– Жанар Серкешқызы, ұлы Абай атамыз “Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады” депті. Сіз – талай шәкірттің жүрегіне білім шырағын жағып, қазақ әдебиетінің тереңіне бойлатып келе жатқан жансыз. Данышпан айтқан жақсы ұстаз деген кім?
– Адам ұстаздыққа жүрек қалауымен бет бұруы керек. Сонда ғана одан жақсы мұғалім шығады. Менің ойымша, ұстаз – қоғамдағы ең ұлағатты мамандық. Себебі жастарға білім беру, оларға өмірлік бағыт-бағдар көрсету – дүниедегі ең пайдалы іс. Мен мұғалімдер отбасында дүниеге келдім. Ата-анам менің өмірлік темірқазығым болды. Үлгі тұтар ұстаздарым да аз болмады. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ берген Әлия Ғалымқызы Малдыбаеваның орны ерекше. Жақсы ұстаз туралы әңгіме қозғалғанда менің ойыма сол кісі түседі.
– Сіз әдеби зерттеумен шұғылданып, көптеген мақала жаздыңыз. Мақалаларыңызда қаламгерлердің суреткерлік шеберлігі мен жазу ерекшелігіне баса назар аударасыз. Бұның себебі неде?
– Көркем шығарма тілі – халықтың дүниені түйсінуінен хабар беретін қойма. Қаламгердің көркемдік əлемі, сөз саптау мəдениеті, ассоциациялық бейнелері өмірлік тәжірибесі мен білімі негізінде іске асады. Осыдан келіп оның сөз шеберлігі, өзіндік қолтаңбасы айқындалады. Сондықтан ақын-жазушылардың тілдік бейнесін зерделеу арқылы ұлттың эстетикалық таным-талғамын, мінез-құлық, ырым-наным, салт-дәстүрін, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухты жан-жақты тани түсеміз. Сөзден өрнек сала білетін сөз зергерлерінің стильдік ерекшелігін зерттеу ғылыми зерттеушілік бағыттарымның бірі деп айтар едім.
– Стильдік ерекшелік дегеннен шығады, әдебиетте түрлі бағытты қамтитын жанр бар. Заманауи, постмодернистік әдебиетті дамытуға ден қойып жүргендер аз емес. Сіздің жаныңызға қайсысы жақын?
– Ғылымдағы зерттеушілік жолымды поэзиядан бастадым. Менің кандидаттық диссертациям жерлес ақын Ғалым Малдыбаев поэзиясының тілін зерделеп, көркемдік қуатын саралауға арналған. Суреткерлік қабілет, шығармашылық талант, қаламгердің өзіндік ерекшелігі мен даралығы әдебиеттің қай жанрында болсын орын алады. Абай мен Мағжанды, Мұхтар Шаханов, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Төлеген Айбергеновтің поэзиясын оқығанды жақсы көремін. Көңілім көркем проза оқуға әуес. Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Мағауин, Ілияс Есенберлин, Тахауи Ахтанов сияқты классиктердің туындыларын оқудың өзі бір ғанибет. Құстың қос қанатындай бұл екі жанрдың екеуі де жаныма жақын дер едім. Қандай жаңа жанр болсын дәстүрлі әдебиеттен ажырамауы керек.
– Қоғамда дипломы бар, алайда өз мамандықтары бойынша жұмыс істемейтін жастар көп. Бұған не себеп деп ойлайсыз?
– Қилы-қилы тағдыр бар, таңдау бар. Адам қателеседі, бағытын өзгертеді немесе тіпті өз мамандығы бойынша жұмыс таппай қалып, басқа салаға ауысып кетуі де ғажап емес. Ол үшін жастарды кінәлай да алмаймыз. Шынын айтсақ, мыңдаған түлек жыл сайын қолдарына диплом алып жатады, ал сол түлектерді жұмыспен қамтамасыз етуге қоғам даяр ма? Біз осы мәселені ойлануымыз керек. Оның үстіне мектеп түлектерінің көпшілігі мамандық таңдауға келгенде күмәнданып, шешім қабылдауға қиналып жатады. Сондықтан кәсіби бағдар беру жұмыстарын белсенді жүргізуіміз керек. Оқушылар мамандық таңдамас бұрын, өзі таңдайтын мамандықты бітірген соң қызмет істейтін саланың қыр-сырымен жақынырақ танысулары керек. Мамандық таңдау – адамның өміріндегі ең маңызды, ең жауапты сәт. Бұл ретте мектепке, ата-анаға зор жауапкершілік жүктеледі. Менің ойымша, әр адам өзінің қабілеті пен қызығушылығына сай мамандық таңдауы керек.
– Өзіңіз қызмет атқарып отырған университеттегі тәрбие жұмысының ақсап тұрғаны, студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру жолға қойылмағаны туралы жиі сын айтылады. Басқарма төрағасының кеңесшісі ретінде бұған не дейсіз?
– Білім ордасының тәрбие жұмысы туралы біржақты пікір айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Түрлі спартакиадалар, шығармашылық кештер мен өзекті тақырыпқа арналған “дөңгелек үстелдер”, конференциялар, стартап жобалар, дебаттар мен қайырымдылық шаралары үздіксіз ұйымдастырылуда. Мемлекеттік мерекелерге қатысты іс-шаралар жоғары деңгейде өткізіледі. Күні кеше ғана тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы “дөңгелек үстел” өткізілсе, бүгін “Біз біргеміз” атты еріктілер акциясы ұйымдастырылып, студенттеріміз Аналар үйінің тұрғындарына сый-сияпат жасады.
Біз студенттердің пікірлері мен тілектеріне үнемі құлақ асамыз. 100-ден астам білім алушы факультет кеңесінен бастап ғылыми кеңеске дейінгі әртүрлі деңгейлерде ұйымдастырылатын жиналыстарға тұрақты түрде қатысып отырады. Мысалы, студенттердің өтініші бойынша оқу залының жұмыс уақыты сағат 22.00-ге дейін ұзартылды, яғни, үй тапсырмасы мен сессияға дайындалуға қосымша уақыт бөлінді.
Университетте 23 спорт секциясы, 30-дан астам студенттік клуб пен бірлестік, соның ішінде студенттер үкіметі, жастар комитеті және студенттер кәсіподағы бар. Спорттық секциялар студенттердің таңдауы бойынша ұйымдастырылады. Студенттік өзін-өзі басқару ұйымының қызметі жолға қойылған. Шақырылған лекторлармен танымдық кездесулер өткізіліп тұрады, пікірсайыс және жайдарман ойындары ұйымдастырылады.
– Биыл “Cерпін – 2050” бағдарламасының іске қосылғанына 10 жыл толды. Осы уақыт ішінде жұмыс күші көп өңірлерден жүздеген ұл-қыз Қызылжарға келіп, білім алды. Қолдарына дипломдарын ала салысымен туған жерлеріне ат басын бұрғандары да аз емес. Жалпы бұл бағдарламаның тиімділігі туралы екіұшты пікір бар. Сіздің пікіріңізді білсек?
– 2014-2015 оқу жылынан бастап М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде “Серпін-2050” бағдарламасы бойынша кадрлар даярлау жүзеге асырылды. “Мәңгілік ел жастары – индустрияға” “Серпін – 2050” бағдарламасы Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Маңғыстау облыстарының жастарына арналған. Білім ошағында 2014 жылдан 2021 жылға дейін осы бағдарлама бойынша 1624 адам білім алды. 2022 жылдан бастап бұл бағдарламаның атауы өзгерді. Халық тығыз қоныстанған және еліміздің батысындағы облыстардан келген жастарға арналған гранттар және Үкімет айқындаған өңірлерге қоныс аударатын ауыл жастарына арналған квоталар берілетін болды. Бұл квоталар бойынша оқыған түлектер солтүстік өңірлерде қалып жұмыс істеулері керек. Оқыған жерінде жұмысқа орналаспаған түлектерден қаржы орталығы гранттың ақшасын қайтаруды талап етеді. Ол заңды да, себебі квота бойынша оқуға түскен студенттер екіжақты келісімшартқа отырады. Оқуды бітірген соң, көңілдері қалайтын жұмыс табылмаса немесе жалақысы ойларынан шықпаса, елдеріне кетуге асығады.
Дегенмен университетімізде кәсіби бағдар беру жұмысы белсенді жүргізіліп отырады. Арнайы топ жүйелі түрде іссапарларға барады, олар ата-аналар жиналыстарына қатысып, квота, жұмысқа орналасу, жатақханада тұру, педагогикалық және өндірістік тәжірибе туралы толық ақпарат береді.
– Сіз журналистерге берген сұхбаттарыңызда жеке өміріңіз туралы көп айта бермейсіз. Мұның сыры неде?
– Соңғы кездері адамдар арасында əрбір əрекетін əлемге паш етіп, əлеуметтік желіге жариялау жаппай белең алып барады. Меніңше, бұл бағытта ұстамды болған жөн. Отбасым жайлы айтсам, жұбайым, ұлым мен қызым бар. Ұлым – Төлеген жоғары оқу орнын бітіріп, Астанада дәрігер болып қызмет етіп жүр. Келінімнің есімі – Райхан. Айша есімді тәп-тәтті немереміз өсіп келеді. Қызым – Дильназ, ақпараттық технологиялар мамандығының 2 курс студенті.
Әулетім жайында айтар болсам, өзім – үйдің кішісімін, өзімнен үлкен төрт әпкем, бір ағам бар. Адамның өмірінде ата-ананың орны бөлек. Кез келген адам бойындағы жақсы қасиеттердің бәрін ата-бабасынан, отбасынан алады. Ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын бар жақсы қасиет атаның қанымен, ананың сүтімен бойға дариды. Бізді жарық дүниеге әкелген әкеміз бен анамызға айтар алғысым шексіз. Екеуі де өзінің уақытын аямаған, өзгенің бақытын аялаған ұлағатты ұстаздар болды, еліне адал қызмет етті. Әкем Серкеш Смағұлұлы Исмағұлов – Есіл ауданы, Жарғайың ауылының тумасы, қажы-қазірет, молдалардың ұрпағы. Атамыз Смағұл үлкендердің айтуынша, бес уақыт намазын тастамаған, бойына емшілік қасиет дарыған, есепке жүйрік, кез келген тақырыпта ой жарыстыра алатын өте зерек жан болған деседі. Әкем бастапқыда әскери-әуе күштерінің офицері шенінде қызмет істеп, кейін ұстаздық жолды таңдаған екен. Зейнетке шыққанға дейін Шал ақын ауданының Социал, Балуан, Есіл ауданының Тауағаш, Өрнек ауылдарында мектеп директоры болған. Тарих, заң, сызу пәндерінен сабақ берді. Анам Тыныштық Мақанқызы Тауағаш ауылында дүниеге келген. Николаевка орта мектебін алтын медальмен бітіріп, 1954 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің “Математика” мамандығына оқуға түседі. Зейнетке шыққанға дейін мектепте ұстаздық етіп, бүкіл ғұмырын жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеуге арнады. Анам ақ құба, сұлу өңді, үнемі сәнді киінетін, сабырлы, салмақты, мінезге өте бай адам еді. Сөзге шешен, суырып салып өлең шығара білетін қабілеті де бар, әдебиетті, күмбірлеген күйді, домбыраны ерекше сүйетін.
– Қазіргі қазақ қоғамында шаңырақ көтеруді ойлап жүрген болашақ ерлі-зайыптыларды мәһр мәселесі алаңдатып отыр. Қосылмай жатып мәһр сұрайтын, бір жыл өтпей талақ айтатын заман өкілдері туралы не айтасыз?
– Қазақ – негізі, еліктегіш халық. Ұлтымыздың әдеп-ғұрпында жұбайынан сыйақы сұрау болмаған. Арабтың салты, киім кию үлгісі дендеп еніп жатыр. Біз әлімсақтан Алланы хақ деген мұсылманбыз. Мұсылман екендігімізді дәлелдеу үшін араб болудың қажеті жоқ. Алдымен тілімізбен, болмысымызбен қазақ болуымыз керек. Мәһр сұраудың себебі алғашқыда басқа болған. Сондықтан ненің болсын жақсысын алып, жасығын қалдырған дұрыс. Бұл жерде айта кетер жайт, ата-анасы қызына дұрыс бағыт беріп, адамгершілікке, қайырымдылық пен қарапайымдылыққа тәрбиелеулері керек. “Тәрбие – тал бесіктен” демекші, тіпті жастардың некесін қиып отырған молда мәһр сұратқан жағдайда, ақылды қыз ер азаматтың материалдық деңгейін, отбасының әлеуметтік жағдайын ескеріп, асыра сілтемес болар.
Өкінішке қарай, қазіргі жағдайда талақ айтып, ажырасу үрдісі де орын алып отыр. Біз зайырлы мемлекетте өмір сүреміз. Сол себепті бәрі де заңды түрде болуы керек. Әрине отбасын құру үлкен жауапкершілікті талап етеді.
– Жерлес жазушы Ғабит Мүсірепов “Әйел қырыққа келгенше өңін бермесе – қасиет” депті. Бұл сөз сізге қаратыла айтылғандай. Нәзік жан нәзіктігі мен сұлулығын сақтау үшін қандай қадамдарға баруы қажет?
– Адамның басты сұлулығы – ішкі жан-дүниесі, мінезі, әдебі. Сыртқы сұлулығы мен ішкі рухани сұлулығы үйлескен жағдайда нұр үстіне нұр болмақ. Жаны сұлу әйел қартаймайды. Керісінше, жасы ұлғайған сайын сұлулығына сұлулық қоса береді. Бет-әлпетіміз тазалық пен күтімді талап етеді. Сұлулықтың сыры – жасанды сұлулық емес, табиғаттың берген реңін жоғалтып алмай, айналамызға мейірімді болу деп түсінемін. Абай атамыз айтқандай, әр нәзік жанда “ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек” болуы керек.
– Ашық әңгімеңіз үшін рақмет!
Әңгімелескен
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.