Облыста өткен аптада 4 мыңға жуық адамға жіті респираторлық вирустық инфекция диагнозы қойылды. Сырқаттанғандар бас ауруына, дене қызуының көтерілуіне, құлақтың шыңылдап, мұрынның бітелуіне, қатты жөтелге шағымданып, дәрігерге қаралған.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазан-қараша айларында өңірде ЖРВИ жұқтырудың 26 841 жағдайы тіркелген. Тек соңғы аптада 3926 адам ауырған. Бұл оның алдындағы аптамен салыстырғанда 42 пайызға артық. Науқастардың 2912-сі немесе 74 пайызы – 14 жасқа дейінгі бала.
“Облыста H3N2 типті А тұмауын жұқтырудың бір жағдайы тіркелді. Қауіпті инфекцияның әрі қарай таралмауы үшін егу жұмыстары белсенді жүргізілді. Қазіргі уақытта облыс халқының 11 пайызы дертке қарсы екпе алды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша тұрғындардың кемінде 10 пайызы екпе алуы тиіс. Өңірге ресейлік “Гриппол плюс” вакцинасының 60 мың дозасы әкелінген болатын. Вакцина қою жоспары 100 пайыз орындалды. Нәтижесінде 9 мыңға жуық медицина қызметкері, 4,5 оқушы, 555 жүкті әйел, 23 мыңнан астам созылмалы ауруы бар адам, 600-ден астам жабық үлгідегі мекемелердің тұрғыны, мыңнан астам қарт пен мүмкіндігі шектеулі жан және 21 мыңнан астам адам эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша екпе алды”, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.