Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Есіл ауданына барды. Өңір басшысы бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, Явленка ауылындағы жаңадан ашылған дене шынықтыру-сауықтары кешенінің жұмысымен танысты.
Спорттық нысанды салуға үш жыл жұмсалған. Заманауи талаптар бойынша салынған ғимаратта кез келген спортпен шұғылдануға жағдай жасалған. Үйірмелерге балалар сағат таңғы 9:00-ден кешкі сағат 22:00-ге дейін бара алады. Бүгіндері мұнда 8 жаттықтырушы жұмыс істейді. Облыс әкімінің айтуынша, жыл соңына дейін тағы бірнеше ауданда осы сынды кешендер пайдалануға беріледі.
– Бүгінде Саумалкөл және Новоишим ауылдарында заманауи спорт кешендері салынып жатыр. Жыл соңына дейін халық игілігіне тапсырамыз. Бұған қоса, өңірімізде төрт жабық хоккей қорапшасының құрылысы жүргізілуде, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Кейін Ғауез Торсанұлы Аяған Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебіне ат басын бұрды. Биыл білім ұясына “Қазақстан халқына” қоры 250 млн. теңге бөліп, бұл қаражатқа жиһаз, құрал-жабдықтар, сәндік-көркем бұйымдар сатып алынды. Сондай-ақ оқу орнына 24 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жылыту жүйесі, кіреберіс пен дәретхана қалыпқа келтірілді. Спортзалдың едені ауыстырылды.
Соңғы жылдары ауданда кәсіпкерлер саны артып келеді. Жеке кәсіп ашамын деген азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Мұны бизнесмен Жомарт Шамшуменов те растайды. Биыл ол “Ауыл аманаты” жобасы арқылы 2,5 пайызбен 8 млн. теңгеден астам несие алған. Бұл қаражатқа 8 симментал тұқымды ірі қара мен 20-дан астам қой сатып алыпты.
– Мал шаруашылығы – ата кәсібіміз. Оны дөңгелету арқылы мол табысқа кенелуге болады. Алдағы мақсатым – мал басын арттыру, – дейді кәсіпкер.
Кездесуде облыс әкімі жеке кәсіпкердің алдағы жұмысына сәттілік тілеп, биыл теріскейлік шаруаларға “Ауыл аманаты” жобасы аясында 1,8 млрд. теңге көлемінде несие берілгенін атап өтті.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.