған болса, азаматтарға автомобильдерді кейіннен заңдастыру мүмкіндігі беріледі”, – деп жазылған өзгеріс енгізілгелі отырған Үкімет қаулысының жобасында.
Құжат 23 маусымға дейін көпшілік талқылауда болады. Кейін қол қою үшін Премьер-Министрге жолданады.
Еске салайық, 23 қаңтардан бастап елімізде шет мемлекеттерден заңсыз әкелінген көліктерді тіркеу басталды. Ол 1 шілдеге дейінгі аралықта жүреді. Көлікті заңдастыру туралы өтініш қабылданғаннан кейін көлік иесі бастапқы тіркеу алымы ретінде 200000 теңге, техпаспорт үшін мемлекеттік баж салығына – 4313 теңге, мемлекеттік нөмір үшін баж салығы ретінде 9660 теңге төлейді. Тіркелетін көлік үшін утиль алымын төлеудің қажеті жоқ. ЕЭО елдерінен келген көлікті кедендік тазартудан өткізеді, ал қырғызстандық техниканы кедендік салық айырмасын төлегеннен кейін ғана біздің елде тіркеуге болады. Оның сомасын кез келген мамандандырылған ХҚКО-дағы Мемлекеттік тіркеу комитетінің маманы есептеп береді.
Бұған дейін депутаттар аталған санаттағы көліктерді заңдастыру уақытын ұзартуды ұсынған болатын. Олардың пайымынша, арзан әрі сапалы “темір тұлпарлар” қазақстандықтарға отбасын асыраудың негізгі құралы болып отыр.
Артынша, жұртшылық наразылығы мен белсенділер бастамасы негізінде конструктор-көліктер де заңдастырылатын болды. Бұған қатысты Үкімет қаулысы шығып, 22 мамырда оларды тіркеу басталып кеткені белгілі.
Әсет ҚАНАФИН.