Оқушы кезімде де, Петропавл қаласындағы педагогика институтының физика-математика факультетінде білім алған шақта да, ауыл мектебінде мұғалім болған жылдары да жазғандарым облыстық “Ленин туы” (қазіргі “Soltüstık Qazaqstan”) газетінде жиі болмаса да жарық көріп тұратын. Оның үстіне біздің ауылдағы әскерде бірге болған достарына қонаққа келетін газет тілшісі Жарасбай Сүлейменов (қазір белгілі қоғам қайраткері, жазушы) мені журналист болуға үгіттейтін. Әйтеуір осындай мың себептерді ми қатпарынан толғана өткізген соң, түпкілікті бір шешімге келіп, облыс орталығына жол тарттым.
Облыстық газеттің сол кездегі редакторы, белгілі журналист Уәп Рақымжанов бозқырау шалған шашын салалы саусақтарымен түзеп қойып, менің деректерім жазылған қағазды байыптап қарап шықты. Содан кейін бірнеше жанама сұрақтар қойды.
– Бізге сен сияқты жастар қажет. Сенің партиялық қызметті журналистикаға айырбастағың келетін шешімің түпкілікті екеніне сөзіңе қарап иландым. Бірақ мен қазір жігіттерді шақырып, пікірлерін білейін. Сен осында отыра тұр, – деп хатшы қыз арқылы журналистерді кабинетіне шақырды.
Бұрын редакцияға келіп жүргенде Бақыт Мұстафин, Мұрат Нұрмұқанов, Жарасбай Сүлейменов, Мереке Тұралин, Амандық Жантеміров, Әмір Қожахметов, Мәлік Мұқанов, Серік Қасенов, Амандық Әбжанов, Болат Қожахметов, Қайырбек Баймұқанов, Зейнолла Әкімжанов сияқты қырық пен елудің арасындағы журналистердің әрқайсысымен таныс болатынмын, олар маған қарымды қаламгер, бірегей тұлға болып көрінетін. Бәрі бірауыздан қолдау білдірген соң мәдениет бөліміне кіші әдеби қызметкер болып қабылдандым.
Биыл Ұлыстың ұлы күні өзінің 85-ші көктемін қарсы алып отырған Мұрат Нұрмұқанов ағамыз редакциядағы бастауыш партия ұйымының хатшысы екен, маған комсомол ұйымына жетекшілік ету тапсырылды. Содан ағамыз зейнет демалысына шыққанға дейін бірге қызмет еттік. Мұрат ағай 1939 жылы 23 наурызда қазіргі Есіл ауданындағы Жарқайың ауылында дүниеге келген. Әлі оңы мен солын танып үлгермеген кезінде алапат соғыс басталады. Оның зардабын, қиыншылығын көрмеген бірде-бір отбасы болмаған шығар. Ауылдың азаматтары соғысқа аттанады. Елде кемпір-шал, шиіттей балалар қалады. Әйелдер болса майданға кеткен ерлердің орнына жұмыс істейді.
– Киетін киімге, ішетін тамаққа жарымай өстік. Ұжымшар орталығынан соғысқа кеткен әкелердің балаларына аптасына бір рет 1 литр сорпа береді. Оның ішінде ет жоқ, картоп та шамалы, қайнаған суға ұн қосқан тұзсыз сорпа болатын. Үйге әкелген соң тұзы бар үйлер дәмін келтіріп ішетін. Бұл – енді қазіргі жастар үшін ертегі сияқты. Қыста қолдан тіккен етік кисек, жаз бойы жалаң аяқ жүретінбіз. Күздің қара суығына дейін табанымызға шөгір кірмейтін. Табанымыз ұлтан сияқты қалың, жып-жылтыр болатын. Осындай қиындықтарды көріп өстік және сол жолда шыңдала түстік, – деп еске алады Мұрат ағай балалық шағын.
Соғыс аяқталған жылы олар қазіргі Жамбыл ауданындағы Баян ауылына қоныс аударады. Әкесі Нұрмұқан мен анасы Мәрмәр жалғыз ұлдарын көзінің қарашығындай қорғап, қиындыққа мойымай өсіреді. Ауылдағы қаймақ айыру бөлімшесінде жұмыс істейтін ата-анасына оқушы кезінен қолғабыс етеді, оның үстіне үйдегі малды жайлау да оның міндеті болады. Осылай жастайынан еңбекпен шыңдалып өседі, сол кездердің өзінде ауылдағы өнерпаз жігіттердің бірі болатын, домбырамен ән шырқайтын, техника тілін жақсы меңгерген еді.
Баян орта мектебін үздіктердің қатарында тамамдаған ол үйдегі кәрі ата-анасына қарайлап, алысқа кете алмай, Петропавл қаласындағы бухгалтерлер даярлайтын курсқа түседі. Оны ойдағыдай бітірген соң “Баян” ұжымшарындағы трактор-егіс бригадасына есепші болып орналасады. Мектеп қабырғасында жүргенде журналист болуды армандайтын жас маман қолы босаған сәттерде қалам алып, ауыл өмірі туралы облыстық, аудандық газеттерге мақала жазатын. Шабыты оянғанда әңгіме, өлең жанрларына да қалам тартатын.
Алға қойған мақсатына қол жеткізбей тынбайтын мінезі бар ол 1961 жылы әсем Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Ол кезде Қазақстанда журналистер даярлайтын жалғыз жоғары оқу орнына түсу өте қиын болатын, өйткені бір орынға бірнеше талапкер таласады. “Бақ шаба ма, бап шаба ма?” дегендей ол барлық емтихандарды жақсы тапсырып шығады. Алайда отбасы жағдайына байланысты оқуын сырттай бөлімге ауыстырады. Ауылға оралып, өзі бітірген Баян орта мектебіне мұғалім болып орналасады.
Өткен ғасырдың 60-шы жылдары биліктің құйтырқы саясатының нәтижесінде қазақ тіліндегі бірқатар облыстық басылымдар жабылып қалғаны белгілі. Кейін қайтадан ашылды ғой. Мұрат Нұрмұқанұлы 1966 жылы дипломын қолына алғанда облыстық “Ленин туы” газеті қайта шыға бастаған екен. Жоғары білімді журналист бірден редакцияға жұмысқа алынады.
Мен қызметке қабылданған жылы Мұрат ағай өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі, редакция алқасының мүшесі болатын. Ол басқаратын бөлімнің жұмысы өте көп еді. Облыс орталығындағы қорғаныс зауыттарының, ірі өндіріс орындарының, құрылыс ұйымдарының басшылық құрамында қазақ азаматтары саусақпен санарлықтай ғана. Мұқаңның қалың дәптері болатын. Онда барлық лауазымды тұлғалардың, еңбек озаттарының есімдері, телефон нөмірлері жіпке тізгендей жазулы тұратын. Белгілі бір тақырыпқа газетке мақала жазу керек болса, соларға бірден хабарласатын және барлығын жақсы танитын. Оның қаламынан туған очерктер мен суреттемелер, өткір фельетондар мен сын мақалалар өз оқырмандарын бірден табатын. Газет беттерінде оның шағын әңгімелері мен өлеңдері де жарық көріп тұрды.
Бұл мақалада Мұқаңның қызметтегі екі сәтіне тоқтала кеткенді жөн көрдім. Өткен ғасырдың 80-90-шы жылдарының түйісінде жариялылық, демократиялық өзгерістер сияқты ұрандармен бірқатар оқиғалар орын алды. Соның бірі – жоғары лауазымдарға орналасуға конкурс өткізу. Редакциядағы жауапты хатшының орны бос болғандықтан облыстық партия комитетінен бұл қызметке конкурс арқылы тағайындау туралы пәрмен келді. Ол кездері Мұқаң партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі, мен жауапты хатшының орынбасары болатынмын. Екеуіміз де қатыстық. Белгіленген уақытта бұл саяси іс-шара ұйымдастырылып, тәжірибелі қаламгер жеңіске жетті. Алайда екі күннен кейін Мұқаң мені кабинетіне шақырып алды да:
– Зарап, бұл қызмет жастарға лайық екен. Аптаның бес күні бойы уақытпен санаспай редакцияның барлық жұмысын ұйымдастыру, баспаханамен, телетайппен байланыста болу сенің қолыңнан келетініне сенімдімін, – деп жауапты хатшы қызметін маған ұсынып, қолымды қысты.
2004 жылдың желтоқсан айының соңғы кезі. Бәріміз сол кездің дәстүріне сәйкес Жаңа жыл мерекесін өткізу үшін шырша, балаларымызға сыйлықтар іздеп шабылып жүргенбіз. Бір кезде ешкім күтпеген оқиға орын алды. Шаһардың сол кездегі әкімі облыстық орыс газетінің ішінен мемлекеттік тілде қосымша беттер ашып, оған жергілікті бюджеттің қомақты қаржысын бөлмек болды. Бұл келеңсіз жайтты естіген газетіміздің бас редакторы Жарасбай Сүлейменов оны сол жылдары өңірімізді басқарған Тайыр Мансұровқа жеткізді. Ол бірден шешім қабылдап, “Soltüstık Qazaqstan” газетінің жанынан “Qyzyljar nūry” қалалық қоғамдық-саяси газетін шығару туралы пәрмен берді. Солай бар-жоғы он күннің ішінде ондаған жылдар бойы арман еткен қазақ тіліндегі қалалық газет ашылды. Алғашқы саны 2005 жылдың 1 қаңтарында жарық көрді. Газеттің бас редакторлығына мен, ал орынбасарлығына Мұрат Нұрмұқанов тағайындалды. Осылай біз жеке отау тігіп, өзіміздің штатымыз бар ұжым құрдық. Алла жазса келесі жылы газеттің алғашқы нөмірінің оқырман қолына тигеніне 20 жыл толады. Жуырда газеттің 1000-шы саны жарық көрді. Мұрат аға жаңа газетті шығаруға белсене араласып, арнаулы беттер дайындады, қала өмірінен жаңалықтар топтамасын әзірледі. Қаламы төселмеген жас журналистердің тәлімгері болып, өзінің мол тәжірибесімен бөлісті.
Мұрат ағаның өңір журналистикасының дамуына сіңірген еңбегі ескерусіз қалған жоқ. “Еңбек ардагері” медалімен, “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл”, “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл” мерейтойлық медальдарымен және “Қазақстанның құрметті журналисі” төсбелгісімен, әртүрлі деңгейдегі Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды.
Абзал ақсақал атанып отырған Мұрат ағай зайыбы Төкенай екеуі төрт бала тәрбиелеп өсірді. Өкінішке қарай өмірлік жары, алпыс жылдан астам бір шаңырақ астында түтін түтеткен зайыбы фәни өмірден бақилыққа аттанып кетті. Үлкен ұлы Амангелді Алматының зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын, Қайыргелдісі Қорған қаласындағы ауыл шаруашылығы институтын тамамдаған, екеуі де мамандығы бойынша жұмыс істеп жүр. Қыздары Светлана мен Салтанаттың да арнаулы білімдері бар. Қазір олардың өздері ата-әже атанып отыр. Үлкен шаңырақ немере-шөберенің тәтті күлкісіне бөленген. Мұрат ағай болса алып бәйтеректей ұрпағының ортасында бақуатты ғұмыр кешуде, бес мезгіл намазын қаза қылған емес. Апта сайын редакцияға соғып, газеттерін алады, жас журналистерге ақыл-кеңесін айтады.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.