Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы өңірдегі соңғы бір жылдағы инфляция деңгейіне қатысты көрсеткіштерді жариялады. Өткен жылғы қаңтар мен 2024 жылдың қаңтары аралығында облыстағы инфляция 9,5 пайызды құрап отыр. Есепті 12 ай ішінде азық-түлік тауарларының құны – 8,8, азық-түлік емес тауарлардікі – 8, ақылы қызметтер 12,7 пайызға өскен.
Сонымен қатар Ұлттық статистика бюросы өткен жылғы жиын-терім науқанының қорытындыларын да жариялады. 2023 жылы диқандар 4478,6 мың гектар алқапқа тұқым сепкен. Бұл ретте дәнді және бұршақты дақылдардың жиналған алқабы – 3358,7 мың гектар, майлы дақылдар – 636,9, көкөністер – 5,4 мың, картоп – 26,5 мың гектар.
Дәнді және бұршақты дақылдардың жалпы түсімі, 2022 жылмен салыстырғанда, 16,3 пайызға азайып, 3747,7 мың тоннаны құраса, бидайдың үлесі – 78,2 пайыз. Өңір диқандары ел бойынша астықтың 21,9 пайызын қамбаға құйған. Былтыр жиналған майлы дақылдар көлемі 41,5 пайызға кеміп, 431 мың тонна болған.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.