«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жаңа оқу жылына дайындық пысықталды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ел экономикасы жеті айдың қорытындысына сәйкес 4,8 пайызға өсті. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты. Отырыста еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы және өңірлердің жаңа оқу жылына дайындығы қаралды. Соңғы мәселе бойынша Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров баяндама жасады.

Бағаны тежеу амалы

Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Əлібек Қуантыров жылдың өткен есепті кезеңінде Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,8 пайызды құрағанын баяндады. Атап айтқанда, нақты сектор 4,6 пайызға, ал қызмет көрсету саласы 4,7 пайызға жетті. Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалады. Əсіресе құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат жəне байланыс салалары ең жоғары өсімді көрсеткен. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,4 пайызды құрады. Инвестициялар ағыны көлік жəне қоймалауда – 58 пайызға, білім беруде – 24,3 пайызға, саудада – 22,6 пайызға, ауыл шаруашылығында – 21,3 пайызға, өнеркəсіпте – 9 пайызға, оның ішінде тау-кен өнеркəсібінде 8,4 пайызға өсті. Қаңтар-маусым айларында сыртқы сауда айналымы 4,3 пайызға өсіп, 67,2 млрд. долларды құрады. Экспорт 38 млрд. долларға, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 12,1 млрд. долларға жеткен. Тауар импорты 29,3 млрд. долларға жетіп жығылған. Жалпы республиканың оң сауда балансы 8,7 млрд. долларға тең.

Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, есепті кезеңде мемлекеттік бюджетке 10,4 трлн. теңге кіріс түскен. Сөйтіп, жоспар 98,2 пайызға орындалған. Атап айтқанда, республика бюджеті 6,8 трлн. теңгеге, жергілікті бюджет 3,5 трлн. теңгеге толығыпты. Сонымен қатар мемлекеттік бюджет шығыстары – 98,8 пайызға, республикалық шығыстар – 99,3 пайызға, жергілікті шығыстар 98,8 пайызға орындалған.

Премьер-Министр өткен жеті айдың қорытындысы бойынша ел экономикасы дамуының оң динамикасына нақты сектор айтарлықтай үлес қосқанын атап өтті. Мəселен, өңдеу өнеркəсібінде өсім – 3 пайызды, азық-түлік өндірісінде – 4,5 пайызды, сусындар өндірісінде 6,4 пайызды құрады. Жеңіл өнеркəсіп саласы 21 пайызға өсті. Бұл тоқыма бұйымдары өндірісіндегі 37 пайыздан аса өсім есебінен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар пластмасса жəне дайын металл бұйымдарының өндірісі – 8 пайызға, химия өнеркəсібі 4,1 пайызға артты. Машина жасау саласы 29 пайызға өсті. Оған автомобиль жасауда – 43 пайыз, электр жабдығы өндірісінде – шамамен 34,5 пайыз, локомотивтер мен вагондар жасауда 30 пайыз өсім есебінен қол жеткізілді. Бұған қоса есепті кезеңде жиһаз өндірісі 15 пайызға артты. Құрылыс саласы 12 пайыз тұрақты өсім көрсетті, 8,5 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қызмет көрсету саласында сауда – шамамен 10 пайызға, байланыс – 8 пайызға жəне көлік саласы 7 пайызға өскен.

Жалпы 7 айдың қорытындысы бойынша Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында барлық негізгі макрокөрсеткіш бойынша өсім бар. Ал Атырау, Алматы жəне Ұлытау облыстарының көрсеткіштері төмен. “Жауапты мемлекеттік органдар мен өңір əкімдіктері негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша жұмыстарды күшейтуге тиіс”, – деді Əлихан Смайылов. Ол Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ортамерзімді кезеңде жыл сайынғы экономикалық өсімді 6 пайыз деңгейінде қамтамасыз етуді тапсырғанын еске салды. “Экономиканың өсуін ынталандыру үшін жүйелі түрде пəрменді шаралар қабылдау қажет. Экономиканы əртараптандыру, өзіміздің отандық өндірісті одан əрі дамыту, инвестицияларды арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру шараларын күшейту керек”, – деді Премьер-Министр.

 Оның айтуынша, бағаның өсуін тежеуде Үкіметтің басым бағыты болып қала береді. Осы жылдың ақпан айынан бастап республикадағы инфляция біртіндеп баяулады. Қабылданған шаралардың нəтижесінде оны 14 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік туды. “Бұл ретте біздің алдымызда жыл соңына дейін инфляция деңгейін өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге төмендету міндеті тұр. Инфляцияға негізгі үлесті азық-түлік өнімдері жалғастырып отырғанын ескере келіп, алдын алу шараларын уақытылы қабылдау қажет. Бұл үшін барлық қажетті мүмкіндік бар. Бұлар инфляция деңгейін бақылау жəне төмендету жөніндегі іс-шаралар кешенінде көрсетілген”,  – деді Үкімет басшысы.

Солай деген Үкімет басшысы мемлекеттің экономикадағы үлесін төмендету жұмысын күшейту қажет екенін тағы да атап өтті. Осылайша жекешелендірудің кешенді жоспары аясындағы іс-шараларды тиісті жол карталарына сəйкес бұлжытпай орындау керек. Сондай-ақ жекешелендіру үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет екенін нақтылады.

Сөзін қорытындылай келе Премьер-Министр алдағы үш жылға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспарын жəне бюджет есебінен қаржыландырылатын іс-шараларды уақытылы орындаудың маңызды екеніне назар аудартты.

Бастауыш сынып  балаларына тамақ тегін

Еліміздегі бастауыш сынып оқушыларының барлығы мектепте тегін тамақпен қамтылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев баяндады. Сонымен қатар ол 1 қыркүйектен бастап 7,7 мың білім беру ұйымында 3,9 млн. бала білім алатынын, олардың 364 мыңы бірінші сыныпқа баратынын айтты. Сөйтіп, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында биылдан бастап 1,4 млн. бастауыш сынып оқушысы (1-4) тегін тамақпен қамтамасыз етілетінін жария етті.

Бірінші қыркүйекке қарай республикада 65,6 мың балаға арналған 52 жаңа мектеп, ал жыл соңына дейін 66,4 мың балаға арналған тағы 102 мектеп есігін ашады. Бұл 12 апаттық жəне 29 үш ауысыммен оқытатын мектеп мəселесін шешеді. Бұған қоса жайлы орта құру мақсатында 260 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында 3103 мектеп ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылған, 2075 мектеп лицензияланған күзет агенттіктерінің қызметтерімен қамтылған (жыл басынан бері өсім – 1,8 есе), 3327 мектепте дабыл түймелері орнатылған (өсім – 1,9 есе). Аталған бағыттардағы жұмыстар əлі де жалғасын тауып жатыр.

Үкімет отырысында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев та білім беру нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы баяндама жасады. Өңірлердегі жаңа оқу жылына дайындық туралы Солтүстік Қазақстан облысының əкімі Айдарбек Сапаров, Атырау облысының əкімі Серік Шəпкенов, Түркістан облысының əкімі Дархан Сатыбалды аймақтарындағы салаға қатысты жағдайларды айтып берді.

Айдарбек Сейпілұлы өз сөзінде биыл 49 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына 4,3 млрд. теңге бөлінгенін жеткізді.

“Бүгінгі таңда облыс орталығында 5 білім объектісі бойынша жұмыс аяқталды. 42 объект бойынша жөндеу жұмыстары 25 тамызға дейін аяқталады. Қалған екі мектепте жұмыс 50 пайызға орындалды. Жалпы бұл жағдай мердігер ұйымдар қажетті құрылыс материалдарын жеткізе алмағандықтан туындады. Бүгінгі күні әкімдіктер қосымша еңбек ресурстарын және қажетті техникаларды жұмылдырды. Оқу жылы басталғанға дейін жұмысты аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Өңірде мектептер желісі 457 бірлікті, ал оқушылар саны 75 мыңды құрайды. Бірінші сыныпқа баратын оқушылардың саны 7 мыңнан асады. Тегін ыстық тамақпен 50 мыңнан астам, оның ішінде 39 мың бастауыш сынып оқушысы қамтылады. Оқулықтар сатып алуға 700 млн. теңге бөлініп, 30 мыңнан астам данасы жеткізілді. Қалғаны 25 тамызға дейін қамтамасыз етіледі.

2,5 мыңнан астам баланы тасымалдауды ұйымдастыру үшін 146 автокөлік дайын, биыл 29 автобус сатып алынды. Барлық білім беру ұйымдары мамандандырылған күзетпен және қауіпсіздік жүйелерімен толық қамтылады.Бұл мақсаттарға 680 млн. теңге жұмсалды.

Жаңа оқу жылына дайындық тұрақты бақылауда”, – деді Айдарбек Сейпілұлы.

Премьер-Министр оқу жылы басталғанға дейін 52 жаңа мектеп ашу жоспарланып отырғанын атап өтті. Жаңа білім ордасын мыңдаған оқушы асыға күтіп жүргеніне тоқталды. Сонымен қатар жаңадан салынып жатқан 15 мектеп уақытылы ашылмай қалуы мүмкін екеніне де назар аударды. “Мұндай объектілердің басым бөлігі Түркістан облысы мен Астана қаласында орналасқан. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, жаңа мектептердің іске қосылуын қамтамасыз ету қажет”, –  деді Əлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, 180 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бірақ мұнда да жұмыстардың уақытында аяқталмай қалу қаупі бар. Ақмола облысының өзінде ғана шамамен 7 мектеп жаңа оқу жылына дейін жөндеу жұмыстарын бітіріп үлгермей қалуы мүмкін. Павлодар жəне Солтүстік Қазақстан облыстарында осындай 2 мектептен бар. “Аталған өңірлер шұғыл шаралар қабылдауы қажет. Нормаға сəйкес барлық құрылыс жұмысы жаңа оқу жылының басталуынан екі апта бұрын аяқталуы керек. Оқушылар таза əрі бояу исі жоқ сыныптарға келуге тиіс”, – деді Премьерминистр.

Сондай-ақ Премьер-Министрдің айтуынша, білім беру объектілерінің қауіпсіздігіне де немқұрайлы қарауға жол бермеу керек. “Білім беру объектілерінің барлығы бірдей қауіпсіздік талаптарына сай келмейді. Мектептердің 30 пайыздан астамы əлі күнге дейін полицияның жедел басқару орталықтарына қосылмаған. Осы ретте жұмысты белсенді жүргізу қажет”, – деді Үкімет басшысы. Оған қоса Премьер-Министр 1 қыркүйектен бастап барлық бастауыш сынып оқушысы, яғни шамамен 1,5 млн. бала тегін тамақпен қамтылатынын атап айтты. “Биыл аз қамтылған отбасылар мектеп киімі мен кеңсе тауарларын сатып алу үшін бір балаға кемінде 40 мың теңгеден алады. Барлығы 500 мыңға жуық балаға осындай көмек көрсетіледі. Балаларды мектепке тасу үшін биыл 500-ден аса жаңа автобус сатып алынды”, – деді Əлихан Смайылов.

Сонымен бірге Үкімет басшысы көмекке мұқтаж балаларды 100 пайыз мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етуді тапсырды. “Шалғай ауылдарда мектеп жəрмеңкелері мен көшпелі автодүкендерді ұйымдастыру қажет. Əкімдіктер, оқу-ағарту, сауда жəне интеграция, Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрліктері мен “Атамекен” палатасы оқу құралдары мен мектеп формасының қолжетімді бағасын қамтамасыз ету мəселелерін пысықтауға тиіс”, – деді Премьер-Министр.

Сөзінің соңында Əлихан Смайылов бейнекамераларды жаңарту, бейнебақылау жүйелерін жедел басқару орталықтарына қосу, білім беру ұйымдарын лицензияланған күзетпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды аяқтау қажеттігін айтты.

(“Egemen Qazaqstan”,

16 тамыз 2023 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp