Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылында инклюзивті білім беру жобасы аясында ата-аналарға арналған “Инклюзивті білім берудің мәселелері мен болашағы” атты тренинг өтті. Оны “АРДОС-Жүрек” мүгедектер бірлестігі мен облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес орталығының мамандары ұйымдастырды. Шараға 20-дан астам ата-ана қатысты.
Инклюзивті білім беру – бұл баланың физикалық, ақыл-ой, интеллектуалды және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, жалпы білім беру жүйесіне негізделген оқыту процесі. Мамандар “бұл бағытта бар міндетті жалғыз педагогқа жүктеп қою қате”, – дейді. Себебі балалар мамандардан бұрын, ата-ана қолдауына мұқтаж. Тренингте осы мәселеге ерекше маңыз беріліп, ата-аналар мен ұстаздар тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды.
– Өкінішке қарай, мұғалімдердің барлығы дерлік “Инклюзивті білім беру” процессінен хабардар емес. Педагогтар қандай принциптерді ұстану керек, сабақ беру барысында қандай әдіс-тәсілдерді қолданған жөн? Біз осы сауалдарға жауап беруге тырыстық. Жоба аясында облыстың 13 ауданын аралап шыққанымызды да айта кеткім келеді. Тренингімізге 500-ден астам педагог маман қатысты. Ата-аналар тарапынан айтылған өтініштер білім беру мекемелеріне жеткізіледі, – дейді “АРДОС-Жүрек” мүгедектер бірлестігінің жетекшісі Ақжан Кәрім.
Бүгінде Қызылжар ауданында инклюзивті білім беру бойынша 200-ден астам бала оқып жатыр. Оның 30-ы қашықтан білім алады. 82-сінің мүмкіндігі шектеулі.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.