Солтүстікқазақстандықтар – Азия ойындарында

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен демалыс күндері Қытайдың Ханчжоу қаласында ХІХ Азия ойындарының ашылу салтанаты өтті. Төрт жылда бір рет өтетін құрлықтық бәсекеге 45 елден 15 мыңнан астам спортшы қатысуда. Олар 40 спорт түрінен 481 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Жазғы ойындардың салтанатты ашылуында қатысушы командалар сап түзеп, өз елінің туын көтеріп шықты. Қазақстан ұлттық құрамасының көк байрағын көтеріп жүру мәртебесі боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Надежда Дубовицкаяға бұйырды.

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың айтуынша, ұлттық құрама спортшыларының алдында жанкүйерлердің үмітін ақтау міндеті тұр, бұған дейінгі  өткен Азия ойындарындағы нәтижеден де жоғары көрсеткішке жетуді көздеп отыр.

Биылғы Азия ойындарына Қазақстан атынан спорттың 30 түрінен 525 спортшы қатыспақ. Ұлттық құрама сапында ел намысын жеті солтүстікқазақтандық қорғайтын болады. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, велоспорттан төрт бірдей жерлесіміз бәсекеге түседі. Шосседегі сайыста ерлер қатарынан Алексей Луценко, Глеб Брусенский мен қыздардан Махаббат Үмітжанова жүлдеге таласады, тректе Артем Захаров өнер көрсетеді. Әйелдер боксында ел чемпионы Наталья Богдановадан медаль күтеміз.

Командалық спорт түрінде де жерлестеріміз бар, волейболдан  «Қуаныш» клубының мүшесі Наталья Смирново ұлттық құрама сапына алынды. Бұл сында әлем чемпионы, дүниежүзінің үздік бишісі Әмір Зәкіров жүлдеге таласады.

Азия ойындарындағы алғашқы жарыс күнінде дзюдошылар жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Абиба Абужақынова 48 килограмда финалға шығып, күміс жүлдегер атанса, 60 килограмда Мағжан Шамшадин қола медальді місе тұтты. Сондай-ақ Никита Чирюкин тапаншадан 25 метрден нысана көздеу сайысында үздік үштікті түйіндеді. 

Аманжол НҰРТАЗИН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp