Ол әр күні таңертең қаладағы мыңдаған тұрғынның жайлы өмірі үшін жауапкершілік арқалап, жұмысына аттанады. Шаһар халқы тіршілік көзінен тарығып қалмау үшін қолына құрал-сайманын алып, күні бойы бел жазбай еңбек етеді. Әр күн сайын өз еңбегінің нәтижесін көріп, кеудесін ризашылық сезімі кернеп, өз ісінің қала өмірі үшін маңызды екенін сезінеді. Слесарь Дүйсенбі Ташкеновтің осындай күн тәртібімен өмір сүріп жатқанына 15 жыл болды. Ол “Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде еңбек етеді.
Дүйсенбі Алпыспайұлы – Есіл ауданындағы Мектеп ауылының тумасы. Ол мектепті тамамдап, әскерден келгеннен кейін техникумға оқуға түсіп, агроном мамандығын меңгеріп шығады. Одан кейін біраз уақыт ауылда жұмыс істеп, кейін қалаға көшуді ұйғарады. Облыс орталығына келгеннен бері аталған серіктестікте табан аудармай еңбек етіп келеді.
– Әр жұмыстың қиындығы да, қызығы да болады ғой. Маған өз жұмысым ұнайды. Еңбек етем деген адамға қажетті жағдай жасалған. Әріптестерім де – жақсы адамдар. Үнемі қолдап, қол ұшын беруге дайын тұрады. Отбасымда жұбайым мен балаларым бар. Балаларым бүгінде ер жетіп, түрлі салада жұмыс істеп жүр. Олардың бойына еңбекқорлық, жауапкершілік қасиеттерін сіңіруге тырысамын, – дейді Дүйсенбі Ташкенов.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.