«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАС ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ АҚЫЛШЫСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Оқушы кезімде де, Петро­павл қаласындағы педагогика институтының физика-математика факультетінде білім алған шақта да, ауыл мектебінде мұ­ғалім болған жылдары да жаз­ғандарым облыстық “Ленин туы” (қазіргі “Soltüstık Qazaq­stan”) га­зетінде жиі болмаса да жарық кө­ріп тұратын. Оның үстіне біздің ауылдағы әскерде бірге болған достарына қонаққа келетін газет тілшісі Жарасбай Сүлейменов (қазір белгілі қоғам қайраткері, жазушы) мені журналист болуға үгіттейтін. Әй­теуір осындай мың себептерді ми қатпарынан тол­ғана өткізген соң, түпкілікті бір шешімге келіп, облыс орталы­ғына жол тарт­тым.

Облыстық газеттің сол кез­де­гі редакторы, белгілі журна­лист Уәп Рақымжанов бозқырау шал­ған шашын салалы саусақ­та­ры­мен түзеп қойып, менің де­рек­терім жазылған қағазды байыптап қарап шықты. Содан кейін бірнеше жанама сұрақтар қойды.

– Бізге сен сияқты жастар қа­жет. Сенің партиялық қызметті жур­налистикаға айырбастағың келетін шешімің түпкілікті еке­ніне сөзіңе қарап иландым. Бі­рақ мен қазір жігіттерді шақы­рып, пікірлерін білейін. Сен осын­да отыра тұр, – деп хатшы қыз арқылы журналистерді ка­би­нетіне шақырды.

Бұрын редакцияға келіп жүргенде Бақыт Мұстафин, Мұрат Нұр­мұ­қанов, Жарасбай Сүлейменов, Мереке Тұралин, Амандық Жан­теміров, Әмір Қожахметов, Мә­лік Мұқанов, Серік Қасенов, Амандық Әбжанов, Болат Қо­жахметов, Қайырбек Баймұ­қа­нов, Зейнолла Әкімжанов сияқ­ты қырық пен елудің арасын­дағы журналистердің әрқай­сы­сымен таныс болатынмын, олар маған қарымды қаламгер, біре­гей тұлға болып көрінетін. Бәрі бірауыздан қолдау білдірген соң мәдениет бөліміне кіші әде­би қызметкер болып қабыл­дан­дым.

Биыл Ұлыстың ұлы күні өзі­нің 85-ші көктемін қарсы алып отыр­ған Мұрат Нұрмұ­қанов аға­мыз редакциядағы бас­тауыш пар­тия ұйымының хатшы­сы екен, маған комсомол ұйымына жетекшілік ету тапсы­рылды. Со­дан ағамыз зейнет демалысына шыққанға дейін бірге қызмет ет­тік. Мұрат ағай 1939 жылы 23 наурызда қа­зіргі Есіл ауданын­дағы Жар­қайың ауылында дү­ние­ге келген. Әлі оңы мен солын танып үлгер­меген кезінде ала­пат соғыс бас­тала­ды. Оның зар­дабын, қиын­шы­лығын көрмеген бірде-бір от­басы болмаған шы­ғар. Ауылдың азаматтары соғысқа аттанады. Елде кемпір-шал, шиіттей бала­лар қалады. Әйелдер болса май­данға кеткен ерлердің ор­ны­на жұмыс істейді.

– Киетін киімге, ішетін тамақ­қа жарымай өстік. Ұжымшар ор­талығынан соғысқа кеткен әке­лердің балаларына аптасына бір рет 1 литр сорпа береді. Оның ішінде ет жоқ, картоп та шамалы, қайнаған суға ұн қос­қан тұзсыз сорпа бола­тын. Үйге әкелген соң тұзы бар үйлер дә­мін келтіріп ішетін. Бұл – енді қа­зіргі жастар үшін ертегі сияқты. Қыста қол­дан тіккен етік кисек, жаз бойы жалаң аяқ жүретінбіз. Күздің қара суығына дейін таба­ны­­мызға шөгір кірмейтін. Таба­ны­­мыз ұл­тан сияқты қалың, жып-жылтыр болатын. Осындай қиын­дықтар­ды көріп өстік және сол жолда шыңдала түстік, – деп еске ала­ды Мұрат ағай бала­лық шағын.

Соғыс аяқталған жылы олар қазіргі Жамбыл ауда­нындағы Баян ауылына қоныс аударады. Әкесі Нұрмұқан мен анасы Мәрмәр жалғыз ұлдарын көзінің қарашығындай қорғап, қиындыққа мойымай өсіреді. Ауылдағы қаймақ айыру бөлім­шесінде жұмыс істейтін ата-анасына оқушы кезінен қолға­быс етеді, оның үстіне үйдегі малды жайлау да оның міндеті болады. Осылай жастайынан ең­бекпен шыңдалып өседі, сол кез­дердің өзінде ауылдағы өнерпаз жігіттердің бірі бола­тын, домбы­рамен ән шырқай­тын, техника тілін жақсы мең­герген еді.

Баян орта мектебін үздіктер­дің қатарында тамамдаған ол үй­дегі кәрі ата-анасына қарайлап, алысқа кете алмай, Пет­ро­павл қаласындағы бухгалтер­лер даяр­­лайтын курсқа түседі. Оны ойдағыдай бітірген соң “Баян” ұжымшарындағы трактор-егіс бри­гадасына есепші болып ор­наласады. Мектеп қа­бырғасын­да жүргенде журналист болуды армандайтын жас маман қолы босаған сәттерде қалам алып, ауыл өмірі туралы облыс­тық, аудандық газеттерге мақа­ла жазатын. Шабыты оянғанда әңгіме, өлең жанрларына да қалам тартатын.

Алға қойған мақсатына қол жеткізбей тынбайтын мінезі бар ол 1961 жылы әсем Алматыдағы Қазақ мемлекеттік универ­си­те­тінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Ол кезде Қазақ­станда журналистер даяр­лай­­тын жалғыз жоғары оқу орнына түсу өте қиын болатын, өйткені бір орынға бірнеше та­лапкер тала­сады. “Бақ шаба ма, бап шаба ма?” дегендей ол бар­лық емти­хандарды жақсы тап­сырып шы­ғады. Алайда отбасы жағ­дайына байланысты оқуын сырттай бө­лімге ауыстырады. Ауылға ора­лып, өзі бітірген Баян орта мек­тебіне мұғалім болып орнала­сады.

Өткен ғасырдың 60-шы жыл­дары биліктің құйтырқы саяса­ты­ның нәтижесінде қазақ тілін­дегі бірқатар облыстық басы­лымдар жабылып қалғаны бел­гілі. Кейін қайтадан ашылды ғой. Мұрат Нұрмұқанұлы 1966 жылы дипломын қолына алғанда об­лыстық “Ленин туы” газеті қайта шыға бастаған екен. Жоғары бі­лімді журналист бірден редак­цияға жұмысқа алы­нады.

Мен қызметке қабылданған жылы Мұрат ағай өнеркәсіп бө­лімінің меңгерушісі, редакция ал­қасының мүшесі болатын. Ол бас­қаратын бөлімнің жұмы­сы өте көп еді. Облыс орталығын­дағы қорғаныс зауытта­ры­ның, ірі өндіріс орындары­ның, құрылыс ұйымдарының басшылық құ­ра­мында қазақ азаматтары сау­сақпен санар­лықтай ғана. Мұ­қаңның қалың дәптері бола­тын. Онда барлық лауазымды тұлға­лардың, ең­бек озаттары­ның есім­дері, телефон нөмір­лері жіпке тізгендей жазулы тұ­ратын. Белгілі бір тақырыпқа газетке мақала жазу керек бол­са, со­ларға бірден хабарла­са­тын және барлығын жақсы та­нитын. Оның қаламынан туған очерк­тер мен сурет­темелер, өткір фельетондар мен сын ма­қала­лар өз оқырмандарын бірден табатын. Газет беттерінде оның ша­ғын әң­гімелері мен өлеңдері де жарық көріп тұрды.

Бұл мақалада Мұқаңның қыз­меттегі екі сәтіне тоқтала кет­кенді жөн көрдім. Өткен ғасыр­дың 80-90-шы жылдарының түйісінде жариялылық, демо­кра­тиялық өзгерістер сияқты ұрандармен бірқатар оқиғалар орын алды. Соның бірі – жоғары лауазымдарға орналасуға кон­курс өткізу. Редакция­дағы жауап­ты хатшының орны бос бол­ғандықтан облыстық пар­тия ко­митетінен бұл қызметке конкурс арқылы тағайындау ту­ралы пәр­мен келді. Ол кезде­рі Мұқаң партия тұрмысы бө­лімінің меңгерушісі, мен жауапты хат­шының орынбасары бо­латын­мын. Екеуіміз де қатыстық. Белгі­ленген уақытта бұл саяси іс-шара ұйымдастырылып, тәжі­рибелі қаламгер жеңіс­ке жетті. Алайда екі күннен кейін Мұқаң мені кабинетіне шақырып алды да:

– Зарап, бұл қызмет жастар­ға лайық екен. Аптаның бес күні бойы уақытпен санаспай редак­цияның барлық жұмысын ұйым­дастыру, баспаханамен, теле­тайппен байланыста болу сенің қолыңнан келетініне сенімдімін, – деп жауапты хатшы қызметін маған ұсынып, қолымды қысты.

2004 жылдың желтоқсан айының соңғы кезі. Бәріміз сол кездің дәстүріне сәйкес Жаңа жыл мерекесін өткізу үшін шыр­ша, балаларымызға сыйлықтар іздеп шабылып жүргенбіз. Бір кезде ешкім күтпеген оқиға орын алды. Шаһардың сол кез­дегі әкімі облыстық орыс газе­тінің іші­нен мемлекеттік тілде қосымша беттер ашып, оған жергілікті бюд­жеттің қомақты қаржысын бөл­мек болды. Бұл келеңсіз жайтты естіген газеті­міздің бас редакторы Жарас­бай Сүлейменов оны сол жылдары өңірімізді басқарған Тайыр Мансұровқа жеткізді. Ол бірден шешім қа­былдап, “Sol­tüstık Qazaqstan” га­зетінің жа­нынан “Qyzyljar nūry” қалалық қоғамдық-саяси газетін шығару туралы пәрмен берді. Солай бар-жоғы он күннің ішінде он­даған жылдар бойы арман ет­кен қазақ тіліндегі қалалық газет ашылды. Алғашқы саны 2005 жылдың 1 қаңтарында жарық көрді. Газеттің бас редакторлы­ғына мен, ал орынбасарлығына Мұрат Нұрмұқанов тағайындал­ды. Осылай біз жеке отау тігіп, өзіміздің штатымыз бар ұжым құрдық. Алла жазса келесі жылы газеттің алғашқы нөмірі­нің оқыр­ман қолына тигеніне 20 жыл то­лады. Жуырда газеттің 1000-шы саны жарық көрді. Мұрат аға жаңа газетті шығару­ға белсене араласып, арнаулы беттер дайындады, қала өмірі­нен жа­ңа­лықтар топтамасын әзір­леді. Қаламы төселмеген жас жур­налистердің тәлімгері болып, өзі­нің мол тәжірибесімен бөлісті.

Мұрат ағаның өңір журна­лис­тикасының дамуына сіңір­ген еңбегі ескерусіз қалған жоқ. “Еңбек ардагері” медалімен, “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл”, “Қазақ­стан Республикасының Тәуел­сіздігіне 25 жыл” мерей­той­лық медальдарымен және “Қазақстанның құрметті журна­лисі” төс­белгісімен, әртүрлі дең­гейдегі Құрмет грамотала­ры­мен, Алғыс хаттарымен марапат­­­талды.

Абзал ақсақал атанып отыр­ған Мұрат ағай зайыбы Төкенай екеуі төрт бала тәр­биелеп өсір­ді. Өкінішке қарай өмірлік жары, алпыс жылдан астам бір шаңы­рақ астында түтін түтеткен зайы­бы фәни өмірден бақилыққа ат­танып кетті. Үлкен ұлы Амангелді Алматының зоотех­ни­калық-мал дәрігерлік инсти­тутын, Қайыр­гелдісі Қорған қа­ласын­дағы ауыл шаруашылығы инсти­ту­тын тамамдаған, екеуі де ма­мандығы бойынша жұмыс істеп жүр. Қыздары Светлана мен Сал­танаттың да арнаулы білім­дері бар. Қазір олардың өз­дері ата-әже атанып отыр. Үл­кен ша­ңырақ немере-шөберенің тәт­ті күлкісіне бөленген. Мұрат ағай бол­са алып бәйте­ректей ұрпағының ортасында бақуатты ғұмыр ке­шу­де, бес мезгіл намазын қаза қылған емес. Апта сайын редакцияға соғып, газет­терін ала­ды, жас журналистерге ақыл-кеңесін айтады.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp