Үкіметтің қаулысына сәйкес 2019 жылы 10 қазан Қазақстан кәсіподақтар күні ретінде белгіленіп, осымен бесінші рет аталып отыр. “Кәсіподақтар туралы” заң азаматтардың бірлесу бостандығына, кәсіптік одақтарды құруға, олардың қызметіне, оларды қайта ұйымдастыруға және таратуға конституциялық құқығын іске асыру нәтижесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі өңірлік деңгейдегі әлеуметтік әріптестікте мүшелік ұйымдардың өкілетті өкілі болып табылады. Олардың негізгі функцияларына өзінің мүшелік ұйымдарының құқықтары мен мүдделерін білдіру, қорғау, әлеуметтік әріптестік жүйесін дамытуға жәрдемдесу, жұмыс беруші ұйымдармен және жергілікті атқарушы органдармен келісім жасасу кезінде әлеуметтік әріптестік тарапы болып әрекет ету. Сонымен қатар келісім жобасын дайындау және оны жасасу жөніндегі келісімдерге, сондай-ақ еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссия жұмысына, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешуге қатысу, жарғылық мақсаттарды іске асыруға бағытталған өзге де қызметтерді қамтамасыз ету кіреді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан кәсіподақтары федерациясының ХХVІ сьезінің делегаттарына арнаған үндеуінде “Сіздер еңбек нарығын қарқынды дамыту, жастарды еңбек үдерісіне тарту, ел азаматтарының әлеуетін арттыру тұрғысынан мемлекетке зор қолдау көрсетіп келесіздер”, – деген жоғары баға бере келіп, әділетті әлеуметтік мемлекет құру үшін кәсіподақ қызметінің нысандары мен әдістерін үнемі жетілдіру, әлемде болып жатқан өзгерістерге орай тиімді іс-қимыл стратегияларын әзірлеу, әлеуметтік әріптестермен бірге еңбек қайшылықтарын реттеудің және қызметкерлердің заңды мүддесін қорғаудың өркениетті тәсілдерін белсенді пайдалану міндеттерін қойды. “Кәсіподақтардың дәнекерлігі мен медиациясы арқылы еңбеккерлер мен жұмыс берушілердің тең құқылы диалогының арқасында ғана еңбек қатынастарын тиімді реттеуге болады. Осындай ынтымағы жарасқан ортада еңбек этикасын кемеліне келтіріп, әлеуметтік жауапкершілікті өрістетуге болады”, – деп атап көрсетті.
Ұйым мүшелерінің құқығы мен мүддесін қорғау, өндіріс шарттарын жақсарту, еңбек дауларын реттеу бағытында ашық бәсекелестік арта түсіп, тиімді әлеуметік мүмкіндіктер жолдары кеңінен қарастырылып отырады. 65100 кәсіподақ мүшесін біріктіретін 1260 бастауыш ұйымның жұмысы осы бағытқа жұмылдырылған. 6 қалалық филиал, 8 жергілікті кәсіптік ұйым, 6 бастауыш кәсіптік ұйым, 13 аудандық және 2 қалалық бөлімше, 14 үйлестіру кеңесі бар. Еңбек адамының әлеуметтік құқықтарын қорғау мәселелері бойынша әлеуметтік әріптестермен өзара іс-қимыл басты назарда. Біздің бастамамыз негізінде облыстық әкімдік, жұмыс берушілер қауымдастықтары және кәсіподақтардың аумақтық бірлестіктері арасында 2021-2023 жылдарға арналған келісімшарт жасалып, жалақыны міндетті индекстеуді жүргізу, еңбекақыны арттыру кезінде қызметкерлер санының немесе штатының қысқаруына жол бермеу секілді толықтырулар енгізілді. “Еңбек шартын жаса” акциясы аясында мемлекеттік еңбек инспекциясымен бірлескен іс-шаралар өткізілді. Үйлестіру кеңесінің отырыстарында салалық кәсіподақтардың ықпалын күшейту мәселелері талқыланып, нақты шешімдер алынды. Депутаттардың, әлеуметтік әріптестердің қатысуымен орталықтың жұмыс тәжірибесі таратылды. Биыл облыстық мәслихаттың төртінші сессиясында “Еңбек” депутаттық тобы құрылғанын атап өткен жөн. Оның мақсаты қызметкерлердің құқықтарын іске асыру, жергілікті деңгейдегі әлеуметтік қорғау жөніндегі проблемалардың шешілуіне ықпал ету болып табылады.
Кәсіподақтар федерациясы 2023 жылды “Қауіпсіз еңбек жылы” деп жариялағаны белгілі. Оның шеңберінде техникалық инспекторлармен бірлесе отырып, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша қоғамдық бақылау жандандырылды, өмір сүру сапасын жақсарту, лайықты еңбекті әділ бағалау, жалақыны көтеру, өзге де әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылды.
Десек те шешімін жедел түрде күтіп тұрған шетін мәселелер аз емес. Оның бір парасы “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” Жолдауында күн тәртібіне қойылды. Қазіргі еңбек нарығында ауқымды өзгерістер болып жатқанына, цифрлық экономика рөлінің арта түскеніне қарамастан, өндірістік жарақат алудың азаймай отырғаны алаңдатады. Мемлекет басшысы жарты миллионнан астам адам еңбек ететін платформалық жұмыспен қамту жүйесінде еңбек құқықтарын қорғаудың нақты тәсілдерін әзірлеуді, сондай-ақ Үкіметке 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын осы жылдың соңына дейін қабылдауға тапсырма берді. Меніңше, құжат жұмыс орнындағы кәсіби сын-қатерлердің алдын алуға және жоюға бағытталуы тиіс. Зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген адамдардың осы саланы дамытуға сіңірген еңбегі мен денсаулығына зиян келгені ескеріле отырып, оларға зейнет жасына толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлемнің төленетіні, азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерінің 85 мың теңгеге жеткізілетіні өте құптарлық. Осылайша еңбекақының ең төменгі мөлшері үш жыл ішінде екі есеге көбейтілді. Бұл шара 1,8 миллион адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізді.
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша тұрақты қоғамдық бақылауға 915 өндірістік кеңес құрамындағы 1050 техникалық инспектор тартылған. Олардың жұмысын ынталандыру шаралары ұжымдық шарттарда айқындалған. Үшжақты келісімдерде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер құру, олардың жұмысын жандандыру міндеттемелері қабылданған. Бүгінге дейін 5820 келісім жасалды, бұл жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жалпы санының 94,6 пайызын құрайды. Қостараптық еңбек шарттары жұмысшылардың жағдайын едәуір жақсартумен ерекшеленеді. Кәсіподақ орталығы түрлі әдістемелік көмек көрсетіп, жобаларға қоғамдық сараптама жүргізеді. Салалық келісімдер мен ұйымдардың ережелеріне сәйкес талдаулар ұсынады. Кәсіподақ мүшелерін құқықтық жағынан қорғау, заңнамаларды қолдануға, сотқа талап-арыздар дайындауға көмектесу мақсатында заң клиникасының филиалы, еңбек даулары мен жанжалдарды соттан тыс тәртіппен реттейтін “Татуласу орталығының” қоғамдық қабылдауы жұмыс істейді. 255 өтініш берушінің тілегі қанағаттандырылды. Келісу комиссияларының мүшелері, техникалық инспекторлар, кәсіподақ активі үшін офлайн және онлайн режімде 20 семинар-тренинг ұйымдастырылды. Кәсіподақ мүшелері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі “Парыз” және “Еңбек жолы” республикалық конкурсына белсене қатысып жүр. 5 кәсіпорын өңірлік тур жеңімпазы атанды. Олар – “Азия-Тарангул”, “Намыс”, “Нежинка-Ерке”, “Новомихайловское-2003” және “Салют” серіктестіктері. Биыл “Еңбек жолы” конкурсына қатысу үшін 39 өтінім түсті. “Өндірістің үздік жас қызметкері” аталымының республикалық кезеңінде Петропавл ауыр машина жасау зауытының жас қызметкері А.Уатаев жүлделі үшінші орынға ие болды.
Облыстық кәсіподақтар орталығы заңнаманы жетілдіру ісіне де өз үлесін қосып келеді. Кәсіподақтар үйінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі А.Сарбасовтың қатысуымен өткен кездесуде көптеген тиімді ұсыныстар айтылды. Уәкілетті орган өкілінің назарына жалақыны міндетті индекстеуді заңнамалық бекіту, басшы мен қатардағы қызметкерлердің жалақысының арақатынасының шекті деңгейін белгілеу, күнкөріс деңгейін есептеу әдістемесін өзгерту, ұжымдық шарттарды цифрландыру, мемлекеттік инспекторлар санын ұлғайту, тәуекелі мол климаттық өңірде тұратын тұрғындарға қосымша ақы төлеу, болмаса “Солтүстік” үстемесін қалпына келтіру секілді мәселелер ұсынылды. Кәсіподақтардың еңбек қатынастарын реттеудегі, еңбек ұжымдарында тұрақтылықты қамтамасыз етудегі, қауіпсіз жағдайларды шешудегі, қызметкерлердің әл-ауқатын арттырудағы рөлі атап өтілді.
Кәсіподақ еңбекқорлық пен кәсіби мемлекетті нығайтуда, адамдардың бәсекелестік қарым-қабілетін арттыруда пәрменді күш болып есептеледі. Қоғамның басты байлығы адам десек, еңбек адамын құрметтеу, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау қызметіміздің басты қағидаты болып қала береді.
Ерік НҰРАҚАЕВ,
облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы.