Облыстық мәслихаттың кезекті тоғызыншы сессиясы өтіп, онда бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Соның бірі – Солтүстік Қазақстан облысының 2024 жылдан 2026 жылға дейінгі кезеңге арналған облыстық бюджетін бекіту. Бюджет жобасын облыстық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант ұсынды. Депутаттар Берік Жанахметов пен Сәуле Сұрағанова аталған құжат бойынша ойларын айтып, бюджетте әлеуметтік салаға баса назар аударылғанын атап өтті.
Бұдан бөлек, халық қалаулыларының қарауына облысты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған жоспарына, облыс аумағында үй жануарларын ұстау және күту ережелеріне, сондай-ақ жалпы жануарларды ұстау ережелеріне қатысты бірнеше шешімдеріне өзгерістер енгізілді.
Сессияда мәслихаттың халықтың денсаулығын сақтау, оны әлеуметтік қорғау, білім, мәдениет және жастар ісі мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының қызметі туралы есеп ұсынылды. Комиссия төрайымы Ольга Клишина орындалған іс-шаралар бойынша ақпарат берді. Сондай-ақ алдағы үш жылға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жоспары және ендігі жылы мәслихаттың қарауына шығарылатын негізгі мәселелердің тізбесі бекітілді.
Сессияда қаралған барлық мәселелер алдын ала тұрақты комиссиялардың бірлескен отырыстарында егжей-тегжейлі талқылаудан өтті. Нәтижесінде күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Қайрат САДЫҚОВ,
Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының баспасөз хатшысы.