“TikTok”-тың дәуірі жүріп тұрған уақытта балаларды кітап оқуға баулудың оңай болып отырмағаны анық. Ал кішкентай оқырмандардың “Балдырған” журналы мен “Ұланды” сағына күтіп қарсы алатын уақыт тіпті келмеске кеткендей. Осындайда көкейімізде “балаларға арналған басылымдар мәселені қалай шешіп отыр екен?” деген орынды сұрақ туындайды. Мән-жайды білу мақсатында Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ақын, аудармашы, балаларға арналған республикалық “Мөлдір бұлақ” журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлымен сұхбаттасқан едік.
– Дәулетбек мырза, ширек ғасырға жуық тарихы бар балаларға арналған танымдық журналды соңғы кезде сіз шығарып келе жатырсыз. Әлем желіге телмірген бүгінгі ұрпақты мерзімді басылым оқуға тартудың жолы қиын болып жатқан жоқ па?
– “Мөлдір бұлақ” журналы 2002 жылы ақпан айында “Қазақстан Заман” газетінің қанаты астында өмірге келді. Қазірде сол “Қазақстан Дәуірі” газетінің аясында шығып жатыр. Журналды алғашқы күннен шығарып келген публицист-жазушы Марат Тоқашбай, Раушан Каршалова, онан кейінгі кездердегі Жанастан Кучукова, Саят Қамшыгер секілді редакторларға алғысымыз шексіз.
Бұл басылымды менің тізгіндей бастағаныма екі жылдан асты. Өте бір қиын кезге тура келіп отырмыз. Біріншіден, кітап, газет-журнал оқу тоқыраған уақытқа тап болдық. Себебі телефон, әлеуметтік желі бәрін ығыстырып, тұтас қоғамның назарын өзіне бұрып алды. Не іздесең де бәрі соның ішінен табылады. Сондықтан балалар гаджеттен басын ала алмай қалды. Екіншіден, бір министр бір кездері “Басылымға жазылуға мәжбүрлеуге болмайды”, – деді. Бұл сөздің шын мәні балалардың жүгін ауырлатпаңдар, ата-аналарға қаржылай салмақ салмаңдар дегенді меңзеп тұр. Бірақ бұл “мәжбүрлемеңдер” деген сөз “жаздырмаңдар, оқымаңдар” деген бұйрықпен бірдей атқарылып кетті. Міне осы сөз желдей есіп, қай жерге барсақ та алдымыздан шығады.
Балалар журналын мектепте жаздырып алып оқымаса, онда оны кім оқиды? Осындай кесе көлденең себептер “Мөлдір бұлақтың” таралымына үлкен кедергі келтіріп, өрісін тарылтып жіберді. Мектептегі ұстаздар жазылуға насихат жасамаса, ата-ана аздаған қаражатын бөліп қолдамаса, бала қанша жерден оқығысы келсе де, алуға мүмкіндігі жоқ.
Сондықтан бүгінгі “TikTok” билеген заманда балаларды қағаздан оқыту қиынның қиыны болып барады. Ежелден бері жалғасып келе жатқан газет-журнал оқу үрдісі тұйыққа тірелді.
– Бұрынғы балалар “Балдырған”, “Ақ желкен”, “Ұлан” сынды басылымдарды сарыла күтіп, ай соңында пошташыны жүгіре қарсы алатын еді. Қазіргі жеткіншектердің оқу-білуге деген осындай құштарлығын артыруға гаджеттен өзге тағы не кедергі болып отырған жайы бар?
– Ата-аналар да қызық, бір жылда 12 саны шығатын жалпы құны 3000 теңге тұратын журналға жазылуды қымбат көреді, әуре санайды. Ал балаларына 300 000 теңге тұратын телефон алып береді. Тағы да ай сайын оған тариф деп пәлен мың ақша салып беріп отырады. Бұл мәселеге екі-үш жыл карантин кезіндегі онлайн оқу себеп болды. Сол кезден бастап балалардың әлеуметтік желіге деген қызығушылығы онан сайын арта түсті. Енді карантин кетті, дүние түзелді, бірақ, құныққан балалар бастарын ала алмайтын күйге жетті. Бүгінгі ұстаздар балалар үшін басы артық ештеңе істегісі келмейді. Журналға жазылуды ұйымдастыруды әурешілік деп санайды. Ал ата-аналар немқұрайлы, күнделікті сабағын зорға игеріп жүрген баласының миын “ашытқысы” келмейді.
Сіз айтып өткен басылымдардың алғашқы легінің шыға бастағанына да ғасырға жуық уақыт өтті. Кезінде жүз мыңдаған тиражбен таралатын еді. Қазір бірнеше мың дана ғана. Олардың да халі мүшкіл, күн өткен сайын өрісі тарылып, тынысы буылып келеді. Бейне біздің күйімізді олар да кешуде. Қарап отырсақ, мемлекет бойынша шығатын балалар басылымы бас-аяғы онға жетпейді екен. Осы аз ғана газет-журналды қайыршының халіне жеткізбей, мемлекет ұрпақ тәрбиесі үшін қамқорлығына алса, бюджет сарқылып қалмайтын еді. Болашағын ойлаған ел ұрпақ тәрбиесінен ештеңені аямағаны абзал. Балалар үшін жасалған әрбір іс-шара, бөлінген ақша, ол – болашаққа салынып отырған инвестиция. Оның өтемі бүгін болмағанымен, болашақта жемісін береді. Балалар басылымын жауып тастау немесе оны ақсату, келешекті ойламаудың көрінісі. Бұл ұрпақ тамырына балта шабумен бірдей.
– “Мөлдір бұлақ” балалар шығармашылығын дамытуда қандай тұрақты айдарларды жүргізіп келеді?
– “Алтын жұлдыз” сыйлығының иегері “Мөлдір бұлақ” журналында таңдаулы жүздеген айдар бар. Әр санның шығу ыңғайына қарай бір нөмірде 20-30 айдар көрініс табады. Әсіресе, танымдық, тағылымдық дүниелер мол. Біздің өзге басылымдардан ерекшелігіміз – оқушылардың шығармашылығына басымдық беруімізде. Балалардың әр тақырыпта жазатын эсселері жиі жарық көреді. Бұдан өзге тақпақтары, ертегілері, хаттары, жасаған қолөнер бұйымдары, салған суреттері үздіксіз беріліп отырады.
Түрлі байқаулардың нәтижесінде озып шыққан оқушылардың шығармалары жыл бойы әр нөмірде жарияланып отырады. Жыл сайын дәстүрлі түрде бір тақырыпты негіз етіп байқау ұйымдастырамыз. Оны жылдың соңында қорытындылап, марапаттаймыз. 2021 жылы Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арнап, 2022 жылы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арнап байқау өткіздік. 2023 жылды балалар ақыны, көрнекті тұлға, халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығына арнап отырмыз.
– Сурет өнеріне қабілеті бар балаларды да назардан тыс қалдырып отырмаған боларсыздар?
– Әрине. Атап айтар болсам “Балғын бояу”, “Сурет салып үйренейік”, “Кемпірқосақ”, “Табиғат аясында” секілді сурет салуға бейім кішкентай қылқалам шеберлеріне арналған тұрақты айдарларымыз бар. Байқауымызша, бастауыш мектеп оқушыларының сурет салуға деген қызығушылығы басым болады. Әсіресе, төртінші сыныпқа дейінгі оқушылар арасында ақ қағазға алуан бояуды бедерлеу кең етек алған. Балалардың сол әуесқойлығына шабыт болсын деп, редакцияға келген суреттердің көбін жарыққа шығарамыз. Соның ішінде кейбіреулері жақсы ұстазға жолықса шабыттанып, сурет өнерінің соңына түсіп, нәтижеге жетіп жатады. Балалар журналының бір ерекшелігі де осында болса керек. Суреттен өзге қолдан жасалған бұйымдарының фотосуреттерін, тоқыма өнеріне де орын беріп отырамыз.
– Балалар әдебиетін дамытуға өзіңіздің де бір кісідей үлес қосып келе жатқаныңыз белгілі. Мәселен, “Мейірім” мен “Несібелі апа” хикаяларынан тұратын “Өлместің суы бар ма?” атты кітабыңызда ұрпаққа үлгі болар ғибраттар көп. Осы туындыдағы оқиғаларды өз басыңыздан өткергеніңіз рас па?
– “Өлместің суы бар ма?” атты туындым балалар үшін керек кітаптардың қатарына жатады. Ол жас оқырмандардың дүние танымын байытып, көзқарастарын орнықтырады. Адам болып өтудің жолын нұсқайды. Ал сіз айтып өткен “Мейірім” мен “Несібелі апа” деген екі әңгімемдегі бала кейіпкер – менің өзім. Бала күнде басымнан өткен оқиғаларды қаз-қалпында жеткіздім. Кітапта эссе және әңгімелер орын алған. Бұл кітаппен қатар “Төлеген оқыған хат” деген еңбегім де біршама оқылды. Қос туындымның бірі айтар ойымды көркемдік тәсілдермен жеткізсе, енді бірі хат формасы арқылы сырласа бағыт-бағдар береді. Яғни публицистикалық ой-толғаулардан тұрады. Сондықтан екі жинақтың балаларға беретін пайдасы мол деп айтуға негіз бар. “Естігеніңді айтсаң өтірік болады, көргеніңді айтсаң шын болады” демекші, осы екі кітаптағы дүниенің дені – бастан өткен, көзбен көрген оқиғалар. Шынайылыққа мән берілгендіктен болар, екі туындым да оқушыларға әсерлі болды. Олар жайлы басылым беттерінде, әлеуметтік желіде көптеген пікір жазылыпты. Арасында қарапайым оқырманнан бастап, белгілі қаламгер, сыншыларға дейін бар. Әркім өз түсінгенін айтып, кейіпкерлер турасында ойларын ортаға салған. Демек тұтынушы бейжай қалған жоқ деп білемін. Осыған қарағанда жүректен жазылған дүние жүрекке жететініне көзіміз жетті.
– Білуімше төртінші сыныптан бастап роман оқуды қолға алыпсыз. Ал үлкен шығармадан үрке қашатын қазіргі жасөспірімдерді кітапқа ұйытудың қандай жолын нұсқайсыз?
– Біздің дәуірде технология, ғылым жетістіктері аса көп болған жоқ. Әсіресе, информациялық мәліметтер, хабар-ошар, жаңалықтар тым баяу тарайтын. Радио болды, бірақ телевизор әлі жалпыға жете қоймаған шақ еді. Ал телефон, әлеуметтік желі атымен жоқ. Соның шын мәніндегі пайдасын көрдік. Миымыз таза, көңіліміз пәк, қызығушылығымыз басым болды. Көп нәрсені журналдан, кітаптан оқитынбыз. Кітапты қолға ұстап оқисың, қағазының бояуының иісін сезесің, парақтап ашып, қызығына батасың. Мен төртінші сынып оқып жүрген жылдары әкем “Жайнаған қызыл жұлдыз” деген романды сатып алып берді. Кейіпкері бала, оқиғасы шым-шытырық, тартымды болды. Мен әр күні кешке қарай әкемді күтіп, тыңдауға құмартып отыратынмын. Өзім хат танысам да, баяу оқитынмын. Әкемнің оқуында екі ерекшелік болды. Бірінші – жылдам, әрі ұғынықты жеткізетін. Екіншіден – дауысында, әуезінде тартымдылық, жағымдылық болды. Кейіпкерлерін сөйлетіп, мінездерін қоса беріп оқитыны баурап алатын. Әкем Байтұрсын осылайша бірінші кітапты өзі бастап оқып берді. Бұл менің кітапқа деген қызығушылығымды оятты. Онан ары кітап дүкеніне өзім барып, өзім оқуды әдетке айналдырдым. Оқыған кітаптарымыз туралы үй ішімізбен бір дастарқан басында әңгіме-дүкен құратын болдық.
Анығын айтқанда, мен үшін екінші бір ғажайып әлем ашылды. Міне содан бері елу жылға жақындады, кітапсыз өткен күнім жоқ. Күні кеше ғана әлі жарық көрмеген су жаңа бір романның қолжазбасын оқып бітірдім. Авторы – Әбділда Әбдіманап, көлемі 600 беттей, оқиғасы таңғажайып, әрі көркем, әрі ғылыми туынды. Руханият әлеміне арналған бұл “Қара шаңырақ” атты роман мені бір серпілтіп тастады.
Байқауымша, жас кезіңде оқыған шығарма тасқа ойып басылған таңбадай, оқиғасы үтір-нүктесіне дейін есіңде қалады екен. Ал жасың ұлғайғанда парақтағаның құмға басқан таңбадай уақыт өте келе санаңда бұлыңғыр тарта бастайды. Дегенмен жадыңда ізі қалып, мазмұны сақталады. Даналар “Кітап оқу тоқтаған жерде ойлау да тоқтайды” деп бекер айтпаған. Сондықтан жеткіншектерге айтарым, сананың тоқырауына жол бермей, сауатты азамат болып жетілгілерің келсе, кітап оқыңдар!
– Қазіргі таңда кейбір балалардың тілі кеш шығып жататыны жасырын емес. Бұған не себеп деп ойлайсыз?
– Қазіргі кез өте бір қарбалас шақ. Күнкөріс, жанбағыс басты орынға шықты. Қолың қимылдамаса, ауызың қимылдамайды, аш қаласың. Сондықтан адамдар таңның атысы, күннің батысы жұмыс-жұмыс деп шапқылап жүр. Нәтижесінде бала тәрбиесі қараусыз, ұрпақтың ақыл-ойын жетілдіру ескерусіз қалды. Тамақ тауып береді, киіндіреді, тойындырады. Ал тарбиесімен айналысуға уақыт жоқ. Сәбилерді ата-ананың ертегісі, ананың бесік жыры, ақсақалдардың ақылы емес, қалта телефон тәрбиелеп жатыр. Онда не жоқ дейсің, бәрі бар. Пайдалысы да, залалдысы да жетеді. Ата-ана перзенттерімен дұрыстап сөйлеспейді, балалар бірге ойнап жүрсе де шүйіркелеспейді, бәрінің басы телефонда. Бәрінің өз қалауы, өз қиял кеңістігі, виртуалды әлемі бар. Сөйлеуден гөрі көру мен тыңдауға әуес. Оның өзінде қазақтың дүниесі емес, шетелдің жат әлеміне кіріп кетті. Содан келіп, ұрпақ мінезі өзгеріп, ұлттық менталитеттен ауытқыды. Соңында баланың тілі жай шығатын, шықса да тұтыққан, күрмелген болуда. Ұлттық дыбыстар, қазаққа тән әуез бұрмаланып, басқа қалыпқа ауысқаны анық. Технология дамып жатыр дегенмен, оның тудырып жатқан зардабы шаш-етектен.
Бұл дерттен арылудың жолы – баладан бұрын, бүгінгі ата-аналардың өзі есін жинауға тиіс. Ұрпақ тәрбиесіне ден қойып, кітап оқуға, тіл байлығын арттыруға, ойлау және білім көкжиегін кеңейтуге күш салғаны абзал. Кітап оқу бір күнде қалыптаспайды, сол үшін ата-аналардың балалар басылымына жазылуға, газет-журнал оқуға әуестенгені абзал.
– Өлең жазатын балалар кімді оқу керек?
– Бүгінгі таңда дүкен сөрелерінде оқуға тиіс кітаптар көп. Оны баланың жасына және шама-шарқына қарай таңдау керек. Мектеп ақын тәрбиелейтін, жазушы шығаратын орын емес. Мектеп негізгі пәндерді үйрететін, баланың бағыт-бағдарын анықтайтын нұсқаушы мекеме болып табылады. Дегенмен бұл ретте тіл-әдебиет пәнінен беретін ұстаздардың міндеті ауыр. Олар – теориямен ғана шектелмей, ұлттық рухты, қазақы қалыпты сіңіретін, шым-шымдап тұқым себетін бағбандар. Сондықтан қолындағы оқулығына жабысып қалмай, милиондаған кітаптардың ішінен ондаған кітаптарды сұрыптап, баланың басына ең көркем, ең өнегелі шығармалардың нәрін құюға тиіс. Шәкірттің ұйқыдағы жүрегін оятып, өлі рухын тірілту керек.
Дәл бүгінгі таңда жер-жерде “Абай оқулары”, “Жамбыл оқулары”, “Ілияс оқулары”, “Мағжан оқулары”, “Мұқағали оқулары”, “Жұмекен оқулары”, “Оралхан оқулары” жүріп жатыр. Демек оқитын кісілер солар. Десек те өлең жазғысы келетін балдырғандарға беретін кеңесім, Мұзафар Әлімбаевты, Мұқағали Мақатаевты, Қадыр Мырзалиевті, Тұманбай Молдағалиевті оқығандары жөн. Осы авторларды оқыса өлең жазудың үлгісін үйренеді, технологиясын, жазу шеберлігін меңгереді. Одан өзге де қаламгерлер көп, дегенмен сәбилердің санасына тез қонатын, ойына орнығатын ақындар деп ауызға ілініп, көзге түсіп жүрген балалар үшін таңдаулылары осылар.
– Бүгінгі балалардың Жезтырнақ, Таусоғар, Толағай, Тазша бала сынды толып жатқан кейіпкерлерді білуі екіталай. Осы ретте қазақ ауыз әдебиетін балабақшалардың бағдарламасына енгізген жөн бе, қалай ойлайсыз?
– Оқулық жазу, балабақша бағдарламаларын жазу – өте күрделі жұмыс. Тәуелсіздіктен кейін оқулық мәселесі бір орнықпай-ақ қойды. Білім саласын тізгіндеген әр министр әртүрлі жоба ұсынады. Соның бірі тәжірибе формасында енгізіледі де нәтижесі шығарылмай, аяқсыз қалады. Салдарынан оқулықтар бірізділікке түспей қойды. Оқулық жазудың қазақстандық, халықаралық өзіндік стандарттары бар. Сондықтан өзім толық біле бермейтін, байыбына бармайтын салаға пікір айтудан аулақпын. Бір білетінім, авторлар нені жазса да, қандай заңға бағынуды мақсат етсе де, ұлттық ерекшелік пен құндылықтарымыз қалыс қалмауы керек.
– Қазақ ауыз әдебиетінде балаларды баурап алатын әңгіме, аңыз-әпсаналар аз емес. Солардың ішінде әдемі анимациялық туындыға сұранып тұрғандарын атап беріңізші!
– Қазақ өмірінен алынған ауыз әдебиет пен аңыз-әпсаналарындағы кейіпкерлерді санап тауыса алмайсың. Кез келгенін анимациялық туындыға айналдыруға болады. Ол үшін осы саланы дөңгелетіп жүрген мамандарда жаңа идея болуға тиіс. Және соны іске асыратын қаржы-қаражат керек. Мемлекеттік билік тарапынан нақты қолдаулар жасалмаса, “арман бар да, дәрмен жоқ” болып шығады. Бір ескертетінім, осы кезге дейін түсіріп келген Қожанасыр мен Алдар көсе туралы анимациялық фильмдердің уақыты өтті, ескірді. Кезінде кеңестік идеологияның мақсатымен бұрмаланып түсірілген дүниелер ендігі жерде жарамсыз. Кейде сол социалистік реализм көзқарасы бүгінгі күнде де белең алып барады. Осы түсініктен арылу керек. Тәуелсіз елдің қазақтарына, әсіресе, оның балаларына мүлде жаңа туындылар қажет.
– Күзгі каникулға шыққан мектеп жасындағы балалар қандай шығармаларды оқығандары жөн?
– Балаға көңіл бөліп, жоғын іздеп тауып беретін – ата-ана. Кеңес ретінде айтарым, ақын, аудармашы Саят Қамшыгердің батырлар дастандары бойынша қара сөзге айналдырып жазып шыққан “Ұлы дала батырлары” кітабы, башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтен аударған “Тастамашы Ана!”, “Көше балалары”, Саха жазушысы Нина Дьячковскаяның “Жоғалғандардың жан сыры” кітаптарын оқыса ұтылмас еді. Бұл кітаптарды мен өзім де оқыдым. Оқиғасы шытырман, беретін тәрбиесі терең. Баланы терең ойға шомдырып, бардың қадірін білуге жетелейді.
Сұхбаттасқан
Нұрсайын ШӘРІП.