«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАТТЫҚ — БАБАЛАР АМАНАТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

16 желтоқсан – күллі қазақ жұрты үшін қанша қуанышты болса, сонша қасіретті күн. Бұл күні жұртымыз азаттық жолында құрбан болған асыл перзенттерін еске алып, жүректерге мұң ұяласа, сол күндердің келмеске кеткенін, Тәуелсіздік таңы атқанын ойлағанда көңіл толқиды. Сондықтан да Тәуелсіздік күнін атап өту, ең алдымен, ұлтымыздың бостандығы үшін басын бәйгеге тігіп, мерт болған ерлерді еске алудан бастау алуға тиіс. Қызылжарда 16 желтоқсанның таңы облыс орталығындағы Тәуелсіздік стелласына гүл шоқтарын қоюдан басталды. Шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен қоғам белсенділері жиналды.

Олар алдымен азаттық жолында құрбан болған асылдарымызды бір минут үнсіздікпен еске алды. Кейін Тәуелсіздік стелласына гүл шоқтары қойылды. Ақ қардың бетін жапқан қызыл гүлдер Желтоқсанда төгілген қазақ жастарының қанын еске салып тұрды.

Ғауез Торсанұлы жұртшылықты атаулы күнмен құттықтады.

“Еліміздің бостандығын аңсаған ата-бабаларымыз бен Отанымыздың еркіндігі үшін күрескен азаматтарды еске алып, тағзым ету – біздің ұлы парызымыз. Олардың еліне деген кіршіксіз махаббаты – өскелең ұрпаққа нағыз үлгі. Көк байрағы желбіреген, абыройлы да айбынды, беделді де берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болғай. Әр отбасыға игілік пен бақыт, бақ-дәулет, ырыс тілеймін. Қазақстанның дамуы жолындағы еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаларыңыз сәтті болсын”, – деді өңір басшысы.

Тәуелсіздік мерекесі күні облыстық кәсіподақтар орталығының ұйымдастыруымен №2 мектеп алаңқайында орналасқан Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың мүсініне гүл шоқтары қойылды. Оған Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Жарасбай Сүлейменов, өңірлік кәсіподақтар ұйымының жетекшісі Ерік Нұрақаев, зиялы қауым өкілдері қатысып, егемендік үшін күрескен тұлғаларды еске алды.

Ал Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының мүшелері, этномәдени орталықтардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері Мағжан Жұмабаев ескерткішінің алдына жиналып, саналы ғұмырын ұлтының кемел де жарқын болашағына арнаған тұлғаның аруағына тағзым етті.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp