Бір адамның бойындағы кемшіліктердің басқа біреуге оның сыртынан айтылуы “ғайбат” делінеді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ғайбаттың не екенін ұқтыру үшін айналасындағылардан: “Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?” – деп сұрайды. Олар “Алла мен оның елшісі жақсы біледі”, – деп сөзді өзіне аударады. Сонда Пайғамбарымыз: “Араларыңыздағы біреуіңіздің ұнамайтын сөздермен өз бауыры жайлы сыртынан айтуы”, – дегенде: “Егер ол айтқандарымыз оның бойында бар болса, бұл да ғайбат бола ма?” – дейді бір кісі ішінен. Сол кезде жамандықты жан дүниесімен жақтырмайтын аса сезімтал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Егер айтқандарың оның бойында расында бар болса, онда оны ғайбаттаған боласың, егер ол сипаттар онда жоқ болса, онда оған жала жапқан боласың” деп қалай болғанда да тілді ғайбаттан сақтау керектігін ұқтырған болатын. Демек біреуді ренжітетіндей ұнамсыз сөз оның сыртынан айтылуы ғайбатқа жатады. Егер ол айтылған сөз дұрыс болған күннің өзінде ол – ғайбат болып саналады. Ал егер айтылған нәрселер оның бойында болмаса әрі ғайбат, әрі жала болып, күнә үстіне күнә жамалмақ.
Ислам діні жеке адам құқығына ерекше мән бергендіктен, оның ар-намысын қорғауға басты назар аударған. Ар-намыс ‒ жеке тұлға кісілігінің негізгі тірегі. Ал ғайбаттау – жеке адам құқына қол сұққанмен бірдей. Сондықтан да бүкіл болмыс ішінен адам баласын халифа етіп таңдаған Алла тағала мұсылмандардың тілін достық пен бауырмашылықты, адами жақсы қатынастарды бұзатын пәлекет ғайбаттан сақтау үшін Құранда: “Бір-бірлеріңді ғайбаттамаңдар. Сендердің араларыңнан біреу өлген бауырының етін жегенді ұната ма? Иә, бұдан тіксіндіңдер. Олай болса, Алладан қорқыңдар…” деу арқылы оның қаншалықты жиіркенішті күнә екенін бір-ақ аятта баян еткен. Иә, адамның өз бауырының етін жеуге қалайша дәті барады? Әрі бұл жерде “өліп қалған бауырың” деу арқылы адамды одан бетер тіксіндіре түседі. Ақыл-есі дұрыс, туыстық мейірімі сөнбеген бір адамның адами, қоғамдық, әрі мәдени тұрғыдан зиянды, сонымен қатар, жиіркенішті мұндай істі жасауы мүмкін емес. Аятта “одан тіксіндіңіз” деу арқылы адам табиғатының бұл істен жиіркенетінін білдіріп тұр. “Олай болса, Алладан қорқыңдар” деу арқылы Алланың тыйым салған жамандығынан бойды аулақ ұстап, жасаған күнәларымыз үшін тәубе етуге шақырады.
Тағы бір аятта Алла Тағала: “Көзің жетпей тұрып, көңіл аударма. Өйткені, құлақ, көз, көңіл – бәрі де көргеніне, естігеніне жауапты” деу арқылы біреу жайлы нақты мәліметке ие болмайынша, өзгелер жайлы жаман ойламауға шақырады.
Басқа біреу жайлы жаман ойлаудың өзі ‒ ғайбаттың жасырын түрі. Бұл суи занн (яғни, араб тілінен аударғандағы мағынасы – жаман ойлау) деп аталады. Тілмен жамандау харам етілгендей, жүрекпен де жаман ойлауға тыйым салынған. Құранда Алла Тағала: “Ей, иман келтіргендер, күмәннің көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәннің кейбірі – күнә” деп бізге жалпы жаман ойламауға бұйырады. Өйткені жаман ой тек жүректе қалып қоймай, ақиқатқа жеткісі келіп тіміскіленеді. Алла тағала “тіміскілеп сыр іздемеңдер” (“Хужурат,” 12) деу арқылы басқа мұсылмандардың қателері мен күнәларын іздеуге құлшыныс танытпауға шақырады. Адамға келген жаман ой жүректегі сүйіспеншілікті өшіріп, дұшпандыққа айналдырады. Міне сондықтан осы аятта ғайбаттау, жаман ойлауға және тырнақ астынан кір іздеуге үзілді-кесілді тыйым салынған.
Ардақты елші (с.ғ.с.) көптеген хадистерінде өмірімізге зиянын тигізіп, адамдар арасындағы жақсы қатынастарға балта шабатын әрі ақыреттік өмірімізде ауыр азапқа душар ететін ғайбаттан аулақ болу керектігін үнемі үмбетінің есіне салып отырған. Адамдарды пенделіктен арылтып, кемелдікке бастау үшін жіберілген ислам діні қоғамдық өмірдегі бірліктің берекесін қашырар жаман мінездерден ұзақ болуды насихаттайды. Ислам дінінің бұған қаншалықты мән бергенін жете түсіну үшін, Пайғамбарымыздың осы мәселеге қатысты айтқан ескертулері мен тыйымдарына назар аударған жөн.
Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізген бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) “Кімде-кім дүниеде мұсылман бауырының етін жесе (ғайбаттап, өсектеп) қиямет күнінде ол адамның еті оған ұсынылып: “Оның өлі етін же. Өйткені сен тірі кезіңде оның етін жегенсің” делінеді. Пайғамбарымыз осыны айтқаннан кейін “Сендердің араларыңнан біреу өлген бауырының етін жегенді ұнатады ма?” – деп “Хужурат” сүресінің 12-аятын оқыған еді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Алла бір мұсылманға екінші мұсылманның қанын, малын және ар-намысын харам қылды”, – дейді. Яғни бұл жерде заттық зияннан өзге, сөз арқылы біреудің ар-намысына тиіп, көңіліне қаяу түсіретін әрекеттің де харам етілгендігі айтылған. Басқа бір хадисінде Пайғамбарымыз: “Пайыздың (риба) ең жаманы нақақ мұсылманның ар-намысына тиіп ренжіту”, – дейді. Бұл жерде біреудің ар-намысына тиіп ренжіту де ғайбатқа жатады. Ғайбаттың соншалықты ауыр күнә болуының астарында, адамға мал-мүліктен гөрі ар-намыстың қымбат болуы жатыр. Ислам діні адам баласына басты мән беріп, оны бүкіл жаратылыс атаулыдан ардақты қылған. Пайғамбарымыздың ғайбатты пайызбен теңеуінде терең мән бар. Өйткені дінімізде пайыздық өсім ‒ ең көп датталған, одан бойды аулақ ұстау керектігіне басты назар аударылған ауыр күнәлардың бірі. Құранда “пайыз жеген адамдардың қиямет күнінде қабірлерінен шайтан соққан адамдардың есеңгіреп орындарынан тұрғанындай көтерілетіндері… Пайызды адал санағандарды Алла тағала жақсы көрмейтіндігі” айтылады (“Бақара”, 275-276). Олай болса, жоғарыдағы хадис ғайбаттың бұл жиіркенішті күнәдан да ауыр болатынын баяндап тұр.
Исламда ғайбаттың, сөз тасып, жала жауып, өсек айтудың датталу себебі, қоғамдық өмірдегі бірлік пен берекетті, адамдар арасындағы жылылықты жоятындығында жатыр. Тән жарасынан гөрі жан жарасының жазылуы қиын. Пайғамбарымыз: “Ғайбат зинадан да ауыр күнә” деген кезінде қасындағылар “Қалайша, уа, Расулалла?” – деп сұрайды. Пайғамбарымыз: “Кісі зина жасайды, сосын тәуба етеді, Алла оны кешіреді. Ғайбат жасаушы жамандаған адамы кешірмейінше кешірілмейді”. Сондықтан адамның жүрегін жаралап, рухына дақ салатын ғайбат кісінің жеке құқығына қол сұғуға жататындықтан, оны тек қана ғайбатталған адам ғана кешіре алады. Құл ақысын Алла тағала емес, тек құлдың өзі кешіреді. Пайғамбарымыз сондықтан кісінің бүкіл жақсы амалдарын тып-типыл ететін ғайбат сөзден әркез сақ болуды ескертеді.
“Құлақтан кірген суық сөз, көңілге барып мұз болар” демекші, біреудің сыртынан айтылған сөздер жүрегімізге жара салып жаман сезімнің, өшпенділіктің тууына жол ашады. Қайсыбір мұсылманның Алла тағаланың құзырына өз бауырына деген жағымсыз, не ренішті оймен аттануы, әрине, жақсылықтың нышаны емес. Сондықтан да адамзатқа ұстаз етіп жіберілген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) “Ешкім сахабаларым жайлы жанға жағымсыз сөз айтпасын. Өйткені мен алдарыңа ішімде ешқандай жаман сезімсіз шыққым келеді”, – деген. Әрине, ардақты елшінің осындай даналық тұжырымдары ‒ біздер үшін де үлгі.
Тырнақ астынан кір іздеп, басқа біреудің кемшіліктерін тізбектеп отыру да адамды ғайбатқа жетелейді. Сондықтан Алла Тағала “Бір-бірлеріңнің кінәларыңды тіміскілеп іздемеңдер” десе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Ей, тілімен иман келтіріп, жүректерімен сенбегендер! Мұсылмандардың сыртынан сөз айтып, кемшіліктері мен кінәларын тізбелемеңдер. Кімде-кім мұсылмандардың құпия халдерін іздесе, Алла тағала да оның кінәларын ашады, тіпті, үйінде тығылып отырған күннің өзінде оны жұртқа масқара қылады”, – деп ескертеді. “Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ”, пенде болған соң адамның күнә жасауы мүмкін. Біздің міндетіміз – діндес бауырларымыздың күнәсін барынша жасырып, жария етпей, қайта оның сол кемшіліктер мен күнәлардан арылуы үшін қол ұшын созып, тілекші болу.
Азамат СӘРСЕНОВ,
Қызылжар аудандық “Кәусар” мешітінің бас имамы.