«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тариф қымбаттауы мүмкін

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елімізде электрмен жабдықтау желілерінің үштен екісі, жылу коммуникацияларының 57 пайызы және су құбыры желілерінің жартысына жуығының тозығы жеткен. Тариф өзгермесе, бұл монополиялық субъектілердің қызмет көрсету сапасына әсер етеді. Елімізде қолға алынған “Тарифті инвестицияларға айырбастау” тарифтік саясатын солтүстікқазақстандық төрт монополиялық субъекті де қолдап отыр. Осы орайда “Севказэнерго” және “Солтүстік Қазақстан электр желісін тарату компаниясы” акционерлік қоғамдары мен “Петропавл жылу желілері” және “Севказэнергосбыт” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері көрсететін қызметтері үшін төлемдерге өзгерістер енгізу қажеттігін айтып, қоғамдық тыңдау өткізді.

Энергетиктер Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыстық департаментіне тарифтік саясат негізінде өтінімдер түсірді. “СевКазЭнерго” АҚ бас директоры Олег Перфиловтың айтуынша, 2023-2025 жылдар ішінде тұтынушылардың жылу энергиясына төлемін кезең-кезеңмен ұлғайту қажет. Соңғы тариф 2020 жылы бекітілген. Кәсіпорын инвестициялық бағдарламасын қайта қарап отыр. Тариф есебінен қаржылық ахуалды жақсартып, бірінші турбинаны жөндеуге, 9-шы және 11-ші қазандықтарды қайта құруға, №2 қазандықты жаңғыртуға және негізгі жабдықтардың тозуын азайтып, нәтижесінде жылумен жабдықтау сапасын арттыруға мүмкіндік туатынын алға тартты. Бұдан бөлек, мамандардың еңбекақысын көтеру де осы тарифтік кіріске байланысты. Бүгінгі күні кәсіпорын қызметкерлерінің орташа жалақысы – 158278 теңге.

Тарифті көтеруге өтінім берген төртеудің бірі – “Петропавл жылу желілері” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл монополиялық субъекті де өткен айда 2023 жылға арналған инвестициялық бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізген, тиісінше қаржылық жағдайды жақсарту керек.

– 2023 жылғы инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын қаржыландыру көлемі 42 млн. теңгеге ұлғайды, яғни қосылған құн салығынсыз 886 млн. теңге қажет. Инвестициялық бағдарламаның қосымша қаражаты №1 сорғы станциясын күрделі жөндеу үшін қажет, – дейді “Петропавл жылу желілері” ЖШС-ның бас директоры Андрей Калиничев.

Барлық шығындарды ескере отырып, 2023 жылға ұсынылатын тариф 3085 теңгені құрайды, бұл бекітілгеннен 205 теңгеге жоғары.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаменті төрт кәсіпорынның ұсынып отырған тарифтік бағамдары бойынша айғақтарын нақтылай отырып, тексереді. Тарифтер көтеріле ме, көтерілсе қаншаға қымбаттайтынын осы мекеме шешеді.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp