“Kaspi.kz” финтех-холдингі АҚШ-тағы NASDAQ биржасында акцияларын бастапқы жария орналастыруға (IPO) шығарды. Ëондон қор биржасының сайтындағы ақпарат бойынша, Kaspi.kz әрқайсысы компанияның әдеттегі бір акциясын ұсынатын 11300000 америкалық депозитарлық акцияны (ADS) орналастырған. Орналастыру бағасы – ADS үшін 92 доллардан.
“Kaspi.kz”-тің IPO-ға тартқан қаржы көлемі 1 млрд. 039 млн. долларды құрайды. Орналастырудың жетекші букраннерлері (өтінімді қабылдаумен айналысатын компания) – Morgan Stanley, J.P. Morgan және Citigroup. Ал Susquehanna Financial Group, LLLP and Wolfe | Nomura Alliance бағалы қағаздарды орналастыру бойынша қосымша менеджерлер ретінде жұмыс істейді. Жалпы финтех-холдинг IPO аясында 9 млн. америкалық депозитарлық акциясын орналастыруды жоспарлайды.
“Нью-Йорктағы Time Square-де Қазақстанның үлкен туын көрген кезіміздегі кеудемізді кернеген мақтаныш сезімін сөзбен айтып жеткізу қиын. Біз сіздермен бірлесіп, Қазақстанды жаңа деңгейге шығардық, елімізді жаһандық инновациялық картаға енгіздік, сонымен қатар әлем бойынша көптеген компания мен инвестор үшін үлгі болдық. “Kaspi.kz” дамуының жаңа кезеңіне аяқ басып отырмыз. Енді әрқайсыңыздың алдыңыздағы жауапкершілігіміз одан әрі ұлғая түсті. Сүйікті клиенттеріміз бен серіктестерімізге айтар алғысымыз зор. Жаңа жетістіктерге жетуге бізді ынталандыра беріңіздер. Біз сіздердің өмірлеріңізді жақсартатын және елдің дамуына елеулі үлес қосатын инновациялық сервис құруды жалғастыра береміз”, – дейді “Kaspi.kz” басшысы Михаил Ломтадзе.
NASDAQ жаһандық орналастыру жөніндегі жетекшісі Кэрен Сноудың айтуынша, “Kaspi.kz” 17 жыл бұрын Алматыда құрылғалы бері халықтың өмірін жақсартуды өзінің миссиясына айналдырып, цифрландыруға орасан зор үлес қосты. “Kaspi.kz” суперқосымшасы электронды коммерция, саяхат, азық-түлік, төлемдер, QR-кодпен төлеу және мемлекеттік қызметтерді ұсынып, Қазақстан азаматтарының күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналды және әлемдегі басқа қосымшалармен салыстырғанда қолдану бойынша ең жоғары көрсеткіштерге ие.
Айта кетейік, “Kaspi.kz” 2020 жылдың қазан айында Лондон қор биржасында (LSE) IPO өткізді. Ол кезде компания акционерлері IPO-ға компания акциясының 15 пайызын орналастырып, 1 млрд. доллар тартқан болатын.
Әсет ҚАНАФИН.