Петропавлда реновация бағдарламасы бойынша 6 апатты көпқабатты үй сүріледі. Бұл жайында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Жалпы қаланың тұрғын үй қорын жаңарту, апатты және ескі баспаналарды бұзу, сүру – өзекті мәселелердің бірі. Осы ретте өңірде “Жаңа қала” атты реновация бағдарламасы жүзеге асуда. Бұл жобаның арқасында ескі және тозығы жеткен тұрғын үйлер сүріледі, баспана қоры жаңарады, қалалықтардың үй жағдайы жақсарып, коммерциялық үйлердің құрылысы көбейеді.
– Бұл бағдарлама аясында облыс орталығында 3 көпқабатты үй салынуда, 3 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Биыл апатты жағдайдағы 6 көпқабатты үй сүріледі. Реновация бағдарламасына қатысу үшін жеке құрылыс компанияларын көбірек тарту қажет, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Аталған бағдарлама бекітілгелі бері облыс орталығында ескі кварталдар орнына көркі көз тартатын зәулім үйлер көптеп салына бастады. Коммерциялық үй құрылысын салуға инвесторларды ынталандыру да өз жемісін берді. Осы күнге дейін Алтынсарин көшесі бойында 45 пәтерлі үй тұрғызылды. Ал қазір Новатор, Жамбыл көшелерінде 72 және 104 пәтерлік екі, аудандарда 222 пәтерлік бес үйдің құрылысы жалғасуда.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.