«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жөнделген жол сапалы ма?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сын көп айтылатын саланың бірі – жол құрылысы. Себебі күрделі жөндеуден өткен жолдар ұзаққа бармай, шұрық-тесік болып қалатыны жасырын емес. Осы ретте “Ұлттық жол активтері сапасы орталығы” РМК-ның облыстық филиалы жөнделген жолдардың сапасын ұдайы тексеріп отырады.

Жылда облыс орталығының көшелерін жөндеуге қомақты қаржы бөлінеді. Тапсырысты сапалы орын­дау – мердігерге абырой. Жол қозғалысын бөгемес үшін тынымсыз еңбек ету керек. Құрылыстың сапасын қадағалаушы мамандар да қарбалас жұмыстың басына жиі барады.

“Ұлттық жол активтері сапасы орталығының” жергілікті маманда­ры жақында ғана жөн­деуден өткен Евней Бөкетов көшесінен сынама алды. Асфальтты зертханаға жі­берді. Бұл көшедегі жолды “Грандо” ЖШС жөндеді.

– Тас жолдан алынған сына­маны зертханаға апарамыз. Оның нәтижесі екі аптадан кейін белгілі бо­лады. Егер де олқылық анықталса, мердігерлер жолды қайта жөндеуге міндеттеледі. Бұған дейін Абай кө­шесін тексердік. Әлі нәтижесі шық­қан жоқ, – дейді “Ұлттық жол ак­тивтері сапасы орталығы” облыстық филиалының бөлім басшысы Ар­ман Тұрасимов.

Биыл қала көшелерін жөндеуге облыстық бюджеттен 6,2 млрд теңге бөлінді. Соның 100 миллион теңгесі Евней Бөкетов көшесіне бағыт­талған. Жос­пар бойынша үстіміздегі жылы Петропавлда жалпы ұзын­дығы 36 шақырымға жуықтайтын 20-дан астам көше қалыпқа келтіріледі. Қазіргі уақытта Абай, Евней Бөкетов, Пушкин көшелерінің жолы жөнделіп жатыр. Облыс орталы­ғының тағы 13 көшесіне конкурс ұйымдасты­рылып, оның сегізіне мердігерлер анықталды. Жұмыстың барлығы қыркүйек айына дейін аяқталуы тиіс, одан кейінгі ауа райы жол құры­лысына мейлінше кедергі жасайды.

Дана МҰХАМЕТЖАНОВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp