Мемлекет ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға барлық қажетті жағдайды жасап отыр. Оның нақты мысалына экономикалық, әлеуметтік бағыттар бойынша қабылданып, жүзеге асырылып жатқан ауқымды бағдарламаларды айтуға болады. Соңғы кездері ауыл-аймақтарды кешенді түрде өркендетуге ерекше басымдық беріліп отыр. Мұны ұлттық құндылықтардың елді мекендерден бастау алатынын, сарқылмас рухани қайнар бұлағымыз іспеттес мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз қаймағы бұзылмастан кіндік кескен өлкемізде сақталғанын ескергендік деп білеміз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр VІІІ сайланған Парламенттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде елімізде бірнеше жылдан бері “Ауыл – ел бесігі” жобасы іске қосылғанын, оның аясында бір мыңнан астам ауылдағы 3700 нысан жаңғыртылғанын айтты. Оның бәрі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жүйесіне жатады. 1,5 мыңнан астам жобаға 143 млрд. теңге бөлініп, елді мекендердегі кәсіпкерлікті ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы ілгерілету үшін “Ауыл аманаты” тұжырымдамасы қолға алынды. Ауыл тұрғындарына 5-7 жылға 2,5 пайызбен шағын несие беріліп, құрал-жабдықтар мен техникалар сатып алуға рәсімдеу шарттары жеңілдетілген 1 триллионға жуық субсидия қарастырылды.
Бүгінде бәріміздің жанталасып жатқанымыз – шалғайда орналасқандықтан, қолдан жасалған күйзеліске ұшырап, қалыпты әлеуметтік, тұрмыстық қолжетімділіктен шет қалған, деградациялық жағдайда тұрған ауылдарды қайтсек сақтап қаламыз деген ниет. Әрине, ауыл мен қаланың өркениетін, инфрақұрылымын салыстыруға келе қоймас. Дегенмен, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттырып, тұрмыстық сапасын көтерудің мүмкіндіктері аз емес. Бүгінде ауыл халқының саны барлық республика жұртшылығының 40 пайыздан астамын құрайды. Оның үстіне ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтылу үлесі аз емес, 30 пайызға жуық. Біздің мақсатымыз – ауыл әлеуетін көтеру. Қазақстанда жүргізіліп жатқан қуатты аграрлық саясаттың арқасында тәуелсіздік жылдары өз алдына отау тіккен серіктестік түбегейлі қайта құруларды бастан кешіре отырып, Привольный ауылы тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін айтарлықтай жақсарта алды. Осы кезең ішінде іргелі шаруашылыққа айналып, әлеуметтік маңызы бар бірқатар нысандар салынды, қалпына келтірілді. Менің ойымша, егемендіктің елең-алаң шағындағы экономикалық қиындықтарды қазбалап айта бергенше адамдардың санасында ертеңгі биіктерге жетелейтін жасампаздық ұғымын орнықтыру әлдеқайда тиімді болар еді. Осындайда ойыма Мемлекет басшысының жастарға қарата айтқан: “Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет”, – деген сөзі оралады. Шынында да, адамдарды ауылға тартатын жаңа стильді, өзгеше форматты іс-шаралар көбірек ұйымдастырылса, соғұрлым құрғақ есептен арылып, нақты нәтижелерге, игілікті істерге қол жеткізер едік.
Биыл 330 гектар алқапты тамшылатып суару технологиясы енгізіліп, мал азығы үшін жүгері мен жоңышқа өсіріле бастады. Бұдан бөлек, мал бағу мен бордақылаудың заманауи қондырғылары орнатылған тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. 934 бас ірі қараның 492-сі – сауын сиырлар. Сырттан асыл тұқымды мал сатып алынды. Күніне орта есеппен 9000 литр сүт сауылады. “Сиырдың тілі – сүтінде” демекші, жемшөбінің сапасына баса мән береміз. Германиялық жем зауыты іске қосылды. Малды азықтандыруға және күтіп-баптауға қажетті құрал-жабдықтар жаңартылды.
Дәнді дақылдардың жалпы ауданы – 5184 гектар, оның 3479 гектарына мал азығы дақылдары өсіріледі. Алға қойып отырған бір мақсатым – егістік алқаптардың өнімділігін арттыра отырып, суармалы жоңышқа көлемін ұлғайту. Топырақ өңдейтін БПГ тырмасы, екі көлік сатып алынды. Егін және мал шаруашылығы салалары қосалқы бөлшектермен, тұқыммен, жемшөппен толық қамтамасыз етілді.
Жас мамандарға құшағымыз әркез айқара ашық. Биыл 10 жұмыс орны құрылды. Десек те, әлі малшы, агроном жетіспейді. Ауылымызға келіп, орныға қалса, еш өкінбесі анық. Қалыпты жұмыс істеп, жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалады. Бір маманның отбасына баспана берілді. Қосымша тұрғын үйлер салуды жоспарлап отырмыз. Жұмысшылардың орташа еңбекақысы 170 мың теңгеге жуықтайды. Қоғамдық монша жұмыс істеп тұр. Мектеп шаруашылықтың қамқорлығына алынған. Спорт залы жөнделді. Ғимарат аумағы үнемі тазартылып отырады. Оқушылардың аудандық, облыстық жарыстар мен іс-шараларға баруына арнайы көлік бөлінген. Шағын орталықтағы бүлдіршіндер тегін тамақтандырылады. Өнер мектебіне күйсандық, қолданбалы өнерге арналған түрлі құрылғылар әперілді. Пайшылар саны – 190. Олар үлестерін астықтай да, ақшалай да ала алады. Басқа да әлеуметтік қолдаулар көрсетіледі. Қоғам қайраткері Н. Әуелбековті, кеңшардың бұрынғы директоры С.Ковальді еске алу турнирлеріне демеушіліктен бас тартқан емеспіз.
Бүгінде ауыл-аймақтарды дамыту қолданыстағы барлық бағдарламалық құжаттар аясында іске асып жатқаны қуантады. Ауылдық аумақтарды өркендетудің 2023-2027 жылдарды қамтитын тұжырымдамасын алайық. Ол бойынша 7 млн. тұрғыны бар 3,5 мың ауылдық елді мекен кешенді түрде жаңғыртылмақ. 5 жыл ішінде 800 млрд. теңге бөлінетін болады. Сапалы сумен қамту 100 пайызға жетеді. Жергілікті маңызға ие жолдардың 95 пайызы жақсарады. 24 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. 10 мың шақырым ауылішілік жол қалпына келтіріледі. 12 мың шақырым инженерлік желі салынады. Сонымен қатар тұрғын үй салудың жаңа механизмі енгізіледі. Яғни ауыл қызметкерлері үшін баспана салған жұмыс беруші шығындарының 50 пайызы субсидияланады. Бұл жас мамандарды қоныстандырудың кешенді тәсілі емес пе? Түпкі бағдар – әлеуметтік, инженерлік жүйесі бар қолайлы орта қалыптастыру. Біз үшін ауыл – әрқашан алтын бесік, киелі мекен, береке мен байлықтың, ырыс пен молшылықтың күретамыры. Бұрынғыдай емес, елді мекендерге деген көзқарас түбірімен өзгерген, қамқорлық жетіп артылады. Олай болса, құр ұрандатып қана қоймай, тоздырмаудың, қазақи қалыпты сақтап қалудың жолдары мен мүмкіндіктерін талмай қарастырсақ, тұрғындар рухани жағынан да жаңа мазмұнға ие болып, жылы қоныстарынан кетуге асықпайтын болады.
Серік АЛТАЕВ,
“Астық-Привольный” ЖШС-ның директоры.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.