«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мұғалімдер арасындағы дебат

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Назарбаев зияткерлік мектептерінің 15 жыл­дық мерейтойына орай Петропавлда мұғалімдер арасында “Қос аңыз” рес­публикалық пікірсайыс турнирі ұйымдасты­рыл­ды. Оған еліміздің өңір­лерінен қазақ лигасының 12 командасы қатысты.

Екі күн бойы Астана, Пав­ло­дар, Ұлытау, Семей, Қостанай, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан өңірлерінің мұғалімдері қоғам­ның өзекті мәселелерін ортаға салып, өзара талқылап, шешу жол­да­рын ұсынды. Семей қала­сын­да­ғы Назарбаев зияткерлік мекте­бінің тарих пәнінің мұғалімі Да­нияр Кемешев дебатқа сту­денттік кезден қатысып келеді. Қа­зір ол “Қағида” пікірсайыс клу­бына жетекшілік етеді.

– Мұғалімдер арасында да пікірсайыс турнирлері өтсе екен деп ойлайтынбыз. Сол арманы­мыз Петропавлда жүзеге асқа­нына қуаныштымыз, – деді Да­нияр Кемешев.

Ұлытау облысының Қарсақ­бай кентіндегі №15 тірек мекте­бінде тарих пәнінен сабақ бере­тін Дархан Есенбаев үшін бұл дебат сайысы – алғашқы сынақ. Білім саласына 4 жыл бұрын қосылған маман алдағы уақытта дебат сайыстарына жиі қаты­сып, тәжірибе жинақтауды көз­деп отыр.

– Небір мықты мамандар кел­ген екен. Бұл – таным көкжиегім­ді кеңейтіп, тәжірибе жинап, кейін оны оқушыларыма үйрету­ге керемет мүмкіндік. Бұрын де­батқа аса қызықпайтынмын. Өйт­кені кез келген тақырыпқа байла­ныс­ты өзіңе ұнамай тұрған жақ­ты қолдап, сөйлеуге қарсы едім. Бүгін тартысты дебатты көріп, қызығушылығым оянды, – дейді ұлытаулық Дархан Есенбаев.

Турнир британдық парла­мент форматында қомандалық сайыс және Линкольн-Дуглас форматында жеке спикерлердің сайысы түрінде ұйымдас­тырыл­ды. “Үздік спикер” атағын қоста­най­лық ұстаз Дастан Қалиев же­ңіп алды. Құрамалар арасында үшінші орынға “Павлодар А” командасы тұрақтады. Екінші және бірінші орындар бұл жолы Қостанай қаласының “Амангелді тарландары” және “Парасат май­даны” құрамаларының дебат­шы­ларына бұйырды. Жүлдегер­лерге ақшалай сыйлықтар та­бысталды.

Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,

Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp