Облыстық тарихи-өлкетану музейіне бас сұққан меймандарды құнды жәдігер – көркемсөздің зергері, жерлес жазушы Ғабит Мүсіреповтің “Ұлпан” романының қолжазбасы қызықтырады. Туындының мәтіні араб графикасымен торкөз дәптер парақтарына қарындашпен жазылған. Қолжазба 240 беттен тұрады.
“Ұлпан” – 1974 жылы ел шежіресінің мазмұны негізінде жазылған тарихи романдардың бірі. Бұл роман үш бөлімнен және жиырма төрт тараудан құралған. Ұлпан романында тоқсанға жуық образ бар. Мазмұнына үңілсек, ХІХ ғасырдың ІІ жартысында киелі Қызылжар жерінде болған оқиғалар туралы, онда өмір сүрген адамдар – Есеней би мен оның әйелі Ұлпан туралы баяндалады. ХІХ ғасырдың ортасындағы қазақ өмірі мен тарихының көркем энциклопедиясы деп атауға болады.
“Кедейлік, жігерсіздік, жоқтық шегіне жеткен зардабын Ғабит Мүсірепов “Этнографиялық әңгіме” атты шынайы суреттеулерге толы әңгімесінде ашып көрсетті, сатиралық образ жасады. Ал “Ұлпан” романындағы кедейлік басқаша сипатта. Елге жаңару керек. Заман лебі солай соғады. Ұлпан соны түсініп, Есенейдің бес мың жылқысының жартысын қол астындағы елге бөліп береді. Туған жұртының әл-ауқатын көтеруге ол жанын салады. Артынан тұрмысы түзелген, тоғайған ел Есенейден ештеңе дәметпейтін болады. Бұл – Ұлпандай дана әйелдің арқасы екенін Ғабең сүйсініп суреттейді. Романның қолжазбасын көргенде басқаша сезімде болдым. Сөзбен жеткізе алмайтын әсер”, – дейді қала тұрғыны Асқар Әліпбаев.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.