Солтүстікқазақстандықтар шөп шабу науқанына кіріскелі бір ай уақыт өтті. Осы уақыт ішінде шаруашылықтар 741,7 мың тонна шөп, 175 мың тонна пішендеме дайындап үлгерді. Шөптің қажетті мөлшері 940 мың тонна болса, жоспар 78,9 пайызға орындалды. Табиғи шабындықтардың шығымдылығы гектарынан 5-8 центнерден айналуда.
Облыста мал шаруашылығы саласы қарқынды дамуда. Жыл сайын он шақты заманауи тауарлы-сүт фермасы іске қосылады. Өңірдегі ірі қара малдың басы 500 мыңнан асты. Сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту жемшөп базасына тікелей байланысты екендігі белгілі.
Алда үлкен науқан – егін орағы. Бүгінгі таңда облыс бойынша 3,4 млн. гектар жер арамшөптен, 849,6 мың гектар – зиянкестерден, 688,2 мың гектар алқап өсімдік ауруларынан тазартылды.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша шілде айында қажетті 66 мм. жауын-шашынның орнына 27 мм. ғана ылғал түсті. Бұл өте аз. Облыс аграршылары шығымдылықты арттыру үшін озық технологияларды пайдалануда. Суару жүйесі дақылдардың өнімділігін арттырып қана қоймай, бүкіл үдерісті жүйелеуге мүмкіндік береді. 2023 жылы облыста суармалы дақылдар көлемі екі есеге ұлғайды.
Биыл облыста су үнемдеу технологиясын пайдалана отырып, суармалы егіс құрал-жабдықтарын өндіріске енгізетін бес инвестициялық жоба қолға алынады. Суармалы алқаптың ауданы – 1,5 мың гектар, жоба құны – 3 млрд. теңгені құрайды. Бұл жобалар мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асырылмақ.
Әсем АЙТОЛЛА,
облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз хатшысы.