Сын көп айтылатын саланың бірі – жол құрылысы. Себебі күрделі жөндеуден өткен жолдар ұзаққа бармай, шұрық-тесік болып қалатыны жасырын емес. Осы ретте “Ұлттық жол активтері сапасы орталығы” РМК-ның облыстық филиалы жөнделген жолдардың сапасын ұдайы тексеріп отырады.
Жылда облыс орталығының көшелерін жөндеуге қомақты қаржы бөлінеді. Тапсырысты сапалы орындау – мердігерге абырой. Жол қозғалысын бөгемес үшін тынымсыз еңбек ету керек. Құрылыстың сапасын қадағалаушы мамандар да қарбалас жұмыстың басына жиі барады.
“Ұлттық жол активтері сапасы орталығының” жергілікті мамандары жақында ғана жөндеуден өткен Евней Бөкетов көшесінен сынама алды. Асфальтты зертханаға жіберді. Бұл көшедегі жолды “Грандо” ЖШС жөндеді.
– Тас жолдан алынған сынаманы зертханаға апарамыз. Оның нәтижесі екі аптадан кейін белгілі болады. Егер де олқылық анықталса, мердігерлер жолды қайта жөндеуге міндеттеледі. Бұған дейін Абай көшесін тексердік. Әлі нәтижесі шыққан жоқ, – дейді “Ұлттық жол активтері сапасы орталығы” облыстық филиалының бөлім басшысы Арман Тұрасимов.
Биыл қала көшелерін жөндеуге облыстық бюджеттен 6,2 млрд теңге бөлінді. Соның 100 миллион теңгесі Евней Бөкетов көшесіне бағытталған. Жоспар бойынша үстіміздегі жылы Петропавлда жалпы ұзындығы 36 шақырымға жуықтайтын 20-дан астам көше қалыпқа келтіріледі. Қазіргі уақытта Абай, Евней Бөкетов, Пушкин көшелерінің жолы жөнделіп жатыр. Облыс орталығының тағы 13 көшесіне конкурс ұйымдастырылып, оның сегізіне мердігерлер анықталды. Жұмыстың барлығы қыркүйек айына дейін аяқталуы тиіс, одан кейінгі ауа райы жол құрылысына мейлінше кедергі жасайды.
Дана МҰХАМЕТЖАНОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.