Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада 10 тамыз – Абай күніне арналған “Абай – ұлтымыздың мақтанышы” атты әдеби-музыкалық кеш өтті. Шараға қатысқан қаламгерлер мен студенттер қазақтың ұлы ақынының өмірі, адамзат тәрбиесінде айшықты орын алатын кемеңгерлігі жайлы әсерлі сөз сабақтады.
Кешті жазушы-журналист Жақсыбай Самрат жүргізді.
Алғашқы болып сөз алған 6637 әскери бөлімі тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесі бастығының мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі аға көмекшісі, лейтенант Бақыт Сәдуақасов Абай Құнанбаевтың шығармашылығына жан-жақты шолу жасап, ақын өлеңдерінің тәрбиелік маңызына баса мән берді. Назарбаев зияткерлік мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Асыл Ысқакова “Абай жолы” романындағы Абай образы: тарихи дәуір келбеті және көркемдік шындық” тақырыбында баяндама жасады. “Қызылжар Абай орта мектебі” қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Перизат Молдағожина өзі қызмет атқаратын білім ордасында “Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт” жобасы аясында Абай шығармаларын шәкірттер санасына ұялату бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
Облысымыздың құрметті азаматы, белгілі домбырашы Серікбай Құсайынов Абай Құнанбайұлының “Айттым сәлем, қаламқас” әнінің шығу тарихына тоқталды. “Бұл туындыны ақын 1889 жылы жазған. Әрқайсысы 4 тармақты 10 шумақтан тұрады. Өлеңде ақын жастықты, сұлулықты, ғашықтықты жырға қосып, бірін-бірі сүйген екі жастың сүйіспеншілігін, ішкі сезімдерін ашып көрсетеді. Кейіпкер монологы арқылы оның жан-жүрегін, кіршіксіз ақ махаббатын сөйлетеді”, – деді күйші.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин Абай атамыздың “Сегіз аяқ” өлеңіне жазылған әнді домбыраның сүйемелдеуімен нақышына келтіре орындап берді. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Күләйхан Рахметтің “Қазақтың бас ақыны” арнау өлеңін жиналғандар зор ықыласпен қабылдады. Кітапхана оқырманы Мөлдір Қыстаубаева Абайдың “Жасымда ғылым бар деп ескермедім”, “Құлақтан кіріп бойды алар” атты өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды.
Ұлы Абайдың осы уақытқа дейін бізге жеткен “Май түні”, “Майда қоңыр”, “Торы жорға”, “Абайдың желдірмесі” сынды төрт күйі бар. Ол күйлердің алды 1965 жылғы Құрманғазы атындағы консерватория фольклорлық зертханасының қызметкерлері тарапынан жасалған экспедиция кезінде жазылып алынса, кейінгі табылған бір-екі күйі 80-жылдардың басында күйші-зерттеуші Уәли Бекеновтің нотаға түсіруінде бізге жетті. Ақан сері атындағы облыстық филармониняң Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің домбырашысы Бәйімбет Құбайдолла данышпанның “Торы жорға” күйін өте шебер орындады. Іс шара соңында әдеби кешке белсенді қатысқандарға кітапхана әкімшілігі тарапынан Алғыс хаттар табысталды. Кеш қонақтары “Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе” атты кітап көрмесін тамашалады.
Аманжол ЗАҒЫПАР,
“Soltüstık Qazaqstan”.