«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Кітапқұмарлар сайысы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Уәлиханов аудандық орталық кітапханасының мамандары “Кітапқұмар” жобасын жүзеге асыруда. Оның аясында жуырда оқырмандар арасында сайыс ұйымдастырылды. Екінші жыл қатарынан өткізілген сында “Кітапқұмар мектеп” кубогы сарапқа салынды.

Жобаның биылғы тақырыбы Қожаберген жырау Толыбайұлының ”Елім-ай” дастанының 300 жылдығына арналды.

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Ел-жұртынан айырылған жаман екен,

Екі көзден мөлтілдеп жас ке­ле­ді, – деп басталатын “Елім-ай!” бұрын халық әні деп айтылып жүрді. Әйтсе де ол ән­нің­ сөзі мен әуенінен қилы бір­ замандағы халқымыздың бас­тан кешкен оқиғасы, сай-сүйе­гіңді сырқырататындай мұңы мен зары, қайғы-қасіреті сезілетін. Бертін келе халық ауыз әдебиетінің мұраларын жинаушылардың, әдебиетші және тарихшы ғалымдардың ыждаһатты зерттеулерінің арқасында оның авторы XVII-XVIII ғасырларда өмір сүрген Қожаберген жырау Толыбайұлы екені белгілі болды. Жыраудың “Елім-ай!” әні ғана емес, осы аттас үлкен тарихи дастаны, тағы да “Күлдірмам-ай”, “Қойлыбай көреген”, “Қарасары Болат керей”, “Соқыр абыз”, “Баба тіл”, “Жеті Жарғы”, “Қабанбай батыр”, “Ер Көкше”, “Асан ата”, “Ер Қосай”, “Ер Жәнібек”, “Қорқыт баба”, “Ер Едіге”, “Орақ батыр” және т.б. ондаған құнды әдеби шығармалары табылды.

“Елім-ай” дастанының тарихымыздағы елеулі белес, бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін саяси-тәрбиелік мәні зор. Бес жарым ғасырдан астам тарихымызда еліміздің жүріп өткен жолын, халқымыздың “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” сияқты бастан кешкен небір қиын қыстау оқиғаларды, зар заманға кез болып, азаттық пен бостандық үшін күрескен, қанды шайқастарды бастан өткерген, зорлық-зомбылық пен отарлық езгіні көрген, туған жерді қорғаудың жолында жанын пида қылған ата-бабаларымыздың ерлігін жеткізген бұл ұлы дастан – құнды тарихи шығарма.

Кітаптың адам өміріндегі маңызы мен ғылым мен білімнің пайдасын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған жоба жас буынның ой-өрісін, дүниетанымын кеңейтіп, сөздік қорын молайтып, жұрт алдында еркін сөйлеуге баулып, кітапқа деген қызығушылығын арттырып, жастардың патриоттық рухын көтереді.

Байқаудың бірінші бөлімінде үміткерлер дастан желісі бойынша сахналық көрініс қойып, екінші кезеңде “Туған ел” тақырыбында жазылған өлеңдер оқылды. Додаға аудандағы үш мектептің оқушылары қатысты.

Қазылар алқасының шешімімен 2 кезеңнен де сүрінбей өткен №2 Кішкенекөл орта мектебі жүлделі 1 орынға ие болып, “Кітапқұмар мектеп” кубогын қанжығасына байлады. Сонымен қатар жас ақындар арасында үздіктер анықталып, І орын Айым Оқасқа берілді.

Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табысталып, барлық қатысушылар мен қонақтарға тәттілер таратылды.

Жанаргүл МҮШЕЛБАЙ,

Уәлиханов аудандық орталық кітапханасының кітапханашысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp