«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМГЕ” ЖАЙЛЫ ҒИМАРАТ ҚАЖЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдағы облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығы орналасқан ғимараттың салынғанына 120 жыл болған. Өңір басшысы Айдарбек Сапаров “Жедел жәрдем” қызметінің жұмысын көріп, мәселені шешу үшін оңтайлы шешім қабылдайтынын айтты.

Қазір “Жедел жәрдем” қызметі тәулігіне орта есеппен 500-ден астам қоңырау қабылдайды. Операторлар жедел әрекет етіп, шақырту бойынша бригадаларды жібереді.

– Биыл біз жұмысымызға көптеген тәсілді енгіздік. Мысалы, тамырлар қолжетімсіз болған кезде веноздық препараттарды біз сүйек ішіне енгіземіз. Біздің дәрігерлер мен фельдшерлер ғана облыста осы тәсілді қолданады. Сондай-ақ біз трахеяның интубациясын енгіздік. Бұл процедураны көпбейінді ауруханалардағы реаниматологтар мен біздің фельдшерлер ғана атқара алады. Қазір біз коникатомияны енгізіп жатырмыз, – дейді облыстық жедел медициналық көмек орталығы директорының міндетін атқарушы Юрий Белоног.

Орталық фельдшерлерге мұқтаж емес. Қазір тіпті, өз ісінің мамандарын таңдап алуға мүмкіндік бар. Мәселен биыл 30 адам жұмысқа орналасуға өтініш берген, соның тек үшеуі ғана қабылданыпты. Алайда мұнда 6 кәсіби маман жетіспейді, бұл – кардиологтар, педиатрлар және “Жедел жәрдем” дәрігерлері.

– Біздің фельдшерлер қажет болған жағдайда дәрігерлерді алмастыра алады. Өйткені жедел медициналық қызмет көрсететін стандарттар дәрігерлерге де, фельдшерлерге де ортақ. Мамандардың біліктілігін арттыру – біздің мақсатымыз, сол үшін түрлі  байқаулар өткіземіз, шеберліктерін шыңдауға жағдай жасаймыз, – дейді Юрий Белоног.

“Жедел жәрдем” орталығындағы қазіргі басты мәселе – шағын және талапқа сай келмейтін ескі ғимарат. Арнайы көлікті қоятын да орын жоқ, мұндағы гаражға 12 машина ғана сыяды, қалғаны қысы-жазы далада тұрады.

– Орталықтың ғимараты 1905 жылы салынған, қазір заман талабына сай емес. Жақын арада түрлі нұсқаларды қарастырып, оңтайлы шешім қабылдаймыз. Орталық қызметкерлеріне бар жағдайды жасау керек, өйткені “Жедел жәрдемнің” сапасы осыған тікелей байланысты, – деді орталықтың жұмысымен танысқан облыс әкімі Айдарбек Сапаров.

Юрий Белоногтың айтуынша, Петропавлда қолайлы ғимарат бар, ол – қаланың ортасында орналасқан бұрынғы троллейбус паркі. Нысан 4 мың шаршы метрді алып жатыр. Мұнда барлық қажетті инфрақұрылым да бар.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp