«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұсыныс-тілектерін айтты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Парламент Сенаты мен Мәжілісінің бір топ депутаты өңір тұрғындарымен кездесулерін одан әрі жалғастыруда.

“Amanat” партиясы фракциясының мүшесі Еркебұлан Мәмбетов Айыртау ауданында болып, жұмыс сапарын Антоновка ауылындағы “Борисфен” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен бастады.

Мұндағы тауарлы-сүт фермасы 250 басқа арналған. Жобаның құны – 970 млн. теңге. Жылына 2000 тоннаға дейін сүт сауылады. Несие әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы рәсімделген. Даниядан асыл тұқымды 238 бас ірі қара әкелінген. 25 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген.

Бұдан кейін Еркебұлан Нұрмағамбетұлы Саумалкөлдегі “Тезис” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, ұжыммен кездесті. Кәсіпорын ірімшік жасаумен айналысады. Тың жобаны жүзеге асыру үшін 629 млн. теңге инвестиция құйылған. Күндік қуаттылығы – 2 тонна. Ірімшіктің моцарелла, сулугуни, ерітілген және сүрленген 25 түрі дайыналады. Бағасы қолжетімді, нарықтағыдан15-20 пайызға арзан. Қондырғылар Ресейден, Болгариядан, Италиядан әкелінген.

Мәжіліс депутаты сайлаушылармен әңгімелесті, тұрғындарды жеке қабылдады. Онда аудан орталығында иесіз тұрған көп қабатты үйлерді қалпына келтіру, стадион салу, жер пайларын заңнамалық тұрғыдан бекіту туралы ұсыныстар айтылды.

Қазақстан халық партиясы фракциясының өкілі Кенжеғұл Сейтжан Петропавл қалалық № 2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің ұжымымен кездесті.

Өрт сөндіруші-құтқарушы мамандар спорт кешенінің жоқтығын, баспана жайы да өткір тұрғанын жеткізді. Ал сенатор Әсем Рахметова Мамлют мектеп-гимназиясында кездесу өткізіп, алдымызда тұрған басты мақсаттардың бірі – жаңа қуат көздерін енгізу, желілерді жоспарлы түрде жаңарту, коммуналдық саланы түгелдей жаңғырту екенін тілге тиек етті. Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина жалпы аумағы 12 мың шаршы метрді құрайтын орталық қазандық аумағын аралады. Оған жылумен жабдықтау желілерінің үшінші кезегі салынып, 12 тұрғын үйді қосу жоспарланып отырғаны айтылды.

Мәжілісмендер Магеррам Магеррамов, Ирина Смирнова, Ислам Сұңқар “Есіл су” мекемесінде, №2 жылу-электр орталығында болып, С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада тұрғындармен кездесті. Сондай-ақ Мамлют ауданының орталық ауруханасында, Белое, Меңгесер ауылдарында болды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp