Эльдар Алимкиннің үйінде азаматтық қорғаныс құралдарының түр-түрі бар. Негізінен өткен ғасырдың 70-80 жылдарына тиесілі 40-қа жуық жәдігер топтастырылыпты. Оның көпшілігі бүгінде өте сирек кездеседі.
Облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полицейі Эльдар Алимкиннің үйіндегі музей де радиациялық қорғаныс жабдықтары, дозиметр, жауынгердің химиялық қорғаныс костюмінің жиынтығы, каска, тіпті осы салаға қатысы бар оқулықтарды да кездестіруге болады.
“Бала кезімнен көне заттарға деген қызығушылығым алабөтен болатын. Әлеуметтік желілер арқылы ерекше әуестігі бар жандармен танысқаным көп көмектесті. Экспонаттардың басым бөлігін Ресейден алдырттым. Мәселен, газтұтқыштарды биогаздан қорғану үшін қолданған. Тыныс алу жолдары мен көзді, бет терісін толығымен жауып тұрады”, – дейді полиция қызметкері.
Ұшқыштарға арналған газтұтқыш теріден жасалған, оны ракеталық әскер жауынгерлері пайдаланады. Ал “ДП 5Б” құралы бұрын радиация орнын анықтау үшін қолданылған.
Эльдар Алимкин болашақта коллекция топтамасын толықтырып, музей ашуды көздеп отыр.
Жансая ҚАЙЫПОВА.