Төсінде төрт түлік шұбырып, даласында егін жайқалып, қамбасында астығы тасыған Қызылжар – еліміздің агроөнеркәсібінде маңызды орын алатын облыстардың бірі. Ет, сүт, жұмыртқа, айта берсек, халыққа бірінші кезекте қажетті азық-түліктің көбі теріскейде өндіріледі. Соңғы жылдары қарқынды жұмыс істеп, қолданысқа беріліп келе жатқан сүт фермалары, құс фабрикалары өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндіктерінің бұдан да зор екенін көрсетіп отыр. Осылайша өңіріміз тек астық өсіруде ғана емес, мал шаруашылығы саласында да алға озып, көпке үлгі болуда.
Мемлекет басшысының өткен жылғы халыққа арнаған “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” Жолдауында осы жайтқа айрықша назар аударып, жоғары баға бергені де өңір шаруаларының көп жылдық еңбегінің жанғаны. Осы орайда біз аты барша елімізге жайылған үлгілі сүт фермалары, құс фабрикалары мен өзге де кәсіпорындардың жұмысын оқырмандарға таныту мақсатында арнайы айдар ашып, оның аясында озық агроқұрылымдар жайында баяндамақпыз. Жаңа айдарымыздың алғашқы мақаласын Қызылжар ауданына қарасты Чапаев ауылындағы “Қызылжар сүт” серіктестігіне арнап отырмыз.
Шетелден әкелінетін асыл тұқымды мал басы мен заманауи қондырғылар өнім көлемін одан сайын еселей түсуге септеседі. Бұған Чапаев ауылындағы сүт фермасын аралау барысында тағы бір көзіміз жетті. Ауыл іргесіндегі ақ қайыңды орманның бауырына салынған тауарлы-сүт фермасының аумағы ат шаптырымдай. Қаз-қатар тізілген сиыр қораларды аралап шықтық. Абыр-сабыр адам байқалмайды. Арнайы техникалар ғана ары-бері жемшөп тасып жүр. Ферманың осы қалпынан жаңылмай, жемісті жұмыс істеп келе жатқанына үш жылдан асты. Серіктестіктің осы жылдары жеткен жетістіктері, қазіргі жұмысы жайлы бас зоотехник Данияр Жүсіпов баяндап берді.
– Біздің ферма сүт өндірісімен айналысады. Біз өз жұмысымызды 2020 жылдың 30 қарашасында бастадық. Бүгінде мұнда асылтұқымды ірі қараның екі түрі өсіріледі. Оның бірі – симменталь, екіншісі – қара ала және қызыл ала гольштин сиырлары. Сауылатын 650 сиыр бар. Оған бұзаулар мен бордақылау алаңындағы малды қосыңыз. Ірі қара еркін жайылымда емес, арнайы қораларда ұсталады. Байланбайды, еркін бағылады. Сиыр қоралардың іші автоматтандырылған дельта скреперлер арқылы тазартылады. Жалпы біздің ферма автоматтандыру бойынша өңірде алдыңғы қатардағы фермалардың бірі, – дейді Данияр Жүсіпов.
Ірі қараға қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Таза орын, қолайлы температура, тәулік бойғы су мен жемшөптің жеткілікті болуы, тіпті сиырлар сүйкенсе, денесін қасып беретін қондырғыларға дейін бар. Сиырлар күніне үш рет сауылады. Таңғы бесте басталған сауу кезегі, түсте және кешкі тоғызда қайталанып, түнгі сағат екі-үштерде бір-ақ тоқтайды. Тәулігіне әр сиыр 26-27 литрден сүт береді. Сауу процесі немістің “GEA” аппараты арқылы жүзеге асырылады. Сауу залындағы процестің бәрі мамандар даярлаған протоколға сай жүреді. Онда әр сиырдың қанша сүт бергені автоматты түрде тіркеліп, есепке алынады. Кейін сүт арнайы бөшкелерге жиналады. Ақтың бәрі “Молсервис”, “Eurasian Milk” кәсіпорындарына күнделікті бірнеше рет жөнелтіліп тұрады.
Халқымыз “сиырдың сүті – тілінде”, – деп бекер айтпаса керек. Аталған ферма мамандары бұл ұстанымға қатаң бағынады. Серіктестік жемазықтық дақылдың бәрін өз алқаптарында өсіріп, дайындайды. Шөп, сабаннан бастап, сүрлем, пішендемеге дейін бәрі арнайы цехта өңдеуден өтеді. Жалпы серіктестік 25 мың гектардан астам алқапқа тұқым себеді. Одан жиналған астық мал азығынан бөлек экспортқа да жөнелтіледі. Алқаптарда жүгері, бидай, арпа, судан шөбі өседі.
Ферма аумағында 3 бұзау қора, бордақылау алаңы, жем азықтық цех, шағын жайылым алаңдары, 9 пішендеме орлары бар. Биыл жаңадан 2 сүрлем қоймасы салыныпты.
50 адам еңбек етуде. Сауыншы, механизатор, бұзау бағушылар, мал қараушылар, цех жұмысшылары сияқты мамандардың басым көпшілігі – Чапаев ауылының тұрғындары. Жақын маңдағы облыс орталығы мен Астраханка, Бескөл, Бәйтеректен келіп жұмыс істейтін мамандар да бар. Жұмысшылар күнделікті арнайы автобуспен тасымалданады. Бұдан бөлек, ферма аумағында еңбек етушілерге арналған асхана мен демалыс бөлмелері қарастырылған. Мұндағы орташа жалақы 200-250 мың теңгенің айналасында.
– Мұнда еңбек етіп келе жатқаныма бір жылдың көлемі болды. Серіктестіктегі қолайлы жағдай көңілімнен шығады. Жалақыны тұрақты төлейді. Жұмыстың көбі автоматтандырылған. Біз ірі қараның жай-күйін бақылап, қораларда азықтың жеткілікті болуын, тазалығын қадағалаймыз. Сауатын уақыт келгенде малды топ-тобымен арнайы орынға айдаймыз, – дейді серіктестік жұмысшысы Жақсылық Алиев.
Фермадағы асылтұқымды малдың алғашқы легі Германия, Австрия, Чехиядан әкелінген. Шетелден төл әкелу мемлекеттік бағдарлама арқылы жүзеге асады. Мұндағы сүтті сиырлар көбіне 2-3 жыл ғана бағылады. Кейбірі 8 жылға дейін сауыла беруі мүмкін. Жас төл дамуы жағынан арнайы топтарға бөлініп, кейін өзгелерінің орнын басады.
– Біз қазіргі таңда қолдан ұрықтандырудың жаңа тәсіліне көшіп жатырмыз. Бұл тәсіл арқылы зертханада арнайы биоматериал дайындалады. Бұзаулар кешен аумағында күтіліп, кейін өзге сүтті сиырларды алмастырады. Ал бұқалар бордақылау алаңында 500 келі салмақ жинағанға дейін бағылып, кейін еті асхана қажеттілігі үшін пайдаланылады. Мұнда бұзаулар тек сиыр сүтімен ғана қоректенеді. Қазіргі зерттеулер табиғи сүтті ешқандай қоспалардың алмастыра алмайтынын көрсетіп отыр, – дейді бас зоотехник Данияр Жүсіпов.
Негізгі жұмысынан бөлек, серіктестік ауыл шаруашылығы саласында білікті мамандар даярлауға да үлес қосып келеді. Жыл сайын мұнда М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті агротехнология факультетінің студенттері тәжірибеден өтеді. Оларға да арнайы жағдай жасалып, өндірістің жай-жапсары түсіндіріліп, жалақы төленеді. Сол сияқты мамандар өңірдегі өзге агроқұрылымдармен де тәжірибе алмасып, түрлі семинарлар өткізіп тұрады.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.