«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Күрделі жөндеу — күрмеулі мәселенің шешімі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев өңір тұрғындарымен кездесіп, жылу электр станциясын қалпына келтіруге қомақты қаржы бөлінетінін айтты.

Министрдің айтуынша, 2022 жылы жөндеу жұмыстарына қаржының аз бөлінуіне байланысты Петропавл жылу электр орталығында технологиялық іркіліс жағдайы бір жарым есеге, ал 2019 жылмен салыстырғанда үш есеге өскен.

– Өңірдегі ең негізгі және өзекті мәселелердің бірі – электр энергетикасы саласы. Солтүстік Қазақстан облысында электр және жылу энергиясын Петропавл жылу электр орталығы өндіреді. Станцияның электр қуаты 512 МВт, жылу қуаты – 713 Гкал/сағ. Станциядағы негізгі жабдықтардың тозуы 56,1 пайызға жеткен. Осыған дейін мұржаның жоғары жағы құлаған болатын. Министрлік техникалық жағдайын бағалау жүргізу үшін Петропавл жылу электр орталығына тәуелсіз сарапшылар комиссиясын жіберді. Оның қорытындысы бойынша Петропавл №2 ЖЭО-ның жұмысын қалыпқа келтіру бойынша жол картасы әзірленді. Осы мәселені шешу мақсатында 2022 жылы 6,3 млрд. теңге инвестиция бөлінді. Ал биыл 5,6 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр, – деді ведомство басшысы.

Кездесу барысында Алмасадам Сәтқалиев жол картасы аясында атқарылған жұмыстар жайын баяндады. “Жол картасы 5 блокқа бөлінген. Ол алдағы жылу беру маусымына орталықты уақтылы әрі сапалы дайындауды қамтамасыз етеді. Бірінші блок аясында №1 түтін құбырын бөлшектеу, №2 түтін құбырын күрделі жөндеу және №2 мен №3 түтін құбырын тексеру бойынша іс-шаралар аяқталды. Ал екінші блок бойынша №4, 5 қазандықтарды №2 түтін құбырына және №8 қазандықты №3 түтін құбырына қосу үшін бас корпусты қалпына келтіру, сондай-ақ уақытша газ құбырларын салу жөніндегі жұмыстар мәресіне жетті”, – деді А.Сәтқалиев.

Оның айтуынша, жол картасындағы үшінші блок аясында қазандықтар мен жалпы станциялық, қосалқы жабдықтар жөнделді. Сондағы №9 және №11 қазандық 30 маусымға дейін жөнделеді.

Төртінші блок бойынша екі турбоагрегатты күрделі жөндеу аяқталды. “Бесінші блок аясында 2024 жылғы 30 қыркүйекке дейін №1 түтін құбырын салу жоспарланған. Жаңа құбырға арналған іргетасты бекіту жұмыстары аяқталуға жақындады. Осыдан кейін мұржаның темірбетон қабырғасын қалаудың екінші кезеңі басталады. Сонымен қатар, инвестициялық келісімге сәйкес №2 қазандықты қайта қалпына келтіру жоспарланған”, – деді министр.

Сонымен қатар кездесу аясында солтүстік облысты газдандыру жайлы да сөз болды. Министр бүгінде өңірді газдандырудың 2 жолы қарастырылып жатқанын айтты. Ресейлік “Газпром” осы күні Қазақстанға газ құбырын тартудың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеп жатыр екен. Тиісті құжат биыл дайын болады. Аталған құбырды көрші тарап тек солтүстік облыстарды газдандыру үшін ғана емес, ел аумағы арқылы өз өнімін экспортқа шығаруға пайдалануға да ниетті. Жоба құны шамамен 2 трлн. теңгеге жуықтайды. Жылдық қуаттылығы 40 млрд. шаршы метрге жетуі мүмкін. Ал өңірді өз газымызбен қамту жайлы айтқан министр бұл жобаның алдағы жылдары жүзеге аса қоймайтынын жеткізді. Өйткені елде газ жетіспеушілігі туындап отыр.

Одан әрі Алмасадам Сәтқалиев тұрғындардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді.

Руслан ҒАББАСОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp