АТЫҢНАН АЙНАЛАЙЫН, АЙТУАР!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

       Киелі Қызылжар өңіріндегі кез келген ауылдың өз тарихы бар. Топырағын түртсең төгіле сөйлейтін, небір дана тұлғаларға құтты мекен болған елді мекендердің әрқайсысына жеке тоқталсақ артықтық етпейді. Бүгінгі мақаламыз жезтаңдай әнші, ақын Игібай Әлібаевты құндақтаған  Жамбыл ауданындағы  Айтуар ауылы жайлы болмақ.

            Талантты тұлға бір шығармасында:

          «Туған жерім, қымбаттым, Айтуарым,

          Сезіп пе ең таң арайлы бақыт барын.

         Сезіп пе ең жазирадай жаңа өмірді,

          Оңыңнан ай, солыңнан күн туарын, – деп жырлапты. Сол ауылдың тумасы Ардақ Қажымұратов «Атыңнан айналайын,  Айтуар!» естелігінде былай деп жазады: «Ауылдың өткенінен сыр шертсек, қазақ халқының XVIII ғасырдың екінші жартысы мен XIX ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген от ауызды, орақ тілді шешендерінің және ел қорғаған батырларының бірі – Киікбай Айтуғанұлы жайлы айтпай кетуге болмас. Киікбай тек шешен, батыр ғана емес, емші сынықшы, мерген  адам болған. Ол Маса көлінің дөңіндегі Әулие жалы деп аталатын орманды мекен еткен. 1929 жылы Айтуар ауылы артель болып құрылды. Әр ағашты пана еткен Қара, Қангелді, Жалайыр, Байрақ ауылдары артельге қосылып, Айтуар ұжымшарға айналды. Сөйтіп, ұжымшардың құрамындағы жиырма бес үй «Бас ағаштың» ығындағы Айтуар көлінің жағасына қоныстанды».

Ауылдың тарихы осылай өрілетінін елді мекеннің қазіргі  тұрғындарының барлығы дерлік біле бермейді.  Айтуар негізгі мектебі директорының  оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Мағжанқызының айтуынша, Таз-Керейге жататын 6-7 ауылдан құрылған ауылдың тарихы терең.  1934 жылы Баян ауылдық  кеңесі Төңкеріс ауданының құрамында «Айтуар» кеңшары  болып құрылған. Кеңшар 1935 жылға дейін  Преснов ауданына (қазіргі Жамбыл) қараған.  1950 жылы «Киров»  кеңшарына қосылып, орталығы – Киров ауылы болады. 1961 жылы «Киров» кеңшары құрылғанда, Айтуар ауылы осы кеңшардың №2 бөлімшесі болып қалған.

       Осы ұсақ ауылдар кеңес  үкіметі орнағаннан кейін де, яғни 1929 жылға дейін көшпелі өмір салтын ұстаныпты. Тұрғындар  қыс болса әр ағаштың бауырындағы қара құрдың ұясындай жер кепелерде тұрған. Жаз болса жайлауға көшіп, малдарын өсіріп, қыстың ысқырып келер қыспағына дайындалатын.  Айтуар, Ортакөл, Төлеген көлдері  тұрғындардың жайлауына айналған.  Көшіп-қонып өмір сүрсе де халық өз салтын сақтап, өнер-білімге құмар болған.

       Таз-Керейге жататын ұсақ-ұсақ ауылдан талай-талай өнерпаздар шыққан. Олардың қатарында  әнші-домбырашылар, құсбегілер, балғашылар мен балташылар, зергерлер мен өрімшілер  кездесіпті. Жергілікті тұрғындар арасында  жиі айтылатын «Таздың ең жаманы жата қалып ат үркітеді» деген сөздің төркіні  «бұл ауылдан шыққан азаматтар арасында өнерлілер көп» деген мағынаны білдірсе керек.

      1928 жылы ауқаттылардың дүние-мүлкін тартып алып, өздерін итжеккенге айдау белең алды емес пе? Бұл зұлмат айтуарлықтарды да айналып өтпеді.  Ауылдағы орта шаруа деген адамдардың өзі  байлар қатарына іліккен.  Солардың бірі Қорғамбайдың Ахметі.  Ол –  қойларын өзі баққан, тәуір ағаш үйі болмаған адам. Соған қарамастан қуғынға ұшырапты.

        1931-1932 жылдары жаппай аштыққа ұшыраған халық күйзеліске түсіп, Айтуар кеңшарының  көптеген тұрғындары  Ресей қалаларына кетуге мәжбүр болған. Халықтың аштықтан есін жия бастағаны 1933 жылдың аяғы еді.

        «Ежов пен Берияның тырнақ астынан кір іздеген зұлымдықтары  біраз адамның басындағы  бақыт құсын ұшырды. Сүлеймен Бағаналин атамыз халық жауы делінді. Қанды соғыста жан аямай шайқасқан  Сүлейменнің інісі Төлеген Байғабылов пен Тілеуке Мырзатаев пленде болды деген жаламен бірнеше жыл қуғын көрді»,  – дейді Гүлмира Мағжанқызы. Оның айтуынша, Айтуар  кеңшарының  аштықтан кейінгі  өркендеу кезеңінде көптеген ауыл азаматтары ауыл шаруашылығы  техникаларын меңгеріп, егіс көлемі ұлғайып, мал басы өскен екен. Сол техниканы меңгерген алғашқы механизаторлар қатарында Баймұрат Боқышев, Кәкен Кәсенов, Шақпақ Байпақов,  Рахима Сибанқызының есімдері ерекше ілтипатпен аталады. Осы кезде Айтуар ауылына Ресей, Украина, Молдава елдерінен көптеген механизаторлар келген, олардың дені  орыс мектебі болмағандықтан Архангелка елді мекеніне көшуге мәжбүр болған.

       Ел басына қара бұл үйірілген  Ұлы Отан соғысында жандарын шүберекке түйе жүріп жаумен шайқасқан жандар бұл елді мекеннен де аз шықпаған. Жеңістің ақ таңын көрген ардагерлердің  қатарында  Қожа Сибанов, Бейсен Қасенов, Қайырбай Тастеміров, Төлеген Байғабылов, Зікірия Оразалин, Байкенже Теңізов, Ебни Теңізов, Жанғали Нұрмазанов, Серікбай Жекеев, Кәкіжан Нұрғожин, Ықымжан Нұрғожин, Қаппас Шаймерденовтер бар.  Ауылдың орталығына  майдангерлердің есімдері қашалып жазылған тақта орнатылған.  Жау өтіндегі жауынгер оққа денесін төсеп, көзсіз ерлік көрсетсе, тылдағы елдің жанкештілері арыстанша аласұрып, “Бәрі майдан үшін!” ұранымен күнді түнге ұрды. Қан кешіп жүргені де, ұйқы-күлкісіз еңбек көрігін қыздырғаны да Жеңісті жақындатты, отанын басқыншыдан арашалап қалды. Соғыстан қайтқан солдаттар мен тыл қаһармандары кейін тізе қоса қимылдап, халық шаруашы­лы­ғын қалпына келтіруге күш-қуатын сарқа жұмсады. Ел қамын жегеннің еңсесі биік.  Мақыш Имақова, Көкеш Теңізова, Торғай Қалиева, Кәмел Абдрахманова, Бағила Мырзатаева, Зүбира Елембаева, Мүслима Құсайынова, Тастемір Шонаев, Шабанай Исатаев, Қанатбай Боқышев, Абдрахман Айгонов есімді тағы да басқа тыл еңбеккерлерінің еңбектері қандай құрметке болсын лайық. Олардың қатары бүгінде сиреген.

            Ауылдықтар балаларын білім нәрімен сусындатуға ерекше мән берген.  1970 жылы елді мекенде алғашқы мектеп  салынды. Басында бастауыш сынып оқушыларын ғана оқытқан білім ордасы  1987 жылы 8 жылдық мектепке айналып, алғашқы түлектерін үлкен өмірге қанаттандырды. Оқу ошағын ұзақ  жылдар бойы Мәкен Қалиев басқарған.  1998 жылдан бастап Айтуар негізгі мектебінің директоры қызметін Гайдар Әбдірешев атқарып келеді.

«Тарихты тұлғалар жасайды» деген сөз бекер айтылмаған. Айтуардан небір дара тұлғалардың шыққаны мәлім. 1915 жылы дүниеге келген белгілі әнші Ілияс Шаймерденовті жергілкті тұрғындар аңыз қылып айтып жүреді. Ол Петропавлдағы екі жылдық мұғалімдер институтын бітіріп, Мәскеудің мемлекеттік консерваториясында оқыған, бірақ денсаулығына байланысты жалғастыра алмаған. Кейін Новосібірдің педагогикалық институтында, Ленинградтың мемлекеттік консерваториясында оқып, жоғары білімді маман  атанды.  Біраз жылдар  қазақтың мемлекеттік ән-күй филармониясында қызмет етеді. Ұлы Отан соғысы жылдарында осы өнер отауы мен қазақтың мемлекеттік драма театрын басқарған. Өмірінің соңғы жылдары Қарағанды облыстық қазақ драма театрында директор болды. Дарынды актер әрі әнші Ілияс Шаймерденұлы республикамыздың мәдени өмірінде өзінің лайықты орны бар белгілі тұлға. Ол 1959 жылдың 24 қыркүйегінде ұзаққа созылған ауыр науқастан 43 жасында қайтыс болды», – дейді ол.

          Айтуар ауылындағы алғашқы  ұстаздардың бірі  – Еркін  Бекбасов.  Ол Айтуар ауылының Қарағаш қыстауында 1899 жылы дүниеге келген. 1929 жылы атақты ақын Мағжан Жұмабаевпен бірге Қызылжар түрмесінде  отырған.  Алаш ардақтысы Еркінге арнап мынадай өлең жазыпты:

          «Күлімсіреп, шіркін, көңіл тарықпай,

          Басқа түскен ауырлыққа қамықпай

          Еркін оймен сергіткен күн болар.

          Сыр көрсетпей, шық өткелден қорықпай

         Үміт үзіп қамыққаннан пайда жоқ.

         Қазір мұңды іздесеңіз қайда жоқ.

         Талпынсаң да сағат соқпай, сырласым

        Тағдыр таққан шынжырды үзер қайла жоқ.

         Тез келгенде кімдер бізге бүкпеген.

          Келешектен таудай талап күтпеген

          Ауырлама боларсың күлкі құрбыға

          Айтып жүрер несіне тәңірім жүктеген».

          Еркін Бекбасов 1916 жылы Қангелді қыстауындағы мектепті бітіргеннен кейін Петропавл қаласындағы педтехникумға түседі. Мағжан Жұмабаевтан сабақ алады. Қызылжарда шәкірттерге алғаш рет қазақ тілінде сабақ берген  8 мұғалімнің ішінде Еркін атамыз да бар. Білім саласындағы жемісті еңбегі үшін ол «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Қажырлы еңбегі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.

       Ауыл тарихын  тереңнен қозғап сөйлейтін қария 2023 жылдың наурызында дүниеден өткен марқұм Амантай Қажымұратов атамыз бір кездесуде:

      – Айтуар ауылының Кемпір деген перзенті болған. Молда болған ғой. Тұрғындар «Кемпір молда!» деп атап кеткен. Өзі оқымысты  еді.  Кітабы да шыққан. Ленинмен хат жазысып тұрған. Кемпір молда қыстауы да бар. Кітаптарымен бірге жерленген. Өзінің аманаты бойынша денесін  Айтуар мен Амангелді арасындағы Балабейіт деген молаға қойыпты», – дегені бұл ауылдан ата дінімізге адал қызмет еткен тұлғалардың да шыққанын айғақтай түседі.  

        Тұмса табиғаты «Ақ балтыр қайың, балапан терек, ақ жалтыр көл, бетеге шөп. Бұдан бос жердің бәрі қара мақпал!» деп суреттелетін ауылдың тыныс-тіршілігін  жергілікті қаламгерлер де назарларынан  тыс қалдырған емес. 1971 жылдың 4 маусымында Киров кеңшарынан  У. Әшімов деген автордың  облыстық «Ленин туы» газетінде «Алғы шеп осылай алынды»  деген мақаласы жарияланған, онда айтуарлықтардың егін шаруашылығында бағындырған белестері баяндалыпты.  70-жылдардың орта тұсында У. Нүсейітов  «Шайшілік шалғынында» еңбегінде «ат арқасында он жылдан артық жүрген» Мұхаметқали Есеновтың «жұмыр жондарына құм тұрмайтын сәйгүліктерді» баққан көрінісін, Кәршал Ыбыраев, Сұраған Айыпов серіктестерімен атқарған еңбегін арқау етеді. Ал,  1982 жылы 10 ақпандағы нөмірінде Е. Нұржанов:

        – Бұл күндерім Жамбыл ауданындағы «Қызғалдақтар» атты сауыншылардың комсомол-жастар бригадасы «СССР-дің 60 жылдығына – 60 екпінді еңбек аптасы» ұранымен еңбек етуде. Оны коммунист Амантай Қажымұратов басқарады. Бригада мүшелері сүт өндірудің өткен жылғы жоспарын октябрь айында орындаған болатын. Жас сауыншылар қазір де сүт өндіруді арттыру жолында еселенген жігермен еңбек етіп жүр, – деп жазады.

      Тәуелсіздік жылдарында да ауыл тарихында таңбаланып жазылатын оқиғалар аз емес.  1996 жылы орақ науқаны аяқталған соң  кеңшар тарап, билік тұрғындарға жер үлестерін таратып берді. Бүкіл ауыл болып Айтуар өндірістік кооперативіне бірікті. Сол кезде «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші ауылдастар бірігіп жұмыс істеді. Ауылды абаттандыруға көңіл бөліп, әйелдер үйлерінің іші-сыртын, қора-қопсысына дейін әктеп, ауылдың ажарын кіргізді. Наурыз мейрамы ұлан-асыр  тойланып, киіз үй құрылып,  қарттарға сый-құрмет көрсетілді. Қыз қуу, жілік сындыру және басқа да ұлттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылды. Осылай ауыл бір көтеріліп қалған-ды.

      1998 жылы өндірістік кооператив 2 шаруашылық қожалығына бөлініп жұмыс істеді. «Айтуар» шаруа қожалығында Баянтай мырзабаев, Сандыбай  Қажымұратов, Байболат Сауырбаев, Бауыржан, Талғат, Асқат Үсеновтер, Ержан, Елтай Боқышевтер, Ермағамбет, Айдар Абдрахмановтар, Серболат Исенов, Айбол Елембаев жоқтан бар жасап,  адал еңбек етті. Төрт жылдан кейін бұл қожалық тарап, жер үлестері Абылай Қабдушевке берілді. 2018 жылы барлық жерді «Атамекен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жалға алды.

         Бүгінгі таңда 30 үй түтін түтетіп отырған  ауылда 2013 жылы есігін айқара ашқан білім ошағы 10 жыл бойы елдің игілігіне қызмет етіп  келеді. 2019 жылдың жазында торқалы тоқсан жылдығын дүркіретіп тойлаған ауылға төскейде малы, төсекте басы қосылған көршілес ауылдардан көшіп келіп, тұрақ тапқан азаматтар да бар.

      Бір ауылдың тарихы мұнымен  шектелмейді. Елді мекенді көркейтуге үлес қосқан азаматтардың әрқайсысы туралы жеке-дара мақала жазуға болады. Біз Игібай сынды алыбымыздың кіндік қаны тамған жерге иелік етіп отырған бұқараның тіршілігінен аз болса да, ақпарат беруді көздедік.

          Қазақ ауылы – тәлім-тәрбиенің ощағы. Айтуар ауылының тарихымен танысқаннан кейін осындай ой туындады.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp