«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Зілқараның грамотасы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық тарихи-өлкетану му­зейінің қорында XVII ғасырдың ортасы мен XIX ғасырдың басында ғұмыр кешкен атақты Зілқара (кейбір деректерде Жылғара деп айтыла­ды) Байтоқинның 1852 жылы орыс патшасы Николай І берген “дво­ряндық” атағы жөніндегі грамота­сы бар. Грамотаның сыртқы әше­кейі де, ішкі мазмұны да таңғалар­лықтай. Әр беті әдемі, түрлі түсті оюлармен көмкерілген. Оюлардың әр тұсына аңдардың, жануарлар­дың, құстардың әскери жауынгер­лердің суреттері салыныпты.

Грамотаның ішкі беттерінің бі­рінде Зілқараның өзіне тиесілі бол­ған таңбасы басылған. Ол таңбаны оюлы гүлге ілінген төрт алтын жо­лақты қызыл лента құрайды. Және де кейбір азат жолдары (абзац) “алтынмен” жазылған. Екі жағынан көркем каллиграфикалық жазумен жазылған бірнеше парақтан тұра­тын құжаттың тілі қазіргі заманғы орыс тілінен қатты өзгешеленеді. Бұл марапат Зілқара Байтоқинның халық пен биліктің құрметін және сенімін иеленген адам болғанын дәлелдейді. Ол заманда мұндай сый Ресейде мұсылман халқына сирек және ерекше жетістіктері үшін ғана берілетін болған.

Атақты жазушы Сәбит Мұқановтың “Өмір мектебі”, “Аққан жұл­дыз” шығармаларында: “…Көкшетау дуа­нындағы ең ірі феодалдың біреуі, Атығайдың Андағұл руынан шық­қан Қаратоқаның Зілғарасы еді. Оның інісі – Байтоқаның Шопаны, сол маңайдың: он мың қой, бес мың жылқы, бес жүз түйе айдаған ең ірі байы екен. Шопан момын, Зілғара тентек болған. Есіл өзенінің қазіргі Солтүстік Қазақстанға қарайтын бойында, шамасы – жүз километр­дей жер, сол бір шақта, Зілғара мен Шопанның меншігі болыпты. Олар­дың әрқайсысы үш-төрттен әйел алған, қыздары да, ұлдары да көп болған…” – деген мәлімет кездеседі.

Зілқарадан тараған ұл-қыздардың бірқатары біздің өңірімізде тұ­рып жатыр. Солардың бірі – Зілқараның жетінші ұрпағы, Н.Погодин атын­дағы облыстық орыс драма театрының директоры Спартак Ра­мазанов:

– Бұл грамотаны бабамның абыройы мен беделін дәлелдейтін құ­жат деп санаймын. Зілқара Байто­қинға бұл құрмет орыс пен қазақ­тың татулығын нығайтуға қосқан үлесі үшін берілген, – дейді.

Зілқара Байтоқаұлы 1767 жылы дүниеге келген. 1849 жылы өмірден өтіп, Есіл ауданында жерленіпті. Аталмыш аудан орталығы Явленка кезінде Зілқараның бала­сы Мұсаның қонысы болған.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp