Облыс полицейлері жол апатына түсіп саутамтығы қалмаған “Toyota” маркалы машинаны көлік жүргізушілеріне көрсетпек. Оны тәртіп сақшылары эвакуаторға тиеп, негізгі жолдар арқылы алып жүрмек. Көлік борттарына екі тілде “Жол қателікті кешірмейді” деген жазуы бар баннер ілінеді. Полицейлер үш күн бойы жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін елемеудің салдары қандай болатынын осылайша көрсетпек.
Алты ай ішінде облыста 127 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдарда 28 апат болып, 11 адам қаза тапты, 64 адам жарақаттанды. Полицейлердің айтуынша, жылдамдықты арттыру, маневр жасау ережелерін бұзу, қауіпсіз қашықтықты сақтамау, қарсы бағытқа шығу қайғылы оқиғаны көбейтіп отыр.
– Жазда трассаларда көлік саны артады. Сол себепті профилактикалық жұмыс күшейтілді. 1 шілдеден бастап жаздың соңына дейін “Автомобиль” республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы және “Рөлде ұйықтау” республикалық акциясы, ал 24 шілдеден бастап айдың соңына дейін “Қауіпсіз жол” облыстық жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Бұл шаралардың мақсаты – қозғалысқа қатысушылардың тәртібін арттыру, жол апатын азайту, – дейді облыстық полиция департаменті патрульдік полиция батальонының командирі Уәлихан Оразалин.
Юрий КЛЫКОВ,облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы.