«QYZYLJAR АRT» – ШАБЫТТЫҢ ОРТАЛЫҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық тарихи-өлкетану музейі жанынан ашылған «QYZYLJAR АRT орталығы»  2021 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Бүгінде бұл орталық өңір тұрғындары мен меймандарының сүйікті мекеніне айналған. Өңіріміздегі айтулы мәдени шаралардың дені осы орталықта ұйымдастырылады.

Орталық үш бөлікке бөлінген.  Бірінші бөлікке   жәрмеңкелер өткізуге арналған сөрелер орналастырылыпты. Бұл орындарда тұрғындар назарына Петропавл қаласы мен  аудандардағы шеберлердің  көркем бұйымдары ұсынылады.  Қолдан жасалған түрлі кәдесыйларды, Қызылжардың тарихы мен табиғатына қатысты суреттерді осы орыннан сатып алуға болады. Екінші бөлік –  ақпараттық-көрме орталығы.  Онда тақырыптық кештер, суретшілер мен фотографтардың көрмелері өткізіледі, зияткерлік ойындар, интерактивті сабақтар, шеберлік сағаттары ұйымдастырылады. Тұрғындардың  фильмдер мен тақырыптық бейнешолуларды көруі үшін бұл бөлікте  кинотеатр алаңының жұмыс істейтінін айта кеткен жөн. «Біз орталықтың екінші бөлігін шығармашыл, әдебиетке, өнерге әуес адамдардың мекеніне айналдыруды мақсат тұттық. Сол үшін дәрістер, әдеби кездесулер, поэтикалық кештер, ұлттық дәстүрлер мен салт-дәстүрлердің демонстрациялары  осы жерде өткізілуде.  Солтүстікқазақстандықтар есімдері өңірге белгілі ақын-жазушылардың, суретшілердің еңбектерін осы орыннан  таба алады», – дейді облыстық музейлер бірлестігінің директоры Гүлнәр Мұқышева.

Орталықтың  үшінші бөлігінде  қолөнершілер шеберханасы орналасқан.  «Гараж» арт-кафесін, демалуға арналған орындарды, балалар ойын кешенін, ашық концерттік алаңды да осы бөліктен табуға болады.  

Гүлнәр Ботанқызы  демалыс және мереке күндері орталыққа келушілер қатарының артатынын айтты. Мұндай күндері музей қызметкерлерінің де жұмысы қыза түседі.  Концерт алаңдарында   аудандардан арнайы келген  шығармашылық ұжымдарының бағдарламалары қойылады.   Орталыққа аға буын өкілдері  жиі бас сұғады. Олар бұл жерді достарымен кездесіп, әңгіме-дүкен құратын мекенге айналдырған.  «Біз мемлекеттік мекемелермен, оқу орындарымен, студиялармен, клубтармен бірлесе жұмыс істеудеміз. Олардың көбі өздерінің шығармашылық кештерін, көрмелерін біздің орталықта өткізуді қалайды. Қолөнер бұйымдарын ерекше қызығушылықпен тамашалап жүрген жастарды, әсем әннің әуеніне қосыла би билеп жүрген алдыңғы толқынды көргенде жаның жадырайды, – дейді Гүлнәр  Мұқышева.

      Орталық жұмысымен танысуға барғанымызда біз  Айыртау аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының концертіне дөп түстік.  Салтанатты кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Егде тартқан көрермендер әншілердің әндеріне билеп, көңілдерін көтеріп, бір жасап қалды.

          – Біз бұл орталыққа жылына екі рет келеміз. Бүгінгі кеште  Айыртау аудандық көркемөнерпаздар ұжымының ең үздік деп танылған кәсіби әншілері өнер көрсетті. Мен «Отырардағы той», «Әгугай», «Қайда» әндерін орындадым. Тыңдарманды елжандылыққа баулитын сарындағы туындыларды шырқағанды құп көреміз, – дейді Мәдениет үйінің қызметкері Мадина Тулетаева.

      «QYZYLJAR АRT орталығы»  Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Болат  Әскербековтың төл жобасы екенін екінің бірі біле бермейді.  Болат Нұрқажанұлы бұрын тұрғындардың арлы-берлі жүретін жолы болған орынды адам танымастай өзгертуге тырысқан. Кіреберіске қақпа орнатылыпты. Ғимаратты бұзбай, құндылығын сақтауға  мән берген.   

          «Алғашында, шыны керек, орталықтың адамдар жиі бас сұғатын орынға айналатынына сенбедім.  Біз оны  келушілерге қызықты болу үшін  үш бөлікке бөлдік. Тұрғындар орталыққа  Парк көшесі, музей  және Жамбыл көшесі жағынан  да кіре алады. Жамбыл көшесі жағынан келген  жерлестеріміз қолданбалы өнер жәрмеңкелерін тамашаласа, үшінші бөлікте кафе, балаларға ыңғайлы орындықтар орналасқан, – дейді жоба авторы.

      Қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын тиімді өткізуге арналған орын мәдениетіміздің дамуына өз үлесін қосып отыр.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp