«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АСЫЛ СӨЗДІ ІЗДЕСЕҢ…”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада 10 тамыз – Абай күніне арналған “Абай – ұлтымыздың мақтанышы” атты әдеби-музыкалық кеш өтті. Шараға қатысқан қалам­герлер мен студенттер қазақтың ұлы ақынының өмірі, адамзат тәрбиесінде айшықты орын алатын кемеңгерлігі жайлы әсерлі сөз сабақтады.

Кешті жазушы-журналист Жақ­сы­бай Самрат жүргізді.

Алғашқы болып сөз алған 6637 әскери бөлімі тәрбие және әлеу­мет­тік-құқықтық жұмыстар бөлімшесі бастығының мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі аға көмекшісі, лейтенант Бақыт Сәдуақасов Абай Құнанбаев­тың шығармашылығына жан-жақты шолу жасап, ақын өлеңдерінің тәрбиелік маңызына баса мән берді. На­зарбаев зияткерлік мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Асыл Ысқакова “Абай жолы” рома­нындағы Абай образы: тарихи дәуір келбеті және көркемдік шындық” тақырыбында баяндама жасады. “Қызылжар Абай орта мектебі” қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Перизат Молдағожина өзі қызмет атқаратын білім ордасында “Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт” жобасы аясында Абай шығарма­ларын шәкірттер санасына ұялату бағытында қандай жұмыстар атқары­лып жатқанын жеткізді.

Облысымыздың құрметті азаматы, белгілі домбырашы Серік­бай Құсайынов Абай Құнанбайұлының “Айттым сәлем, қаламқас” әні­нің шығу тарихына тоқталды. “Бұл туындыны ақын 1889 жылы жазған. Әрқайсысы 4 тармақты 10 шумақтан тұрады. Өлеңде ақын жастықты, сұ­лулықты, ғашықтықты жырға қосып, бірін-бірі сүйген екі жастың сүйіспеншілігін, ішкі сезімдерін ашып көрсетеді. Кейіпкер монологы арқылы оның жан-жүрегін, кіршіксіз ақ ма­хаббатын сөйлетеді”, – деді күйші.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин Абай атамыздың “Сегіз аяқ” өлеңіне жазылған әнді домбыраның сүйемелдеуімен нақышына келтіре орындап бер­ді. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Күләйхан Рахметтің “Қазақ­тың бас ақыны” арнау өлеңін жинал­ғандар зор ықыласпен қабылдады. Кітапхана оқырманы Мөлдір Қыстаубаева Абайдың “Жасымда ғылым бар деп ескермедім”, “Құлақтан кіріп бойды алар” атты өлеңдерін мәнер­леп жатқа оқыды.

Ұлы Абайдың осы уақытқа дейін бізге жеткен “Май түні”, “Майда қоңыр”, “Торы жорға”, “Абайдың жел­дірмесі” сынды төрт күйі бар. Ол күй­лердің алды 1965 жылғы Құрманға­зы атындағы консерватория фольклорлық зертханасының қызмет­керлері тарапынан жасалған экспедиция кезінде жазылып алын­са, кейінгі табылған бір-екі күйі 80-жылдардың басында күйші-зерттеуші Уәли Бекеновтің нотаға түсіруінде бізге жетті. Ақан сері атындағы об­лыстық филармониняң Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптар ор­кестрінің домбырашысы Бәйімбет Құбайдолла данышпан­ның “Торы жорға” күйін өте шебер орындады. Іс шара соңында әдеби кешке белсенді қатысқандарға кітап­хана әкімшілігі тарапынан Алғыс хаттар табысталды. Кеш қонақтары “Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе” атты кітап көрмесін тамашалады.

Аманжол ЗАҒЫПАР,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp